Accessibility links

Шекарадан көшірілген тұрғындар шалғай ауылға қоныстанған


Көмекбаев ауылының тұрғындары
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:51 0:00
Жүктеп алу

Көмекбаев ауылының тұрғындары

Облыс орталығы Қызылорда қаласынан 250 километр, Қармақшы ауданының орталығы Жосалы кентінен 150 километр жерде, Көмекбаев ауылында Өзбекстанмен шекаралас өңірден көшкен 30 отбасы тұрады.

Тәйімбет Көмекбаев ауылына «Жұмыспен қамту–2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша шалғайдағы ауылдардан көшіп келген тұрғындар өздерін «оралманбыз» деп есептейді.

Байырғы тұрғындар да ауылдың шетінде өз алдына бір көше болып оқшау тұрған, әрқайсысы екі пәтерлі 15 үйдегі 30 әулетті «Оралмандар ауылы» деп атайды.

«ОЛАР – ОРАЛМАНДАР ЕМЕС, ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТТАРЫ»

Бұл 30 отбасы шекара демаркацияланбай тұрғанда Өзбекстанның Қарақалпақстан автономиялы республикасына қараған, кейін Қазақстанға тиесілі Көмекбаев атындағы ауылдық округіне қосылған Кекірелі және Шобанқазған ауылында өмір сүрген. Шекара сызығы жүргізілгеннен кейін ауылдары Қазақстанға өткен ол азаматтар Қазақстан азаматтығын алған.

– Жұмыс таппай отырған бұл ауылдың тұрғындары келешегі жоқ елді мекендерді көшіру туралы мемлекеттік бағдарламасы бойынша Көмекбаев ауылына көшірілді. Шобанқазғанда әлі 30 үй, Кекіреліде 13 үй бар. Жеті-сегіз үйдің бір-бір адамын мектепке жұмысқа тұрғыздық. Қалғандары бос, малмен шұғылданады, – дейді Көмекбаев ауылы әкімінің міндетін атқарушы Жүрген Маңмұрынов.

Көмекбаев ауылының тұрғындары. Қызылорда облысы, 16 шілде 2013 жыл.
Көмекбаев ауылының тұрғындары. Қызылорда облысы, 16 шілде 2013 жыл.
Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары Әділ Қошалақов, Көмекбаев ауылына көшіріп әкелген адамдар «оралман» деп саналмайтынын, олар Қазақстан азаматтары екенін айтады.

– Шобанқазған аудан орталығынан 400 километр жерде, шалғайда жатыр. Үкімет қаулысына сәйкес біздің облыс бойынша белгіленген 20 елді мекеннің бірі. Сондықтан «Жұмыспен қамту–2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша көшірдік. Көшер алдында аталған ауылдарға өзім барып, «Жосалы кентіне немесе басқа да тұрмысы тәуір өңірлерге көшіңдер» деп үгіттедім. Тіпті Қызылорда қаласына да шақырдық. Сегіз отбасы Қызылордаға кетті. Қалғандары «ата-бабамыздың жері әрі малымызға ыңғайлы» деп сол жерден кеткісі келмеді. Сондықтан үйді Көмекбаев ауылынан салып бердік, – дейді Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары Әділ Қошалақов.

«ӨКІМЕТТІҢ ҮЙІ»

Екі шетінен екі есік шығарылған 15 үй 30 пәтерге арналған. Көбінің алдына бір-бір ескі киіз үй тігілген. 15 үй бір-бірімен қандай ұқсас болса, әрқайсысының алдында шошайып жалғыз тұрған 15 дәретханада да сондай ұқсас – бәрі бір стандартпен салынған. Жергілікті жұрт бұларды «өкімет үй», «өкімет туалет» деп атайды. Кейбір үйлердің алдынан жан-жағы тормен қоршалып, сексеуіл томармен бастырылған, ішінде 10-15 тауығы бар қораны көруге болады.

Көмекбаев ауылындағы тұрғындар. Қызылорда облысы, 16 шілде 2013 жыл.
Көмекбаев ауылындағы тұрғындар. Қызылорда облысы, 16 шілде 2013 жыл.
​Бау-бағы жоқ, жан-жағы қоршалмаған тақыр жерде басқа тіршілік белгісі білінбейді. Оңтүстіктің аптап ыстығында күн көтеріле үйге кіріп кететін «Оралмандар ауылы» тұрғындарының кейбірі Азаттық тілшісі барғанда үй артындағы қысқа көлеңкеде отырды.

Бүркітбай Исаев атты жасы елулер шамасындағы кісінің айтуынша, «бұл көшеде тұратын 30 отбасы – Қазақстан мен Қарақалпақ шектесетін жердегі, шекара демаркацияланбай тұрғанда Қарақалпақстанға қараған, кейін Қазақстанға тиесілі болған Шобанқазған ауылынан көшіп келген оралмандар».

– 2005 жылы квотамызды алып, Көмекбаев ауылына көшіп келдік. 2012 жылы мына үйді салып берді – сапасы жақсы, өкіметке рақмет. Шобанқазғанда мектебіміз жоқ еді, мұнда мектебіміз де, ауруханамыз да бар. Біреудің күндік жұмысын істейміз. Бірді-екілі малымызды сатып, Алматыда екі баламды оқытып отырмын. Енді өкімет жұмыс беретін шығар деп күтіп отырмыз, – дейді Бүркітбай Исаев.
Көмекбаев ауылында кесек құйып жатқан тұрғындар. Қызылорда облысы, 16 шілде 2013 жыл.
Көмекбаев ауылында кесек құйып жатқан тұрғындар. Қызылорда облысы, 16 шілде 2013 жыл.

Бірақ ол «өкіметтің» қандай жұмыс тауып беретінін де білмейді. Өйткені Көмекбаев ауылының байырғы тұрғындары да Азаттық тілшісімен сөйлескен кезде «ең басты мәселе – жұмыссыздық» екенін айтты.

​«Өкімет жұмыс тауып берер» деп сеніп жүрген жұмыссыздардың бірі, Шобанқазғаннан Көмекбаев ауылына көшіп келген Үмәрәддин Оңдасбаев Қазақстан азаматтығын 2002 жылы алған.

– Шекара Шобанқазғандағы біздің үйден бір жарым шақырым жерден өтті. Көшуге деп 6 адам үшін 53 мың теңге жәрдем алдым. Мына үйге айына 3 мың 850 теңге төлеп тұрамыз. Бір жылға келісім жасастық. Әзір үй – өкіметтікі, кейін кімдікі болары белгісіз, – дейді ол да.

Өздерін «оралманбыз» деп таныстырған ақсақалдар Нағашыбай Қисықов пен Жетпіс Бадановтың айтуынша, олардың Көмекбаев ауылына көшіп келуіне «туыстық ілік-шатыстығы» себеп болған. «Ағайын, құда-жегжат осы жерде болғасын осы ауылға келдік» дейді олар.
Көмекбаев ауылындағы оралмандардың шатырын жел ұшырған үйі. Қызылорда облысы, 16 шілде 2013 жыл.
Көмекбаев ауылындағы оралмандардың шатырын жел ұшырған үйі. Қызылорда облысы, 16 шілде 2013 жыл.

Азаттық тілшісінің жанына жиналған бір топ адам «үйлердің сапасы жақсы екенін, бірақ биыл көктемде салынған кейбірінің іргесіндегі суағар цементтер үгіліп, сынып жатқанын» айтып, үй аралатып көрсетті.

Көше бойында тұрған жаңа үйдің бірінің шатыры көтеріліп, жарамсыз болып қалған екен. Үй иесі Құралай Серікбаеваның айтуынша таяуда соққан дауыл 15 минут ішінде шатырды көтеріп, орнына жылжытып жіберген.

Бес баласы бар (үлкені – 14 жаста, кішісі – бір жарым жаста) Құралай Серікбаева «ауданнан адамдар келіп, акт жасап кеткенін» айтты.

Шатырды желдің қалай ұшырғанын анасының жанында бес литрлік минералды судың киізбен қапталған пластмасса ыдысымен су тасып жүрген жеті жасар Темірлан да жарыса баяндады.
Су тасып жүрген Темірлан.
Су тасып жүрген Темірлан.

Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары Әділ Қошалақовтың айтуынша, Көмекбаев ауылына салынған 15 үйдің әрбірінің құны – шамамен 7 миллион теңге.

Ал ауыл тұрғындарының айтуынша, мұндағы ең жаңа және тәуір үй 2,5 миллион теңгеге де өтпеген.
XS
SM
MD
LG