Accessibility links

Сирияға Орталық Азиядан барған жиһадшылар


«Сирияға аттанған қазақ жиһадшылар» туралы YouTube сайтындағы видеодан скриншот.
«Сирияға аттанған қазақ жиһадшылар» туралы YouTube сайтындағы видеодан скриншот.

Сирия «қасиетті соғысқа» баруға ынталы шетелдік жиһадшыларды магниттей тартатын жерге айналды. Соңғы жылдары ол жақта Орталық Азиядан шыққандар да жиі көзге түсе бастады.

Биыл жазда ұлымен соңғы рет телефон арқылы сөйлескен Мехрибонның аналық жүрегі қасірет шегіп келеді.

2011 жылы оның ұлы бес досымен бірге Қырғызстанның оңтүстігіндегі туған ауылы Созақты тастап, жұмыс іздеп Мәскеу маңына кеткен еді.

СИРИЯҒА МӘСКЕУ АРҚЫЛЫ КЕТКЕНДЕР

Бұдан бес ай бұрын телефон арқылы тілдескенде Мехрибон алты жігіттің Ресейден кетіп, пайда табу мақсатында «Әл-Қаида» тобына қосылғанын, Сирияда президент Башар Асадтың режиміне қарсы соғысып жатқанын білді.

– Бастапқы айда ол аздаған ақша салды, содан кейін хабарсыз қалды. Соңғы рет 5 ай бұрын сөйлестік. Ол өте ұзақ нөмір болатын. Біз қоңырау шалғанда ешкім көтермеді. Полиция, қауіпсіздік қызметкерлерінен көмек сұрадық. Ұлым хабарласқан телефон нөмірін бердім. Ол маған: «ораламын» деп айтты, - дейді Мехрибон.

Басқа жігіттердің ата-аналары да осындай оқиғадан соң Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетіне хабарласты. Олар ұлдарының қазір қайда екенін білмейді, біреулер өлтіріп тастады ма деп қорқады. Ұлдарын Орталық Азияның кішкентай ауылынан Сириядағы азаматтық соғысқа әкеткен тағдырдың тәлкегіне налиды.
Сириядағы көтерілісшілер қатарында соғысып жүрген белгісіз азиялықтар. Интернетте жарияланған сурет.
Сириядағы көтерілісшілер қатарында соғысып жүрген белгісіз азиялықтар. Интернетте жарияланған сурет.
Қырғыз шенеуніктері оларды Мәскеуге барған соң орыс тілді салафи бағытындағы жиһадшылардың қармағына түсіп, Түркия арқылы Сирияға аттанған дейді. Бірақ Ресейдің Солтүстік Кавказ аймағынан шыққан әсіредіншілдер «Әл-Қаиданың» бір тармағы ғана, олар Сирияға әскерилерді Орталық Азия ғана емес, бүкіл әлемнен тасып жатыр.

Rand Corporation стратегиялық зерттеу орталығының аға кеңесшісі Майкл Дженкинс қараша айында АҚШ конгресі алдында Сириядағы бүлікшілердің арасында 6-8 мың шамасында шетелдік бар деп мәлімдеді. Оның айтуынша, олардың көбі жақын маңдағы араб елдерінен келген. Солтүстік Африка мен Еуропадан келіп жатқандар да аз емес.

«Оларды негізінен «Әл-Қаидаға» қатысы бар Парсы түбегіндегі мұсылман елдер қаржыландырып отыр. Ақшаны ауқатты адамдар, жеке тұлғалар береді» деді Дженкинс.

ИДЕОЛОГИЯ АРҚЫЛЫ ТАРТУ

Салыстырмалы түрде алғанда Сирияда Орталық Азиядан келген жауынгерлердің саны көп емес. Бірақ 2013 жылы Орталық Азиядан шыққан жиһадшылар «Әл-Қаиданың» Әл-Нусра майданы сияқты салафитшыл топтарына қосылып, көзге түсе бастады. Олардың радикалдық ұйымға енуі және Сирияға аттану жолдары күрделі әрі ашылмаған тұстары көп.

Қырғызстан мен Қазақстандағы қауіпсіздік органдарының пікіріне сенсек, салафиттік топтар жұмыссыз, тірлігіне наразы адамдарды өзіне тартады. Ресейлік және Орталық Азия билік өкілдері «Хизбут-Тахрир» мен «Таблиғи жамағат» сияқты белгілі салафиттік ұйымдарды жиі айыптайды. Бірақ бұл топтар сунниттік ағымдағы жиһадшыларға қатысы бар екенін жоққа шығарады.

Вашингтондағы Jamestown Foundation (Джеймстаун қоры) үкіметтік емес ұйымының терроризм жөніндегі сарапшысы Якоб Зенн бұл салафиттік топтардың «Әл-Қаидаға» қатысы бар екеніне сенбейді.

– «Хизб ут-Тахрир» бұл жерде негізгі рөл ойнайды деуге болмас. Үкімет оларды жиі айыптап жатады, бірақ мен бұл ұйымның қатыгез шабуылдарға қатысы бар екені туралы деректерді аз кездестірдім, - дейді ол.
Сирияның Алеппо қаласы маңында ұрысқа қатысып жүрген «Жабхат әл-Нусра» жиһадшылар тобының жауынгерлері. 4 сәуір 2013 жыл.
Сирияның Алеппо қаласы маңында ұрысқа қатысып жүрген «Жабхат әл-Нусра» жиһадшылар тобының жауынгерлері. 4 сәуір 2013 жыл.
Осы мәселе бойынша АҚШ конгресінде сөйлеген Зенн Азаттыққа салафиттік идеологтар мен әсіредіншіл жиһадшылардың арасында айырмашылық бар екенін айтты. Бірақ ол «Әл-Қаидаға» қосылатындардың алдымен салафиттік идеологияны қабылдайтынын растайды.

– Жиһадшыларға тән басты бағыт – салафиттік идеологияны тарату, басқаларды соны ұстауға мәжбүрлеу. «Хизб ут-Тахрир» мен «Таблиғи жамағат» сияқты топтардың болғаны жиһадшылардың жұмысын жеңілдетеді. Кейін сол ұйым мүшелерін зорлық-зомбылық жасаушыларға айналдыра салады, - дейді сарапшы.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ НҰРЛАННЫҢ ТАҒДЫРЫ

Якоб Зеннің пікірінше, салафиттік идеология Қырғызстанның оңтүстігінде өркен жайып келеді. Бірақ негізінен Орталық Азиялық жиһадшылар Түркия, Парсы түбегінің елдері, Ауғанстан, Пәкістан мен Ресейдің сунниттер көп тұратын аймағына барған соң радикалдық бағытты ұстанады дейді ол.

Қазақстанның оңтүстігіндегі Жетісай қаласының тұрғыны Орынбасар Қаматаевтың ұлы Нұрлан да солардың бірі. Қазан айында "Сириядағы қазақ жиһадшылар" туралы видеодан немерелерін таныған Қаматаев есеңгіреп қалды. Ол көріністі «Әл-Каида» ұйымының «Ирак және Левант ислам республикасындағы» қазақ жиһадшылар түсірген. Қаматаев ұлының бірнеше жыл бұрын діншіл болмағанын айтады.

Нұрлан жұмыс істеген құрылыс фирмасы банкротқа ұшыраған соң ол тіркелмеген салафиттік топқа мүше болады.

– Екі-үш айдың ішінде өзгеріп шыға келді. Қателеспесем, 2012 жыл болса керек, ол намазға жығылып, Құранды күні-түні оқи бастады. Мен оған: «Неге бұлай істейсің? Қаласаң, намаз оқы. Бірақ неге күні-түні жалбарынасың? Молда болайын дедің бе?» деп ұрыстым. Ол «жолым болмаған соң Құдайға ғана сенемін» деді. Бұдан кейін менімен сөйлесуден бас тартып, бізбен арақатынасын үзді, - дейді әкесі.

Қаматаевтың айтуынша, Қазақстандағы салафиттік топтар сол жақтан жұмыс табуға көмектесеміз деген соң Нұрлан әйелі мен үш баласын алып Таяу Шығысқа аттанады. Нәтижесінде атасы немерелерінің Сирияда жүргенін видеодан көрді. Басқа да ондаған жиһадшылардың туыстары Азаттыққа осындай жайттарды айтып берді. Олардың бәрі жұмыс істеуге немесе діни білім алуға Түркия, Сауд Арабиясы, Катарға кеткендер. Қазақстаннан ұзаған соң олардың әсіредіншілдік ұстанымы күшейе береді.

«Сириядағы қазақ жиһадшылар» туралы Азаттық фотогалереясы


ӨЗБЕКСТАННАН БАРҒАН ЖИҺАДШЫ

Өзбекстандағы ислам қозғалысының (ӨИҚ) салафит жиһадшысы Сирияға басқа жолмен барды. 2011 жылға дейін Равшан Ауғанстанда және тәліптермен бірге Пәкістанда ӨИҚ мүшесі ретінде соғысты. Бірақ Сириядағы соғыс басталғанда ол пәкістандық суннит солдаттарға қарсы салафилердің жиһад жүргізгеніне наразы болды.

Равшан Сирияда Асадты қолдайтын ирандық милицияға қарсы күресу керек дейді, оларды «исламның бастапқы бағытынан адасқан теріс ағымдағы мұсылмандар» деп сипаттайды. Қазір аяғынан айрылған Равшан Түркияға оралды. Өзін Сирияға жіберген «Әл-Каида» ұйымымен байланысын үзген жоқ.

ӨИҚ-дың басқа да жауынгерлері Азаттыққа осыған ұқсас оқиғаларды айтып берді. Оларды Түркияға саяхаттап барған жерінен Әл-Нусра майданы өзіне тартқан. Басында олар топпен интернет арқылы байланысқан. Түркияның Хатай провинциясындағы өзбек салафиттер Еуропа, Солтүстік Америка, Ресей мен Орталық Азиядағы жаңа өкілдермен Ipad арқылы тілдеседі екен.

Рон Синовиц пен Эленора Бишенбектің мақаласын аударған – Динара Әлімжан.
XS
SM
MD
LG