Accessibility links

Қазақстан католиктері Рождествоны мерекеледі


Алматыдағы қасиетті үштік епархиясының епископы Хосе Луис Мумбиела Сиерра Рождество мерекесіне арналған мессаға келгендерге бата беріп тұр. Алматы, 24 желтоқсан 2012 жыл.
Алматыдағы қасиетті үштік епархиясының епископы Хосе Луис Мумбиела Сиерра Рождество мерекесіне арналған мессаға келгендерге бата беріп тұр. Алматы, 24 желтоқсан 2012 жыл.

Әлем христиандарының ауқымды бөлігі Ғайса пайғамбардың туған күнін тойлап жатыр. Қазақстандағы католиктер де бұл мерекені шіркеуде өткен салтанатты мінәжатқа қатысып қарсы алды.

Алматыдағы католиктер шіркеуінде дүйсенбінің кешінде жұрт әдеттегіден көбірек жиналды. Ғибадатханаға кірген бойда оң аяғын бүгіп, шоқынып жатқандардың арасынан түрлі ұлт пен нәсілдің өкілдері кездеседі.

МЕРЕКЕЛІК МЕССА

Шіркеуге жұбайы және үш жасар баласымен келген Александр өздері үшін бүгінгі мінәжатқа қатысудың маңызды екендігін айтты.

– Біз отбасымызбен қасиетті мейрам – Рождество қарсаңындағы мінәжатқа арнайы келдік. Әйелім Светлана екеуміз католик дінін ұстанамыз. Дмитрий есімді ұлымызды осы салтанатты мессаға арнайы алып келдік, – деді Александр Азаттық тілшісіне.

Діни дәстүр бойынша, Рождество қарсаңында, яғни желтоқсанның 24-і күні католиктер «сочельник» мейрамын атап өтті. Бұл күні олар тағамға тек бидай немесе арпа дәнінен жасалған арнайы дәмді пайдаланады. Ал кешкі аспанда алғашқы жұлдыз туған сәттен бастап әлемдегі католиктер мен протестанттардың храмдарында мерекелік салтанатты месса басталады. Католиктер үшін оған қатысу - міндетті.
Алматыдағы қасиетті үштік епархиясының шіркеуінде Рождество мерекесіне арналған мінәжат. 24 желтоқсан 2012 жыл.
Алматыдағы қасиетті үштік епархиясының шіркеуінде Рождество мерекесіне арналған мінәжат. 24 желтоқсан 2012 жыл.

Алматыдағы католиктер шіркеуінің іші Рождество мерекесіне арнайы безендірілген: бір бұрышта нәресте Ғайсаның дүниеге келген сәтін бейнелейтін қуыршақ мүсіндер, түрлі-түсті шамдар ілінген шырша қойылған.

Жергілікті уақытпен сағат 21-де басталған салтанатты мессаны Алматыдағы қасиетті үштік епархиясының епископы Хосе Луис жүргізді. Қарт адамдар мен жастардан құралған шіркеу хоры құдайды мадақтап ән шырқады. Бір жарым сағатқа созылған мерекелік месса барысында "адам баласы күнәлі жаман іс-қылықтардың құлы болудан арылу арқылы ғана рухани азаттыққа қол жеткізе алатыны, сенім орнаған жүрек мейірім мен ізгілікке жол бастайтыны" айтылды.

Бұл түні әлемдегі барша католиктер мен протестанттар Рождествоны атап өтті. Ғайса пайғамбар дүниеге келген деп саналатын Йордан өзенінің батыс жағалауындағы Вифлеемге жиналған мыңдаған адам қасиетті мерекелерімен бір-бірін құттықтады. Ватикандағы Әулие Петр соборында Рим папасы XVI Бенедикт Рождествоға арналған жолдауын оқып, барша жұртты бейбітшілікке шақырды.
Халықтың басым бөлігі христиан дінін ұстанатын елдерде Ғайса пайғамбардың дүниеге келген күні – Рождество мерекесі демалыс күні ретінде белгіленген. Христиандар Ғайсаны құдайдың ұлы, адамзатты құтқарушы деп түсінеді, ал мұсылмандар оны Мұхаммедке дейінгі пайғамбарлардың бірі деп санайды.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ КАТОЛИК ШІРКЕУІ

Қазақстандағы католик шіркеуі - Рим католик шіркеуінің құрамдас бөлігі. Алматыдағы католик епархиясының басшысы Хосе Луистің сөзінше, елде католик дінін ұстанатындардың жалпы саны халықтың бір пайызынан сәл асады – шамамен 150 мың адам.

Қазақстанда 1998 жылдан бері тұратын Испания азаматы Хосе Луис Мумбиела Сиерра 2011 жылы Рим папасының шешімімен Алматыдағы қасиетті үштік епархиясының епископы қызметіне тағайындалған. Дәстүрлі католик дінін ұстанатын елдің өкілі Қазақстан халқының советтік тоталитарлық идеология құрсауынан арылып, дінге бет бұруы тәуелсіз мемлекеттің іргетасын нығайту ісімен қабаттаса жүріп жатқанын айтады.
Алматыдағы қасиетті үштік епархиясының шіркеуінде Рождество мерекесіне арналған мінәжат. 24 желтоқсан 2012 жыл.
Алматыдағы қасиетті үштік епархиясының шіркеуінде Рождество мерекесіне арналған мінәжат. 24 желтоқсан 2012 жыл.

– Совет билігі адамдарды діннен ажыратуға барын салды, оның салдары әлі күнге байқалады. Сонымен бірге коммунизмді ұран еткен қоғамнан капиталистік қатынастарға бет бұрған қазіргі заманда әлемде адамдардың, әсіресе жастардың бағыт-бағдар таңдауда материалдық байлықты қуамын деп рух азаттығын жоғалтып алмауы маңызды, – дейді епископ.

Оның айтуынша, католик шіркеуі Қазақстан үкіметінің толеранттық, діндер мен конфессиялардың өзара татулық пен сыйластыққа негізделген саясатын оң қабылдайды. Епископ діни радикализм тек қана тұйыққа тірелетін жаңсақ жол екенін айтады.

Орталық Азияға алғашқы католик миссионерлердің 13-ғасырда келгені туралы тарихи деректерде айтылады. Бұл аймақты мекендейтін халықтар мен олардың салт-дәстүрі жайлы мәліметтер Плано Карпини, Гильом де Рубрук, Джованни Монтекорвино сынды осы өңірге діни миссионерлік мақсатпен келген саяхатшылардың жазбаларында сақталған. Сонымен бірге тарихшы мамандар орта ғасырлардан қазіргі заманға жеткен мәдени мұра – қыпшақ тілінің сөздігі «Кодекс куманикусті» құрастыруға да сол діни миссионерлердің үлес қосқанын айтады.

Дін өкілдерінің айтуынша, Қазақстан жеріндегі алғашқы католик храмын осыдан бір ғасыр бұрын Петропавловск қаласында жер аударылған поляктар мен немістердің ұрпақтары тұрғызған. Ал 1922 жылы совет билігі діни қызметші мен қауымдастықтың бірнеше өкілін храмның іргесінде атып өлтіріп, ғибадатхананы қалалық қоймаға айналдырған. Тек 20-ғасырдың соңында ғимаратты мемлекет католиктер қауымдастығына қайтарып берді. Қазір ол бұрынғыдай құдайға құлшылық жасалатын орынға айналған.

Қазақстандағы рим-католик шіркеуінің интернет сайтындағы ақпарат бойынша, Қазақстанда осы шіркеуге қарайтын 77 діни бірлестік жұмыс істейді. Рим католиктерінен өзге Қазақстанда грек католик шіркеуінің қауымдастығы да тіркелген.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG