Accessibility links

Ұялы телефондарды кәдеге жарату жобасы


Жарамсыз ескі ұялы телефондар мен калькуляторлар. (Көрнекі сурет)
Жарамсыз ескі ұялы телефондар мен калькуляторлар. (Көрнекі сурет)

Жергілікті БАҚ «Қазақстанда ұялы телефондарды кәдеге жарату үшін жинайтын арнайы контейнерлер қойылады» деп хабарлаған еді. Бірақ жоба авторлары «журналистер асығыстық жасаған» дейді.

Сәуірдің аяғында қоршаған орта және су ресурстары министрлігі өкілдері Қазақстандағы БҰҰ даму бағдарламасы және Samsung Electronics компаниясымен ескі ұялы телефондарды жинау үшін сауда орындарында экобокстер орнату туралы меморандумға қол қойған.

Азаттық тілшісі мұндай экобокстердің кейбір қалаларда ғана орнатылатынын анықтады.

ЖОБА БАР, ЭКОБОКС ЖОҚ

Алматылық тұрғын Бекжан Байғонов жеке меншік компанияда жұмыс істейді.Ұялы телефондарды қайта өңдеп, кәдеге жарату жобасы жайлы естігенімен, ол Алматы қаласындағы тұрғылықты ауданынан экобокстерді таппаған.

"Ұялы телефон сататын ірілі-ұсақ орындардың бірінде де экобокс жоқ. Бүкіл қаланың бір жерінде де орнатылмаған. Жар салып жарнамалаған жобадан әлі хабар жоқ" дейді Бекжан Байғонов Азаттық тілшісіне.

Елде жиналған электронды қалдықтардың нақты көлемін ешкім білмейді. Қазақстанда айына 120-140 мың ұялы телефон сатылады. Сәуір айының аяғында Алматыда өткізген баспасөз жиынында қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров осындай деректер келтірді. Бірақ істен шыққан
Электроника мен тұрмыстық техника дүкенінде. Шымкент, 11 ақпан 2014 жыл.
Электроника мен тұрмыстық техника дүкенінде. Шымкент, 11 ақпан 2014 жыл.
электронды техника қоршаған орта мен адамдардың денсаулығына зиян келтіріп, кәдімгі полигондар мен қоқыс қалдықтары жатқан орындарға тасталады.

Жергілікті БАҚ қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаровтың «Егер электрондық қоқыс қалдықтарын кәдеге жаратуды қолға алмасақ, мұның зардабы жаман болады. Қоқыс шелегіне тасталған бармақтай батарейка 20 шаршы метрге жуық жерді ауыр металмен ластайды» деген сөздерін жариялады.

Азаттық тілшісі ұялы телефон сатылатын бірнеше орынды аралап шыққанымен, экобокс орнатылған жерді таба алмады.

Алматы қаласындағы электронды және тұрмыстық техника сататын «Планета электроники» ірі сауда желісі бөлімінің бастығы Игорь Лидің Азаттық тілшісіне айтуынша, ұялы телефон сататын орындарда экобокстер әлі орнатылмаған.

Алматы қаласы экология департаментінің бөлім бастығы Бейбіт Дүйсеновтің айтуынша, проблема бар, жоба жарияланған, бірақ экобокстерді орнату үшін уақыт керек.

ҚАРЖЫЛАЙ ЫНТАЛАНДЫРУ МЕН ҚОЛДАУ

«Зеленое спасение» экологиялық қоғамының жобалар менеджері Светлана Спатарь Азаттық тілшісіне «жоба туралы министр Қаппаровтың мәлімдемесінен өзге ешқандай ақпарат таба алмадық» дейді.

«Қоқыс қалдықтарын басқару жүйесі» туралы заң жобасы халықаралық ұйымдардың қолдауымен 10 жыл бұрын құрастырылған, бірақ әлі қабылданған жоқ. Жар салып хабарлайды, ал нақты шаруа істелмейді. Енді ғана құрастырылып жатқан жоба жайында жар салудың қажеті не? Өкінішке орай, экологиялық қоғам ретінде хабарлассақ, ешкімнен комментарий ала алмаймыз. Мұндай жобаларды сынамай, қолдағымыз келеді. Бірақ ел заңдарында олар анықтап жазылмаған" дейді Светлана Спатарь Азаттық тілшісіне.

Светлана Спатарь қоқыс қалдықтары арнайы полигондарда қайта өңделіп, кәдеге жаратылуы тиіс екенін, аталмыш акция дер кезінде ұйымдастырылғанын" айтады.
Жезқазған қаласындағы тұрмыстық қалдық-қоқыс. 13 тамыз 2013 жыл.
Жезқазған қаласындағы тұрмыстық қалдық-қоқыс. 13 тамыз 2013 жыл.


Алматыда тұрмыс қалдықтарын қайта өңдеп, кәдеге жаратумен айналысатын мекемелер бар, бірақ олар жеке тұлғалармен жұмыс істеуге құлықсыз.

Экологиялық қоғам қызметкерінің пайымдауынша, азаматтарды бұл шаруаға тарту үшін қаржылай ынталандыру қажет. Жұрт денсаулыққа зиянды заттарды сол кезде ғана қоқыс жәшіктеріне лақтыра салмайтын болады. Еуропа елдеріндегі сияқты қоқыс қалдықтарын қабылдайтын компаниялар оларды екінші қайтара өңдеуге жіберіп, табыс табуына болады.

Ұялы телефондарды қайта өңдеп, кәдіге жарату жобасы авторларының бірі – Қазақстандағы БҰҰ даму бағдарламасы жобасының үйлестірушісі Салтанат Баешованың Азаттық тілшісіне айтуынша, қазір экобокстердің дизайны дайындалып жатыр. Оның айтуынша, жергілікті журналистер Нұрлан Қаппаров қатысқан баспасөз жиынынан дұрыс ақпарат таратпаған.

"Экобокстер тек екі қала – Астана мен Қарағанды қалаларында ғана орнатылады. Бұл - пилоттық жоба. Ақпарат құралдарына мониторинг жасап едік, журналистердің ақпаратты дұрыс бермегенін көрдік. Экобокстер бүкіл елге орнатылмайды. Бұл жобаның демеушісі - Samsung Electronics компаниясы, мемлекеттік бюджеттен ақша бөлінбейді. Үкімет те қаржылай қолдаса жақсы болар еді" дейді Салтанат Баешова Азаттық тілшісіне.

Samsung Electronics компаниясының «Экоөңдеу» бағдарламасында ұялы телефонның күрделі техникалық құрылғы екені, оны көмгенде қоршаған ортаға орны толмас зардап келетіні жазылған. Ал орманды алқапта бұл – екі ағаш, екі көртышқан, бір кірпі және мыңдаған жауынқұрттың мекені. Телефон ішіндегі қорғасын, мырыш сияқты басқа да қауіпті заттар әуелі топырақ, жер асты сулары мен өзендерге, кейін өсімдіктер мен жануарларға, ақыры адам ағзасына түсуі мүмкін. Сондықтан дамыған елдерде істен шығып, жарамсыз болып қалған ұялы телефондарды тұрмыс қалдықтарынан бөлек жинап, бөлек өңдейді.
  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG