Accessibility links

Қырғызстандағы қазақ босқындары өздерін арнайы қызметтің аңдитынын айтады


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қырғызстандағы қазақ босқындары өздеріне қауіп төніп тұрғандарын мәлімдеп отыр. Адам құқын қорғаушылар да олардың жағдайына назар аударуды сұрайды. Ал Қазақстанның батысындағы дәстүрлі емес дін өкілдерінің сыртқа қоныс аударуы жалғасуда.


ҚЫРҒЫЗСТАННАН ПАНА ІЗДЕГЕН ҚАЗАҚТАР


Осыдан бірнеше ай бұрын Қазақстан азаматтары Назар Жұбанышев, Диянат Ердешов, Абзал Сайфоллаұлы және Қанат Өскембаев отбасыларымен бірген Қырғызстандағы БҰҰ-ның босқындар ісі бойынша Жоғарғы комиссарынан халықаралық көмек сұраған. Олар өздерінің діни көзқарасы үшін Қазақстанды тастап кетуге мәжбүр болғандықтарын айтқан.

«Орта Азиядағы адам құқы» ассоциациясының президенті Надежда Атаеваның айтуынша, бұл қоныс аудару туралы ақпарат құпия сақталған.

- Біз осылайша олардың қауіпсіздігін қамтамасыз еткіміз келді. Дегенмен олардың басқан ізін жай киім киген адамдар аңдығанын, кейінен үйлерінде тінту жүргізілгендігін естігенде біз көптеген халықаралық ұйымдарға оның ішінде түрлі себептермен өз отанын тастап кетіп жатқан азаматтарға қолдау көрсететін ұйымдарға да хабарластық, - дейді Надежда Атаева.

Құқық қорғаушының айтуынша, наурыздың 19-күні серуеннен қайтқан босқын ана мен бала, Бішкекте өздерінің уақытша тұрып жатқан үйіне бірнеше сағат бойы кіре алмаған. Құқық қорғаушылардың ақпараты бойынша, белгісіз біреулер есік құлпын бұзып, сындырып кеткен.

Олар үйге бөтен біреулер ашып кірмек болған деген сенімде.

ҮЙДЕГІ ТІНТУ

Одан өзге Қазақстаннан шыққан босқындардың екі отбасы тұратын үйде наурыздың 10-күні тінту жүргізілген. Босқындардың сөзінше, қырғыз күш құрылымдары үйден діни мазмұндағы екі кітапша мен дұғалар жазылған үш дәптер тапқан. Алайда олардың рұқсат етілген жазбалар екендігін анықтаған соң қайтарып берген.

«Бұл оқиға жайлы БҰҰ хабарланғаннан кейін, қазір олар қорғауға алынған», - делінген ассоциацияның таратқан ақпаратында.

Алайда осы мәселеге қатысты Қырғызстандағы БҰҰ босқындар ісі бойынша Жоғарғы комиссарының өкілі Ханс Шоддерге хабарласқанымызда, ұйымның ақпараттар құпиялылығына қатысты ережесіне сәйкес ол ешнәрсе айта алмайтындығын жеткізді. Дегенмен, өзіндегі мәліметтердің таратылған мәліметтерден өзгешелеу екендігін де жасырмады.

ДІНИ ҚАУЫМДАСТЫҚ

Құқыққорғау ұйымының мәліметінше, 1996 жылы Батыс Қазақстандағы бірнеше отбасы елде уағыздалып жатқан ресми Ислам шынайы дінге сәйкес келмейді деп, мешітке баруды тоқтатқан. Олар намазды өзара бірігіп оқи бастаған. Уақыт өте қауымдастық мүшелері көбейіп, 15 жылдың ішінде дәстүрлі емес діни қауымдастыққа 400 адам кірген.

1998 жылы ешқандай заңды негізсіз осы қауымдастықтың 15 мүшесі тұтқындалған. Қалғандары полицияға тіркелен. Құқық қорғаушылардың айтуынша, қауымдастықтың 14 адамы қолдан жасалған айыптаулар негізінде түрмеге жабылған, оның үшеуі әлі күнге дейін темір тордың арғы жағында.

Қазақстаннан 2005-2006 жылдары аталған қауымдастыққа кіретін 60 отбасы кетіп, олардың барлығы дерлік Еуропа Одағы елдерінен саяси баспана сұраған болатын. Аталған қауымдастық мүшелерінің сыртқа қоныс аударуы әлі де жалғасуда.
XS
SM
MD
LG