Accessibility links

Шалғай ауылдағы берекелі тіршілік


Жаңаарық тұрғыны Болатбек Сейітбеков. Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, 25 маусым 2014 жыл.
Жаңаарық тұрғыны Болатбек Сейітбеков. Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, 25 маусым 2014 жыл.

Елдің қиырында, Қызылорда облысында Жаңаарық ауылдық округі бар. Мұндағы жұрттың біразы қалаға көшіп кеткен. Ауылда қалған азаматтар мемлекетке иек артпай, шағын кәсіппен айналысып отыр.

Қызылорда облысындағы Жаңаарық ауылдық округінде 2 мың 600-дей адам тұрады. Әрқайсысының дәтке қуат тірлігі бар. Мұндағы жандар мал өсіреді, негізінен ешкі, жылқы және түйе ұстайды. Округте меншік балабақша, шағын наубайхана, шәкірттері үш ауысыммен оқитын мектеп жұмыс істейді. Алайда мұнда аурухана жоқ, әкімдіктің жеке ғимараты болмай тұр.

Жұрттың біразы әлдеқашан қалаға көшіп кеткен. Ауылда қалған жандар қолындағы малымен, басқа да ұсақ кәсібімен күн көріп отыр. Жаздай көкөніс пен жеміс өсіреді. Оны қыста сатады. Ерлердің көпшілігі Жаңаарықтан 18 километр жердегі Қорасан ауылы маңындағы уран кен орнында жұмыс істейді.

Ауылдық округтегі проблемалардың бірі - ауызсу тапшы. Егістік пен малды жұрт Сырдариядан суғарады. Ауызсу үшін тұрғындар ай сайын алты мың теңге (33 доллардай) төлейді.

БОЛАТБЕКТІҢ ӘУЛЕТІ

Жергілікті тұрғындардың бірі – Болатбек Сейітбеков 1957 жылы осы ауылда туған. Қызылорда техникумын зоотехник мамандығы бойынша бітірген соң, ауылға оралды. Бала-шағасымен осында тұрып жатыр.

Жаңаарықтағы қораның бірі. Қызылорда облысы, 26 маусым 2014 жыл.
Жаңаарықтағы қораның бірі. Қызылорда облысы, 26 маусым 2014 жыл.

Болатбектің ата-анасы - оқымаған, қарапайым жандар еді. Болатбектен кейін үш қыз бен бес ұл туған. Ол техникумда оқып жүргенде, ата-анасының қыстық етік әперетін, болмаса жол ақшасын беретін жағдайы болмаған. Болатбек қалада кешкісін вагоннан көмір түсіріп, қосымша табыс табатын. Жастайынан өз күнін өзі көрген.

Туған ауылына оралған соң ол ауылшаруашылығы саласына жұмысқа тұрды. Тракторлар мен істен шыққан ауыл техникасын жөндейтін. Кейде мал дәрігерінің де жұмысын атқара беретін. Ол тапқан-таянғанын іні- қарындастарының оқуына жұмсады. Өстіп жүргенде көрші ауылдың Әнипа есімді аруымен танысып, шаңырақ көтерген.

Үйленген соң алдымен өзіне, сонан соң барлық бауырларына үй салды. Ол үйлер бір-біріне жақын орналасқан. Болатбек Сейітбеков Азаттық тілшісіне:

- Әкеміз бізді алысқа ұзатқысы келмеді, сондықтан барлығымыз қатар қондық. Мардымсыз жалақыма цемент, құм - үй салуға қажеттінің барлығын алдым. Әйтеуір салып шықтым ғой, - деді.

Болатбек бес бала тәрбиелеп өсірді. Үлкен ұлы мен екі қызы қазір үйлі-баранды, бөлек тұрады. Әкелері балаларының барлығына да жоғары білім беруге тырысқан. Болатбектің сегіз немересі бар.

НЕ ЕКСЕҢ, СОНЫ ОРАСЫҢ

Болатбек Сейітбеков кәсіпкерлікпен 2012 жылдан бері айналысады. Мемлекеттен 250 гектар жерді күріш өсіруге деп, 650 гектар жерді жайылымға деп, жалға алған. Күрішті жақын жердегі Түркістан қаласында көтерме бағамен - килограмы жүз теңгеден сатады. Жеке шаруашылығында - 15 жылқы, 10 сиыр, 25 қой мен 18 ешкі бар.

Жаңаарық мектебі. Қызылорда облысы, 25 маусым 2014 жыл.
Жаңаарық мектебі. Қызылорда облысы, 25 маусым 2014 жыл.

- Ауылдық округте техниканың көбі ескі, жаңасын алуға шамасы келетіндер аз. Егін жинау кезінде жанармай қатты қымбаттап кетеді. Алайда біз үшін қазір қиын мәселе зауыт болып тұр. Оны осы жуырда салды. Содан жаман иіс шығады. Жұрт ішінде аллергиялық аурулар пайда болды, ал мал болса, қырылып жатыр, - дейді ол Азаттыққа.

Бірақ Болатбек қиындыққа бала кезінен үйренген. Ешқашан қос-қостан киім алуды жөн көрмепті. Еңбекқор, болашақта да еңбегіне ғана жалынбақ. Өз қаражатына ауыл тұрғындарына мешіт салуға көмектескен екен. Арагідік Болатбек дана ойларын да айтып отырды. Соның бірі - «Адам рухани бай болуы тиіс, ал дүние байлығын о дүниеге әкетпейсің».

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG