Accessibility links

Серікбай Латипуллаев: Дәстүрлі емес діни көзқарасым үшін жазаландым


Атыраулық діндар Серікбай Латипуллаевтың абақтыда отырған кездегі суреті (ұлы Сұлтан түсірген). Атырау, сәуір 2009 ж.
Атыраулық діндар Серікбай Латипуллаевтың абақтыда отырған кездегі суреті (ұлы Сұлтан түсірген). Атырау, сәуір 2009 ж.

Атырау облыстық соты Серікбай Латипуллаевтың апелляциялық арызын қарап, оның жазасын 5 жылдан 3 жыл 1 айға кеміту туралы шешім шығарды. Заңсыз есірткі, қару сақтады деген айыппен сотталған бұл азамат дәстүрден тыс діни көзқарасы үшін қуғын көріп жатқанын айтады.


ЖАЗА МЕРЗІМІ ҚЫСҚАРҒАНЫМЕН, АЙЫПТЫ ДЕП ТАНЫЛДЫ


2009 жылғы қыркүйектің 15-сінде үш төрешіден құралған Атырау облыстық соты алқасы Серікбай Латипуллаевқа тағылған ҚР Қылмыстық кодексінің 251, 259 баптарын, яғни заңсыз қару ұстады, есірткі сақтады деген айыптарды өзгеріссіз қалдырды.

Істі жүргізген судья А.Тәшенова Серікбай Латипуллаевтың бұрын сотталмағанын әрі екі баласы бар екені ескеріліп жазасын өтеу уақытының 5 жылдан 3 жыл 1 айға қысқартылғанын хабарлады. Сондай-ақ судья алдыңғы Атырау қалалық соты үкімнің басқа
Серікбай Латипуллаевтың аппеляциялық арызын қараған Атырау облыстық соты алқасының мүшелері (солдан оңға): Сандуғаш Сүлейменова, Айгүл Тәшенова және Таңатар Сатайбаев. 15 қыркүйек 2009 жыл.
бөліктерінің өзгеріссіз қалатынын, қосымша талап, апелляциялық және куәгерлердің арыздарының да қанағаттандырылмайтынын жария етті.

Атырау тұрғыны Серікбай Латипуллаев есімді діндар азаматты биылғы жылғы сәуірдің 4-інде бетіне маска киген арнайы топ қызметкерлері ұстап алып кетіп, оған заңсыз жолмен қару ұстады, есірткі сақтады деген айыптар тағылғаны жайлы Азаттық бұған дейін хабарлаған болатын.

Ал 2009 жылғы қыркүйектің 5-інде Атырау қалалық соты оны ҚР Қылмыстық кодексінің 251-бабына (қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру ) және 259-бабына (есірткі заттарын сату мақсатында заңсыз сатып алу, тасымалдау немесе сақтау, даярлау, қайта өңдеу, беріп жіберу немесе сату) сәйкес айыпты деп тауып, Серікбай Латипуллаевты 5 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған еді.

«ЕСІРТКІ МЕН ҚАРУДЫ МЕНІҢ БОЙЫМА ӨЗДЕРІ САЛДЫ»

Алайда Серікбай Латипуллаев тұтқындалған күннен бастап өзінің қылмыскер еместігін айтумен келеді.

«Серікбай Латипуллаевқа қылмыс жасады деген айып болжам және жорамал негізінде тағылып отыр. Оның қылмысын дәлелдейтін нақты, бұлтартпайтын айғақ жоқ», – деп мәлімдеді сот процесінде оның қорғаушысы Гуля Жұмаханова.

Қорғаушының айтуынша, алғашқы сатыдағы сот тергеуі барысында Серікбай Латипуллаев өзіне қатысты қозғалған іс туралы «менің бұл
Серікбай Латипуллаев қамауда отырған тергеу абақтысы. Атырау, 15 қыркүйек 2009 ж.
қылмыстарға ешқандай қатысым жоқ. Есірткі затын маған полицияның арнайы тобының қызметкерлері әдейі салып, күнібұрын ұйымдастырып, мені қолдан қылмыскер етіп шығарды. Бұл менің діни көзқарасыма байланысты деп есептеймін» деп жауап берген екен.

Сондай-ақ Гуля Жумаханованың айыпталушыны қорғап облыстық сотта сөйлеген сөзіне сүйенсек, Серікбай Латипуллаев полиция қызметкерлерінің іс-әрекеті туралы мынадай мәлімдеме жасапты:

«Әуелі жол полициясы қызметкері ешбір себепсіз тоқтатып, арнайы топ қызметкерлерінің мені ұстауына мүмкіндік жасады. Содан кейін арнайы топтың үш қызметкері маған жабылып, жерге құлатып, бетіме курткамды көтеріп жауып, шалбарымның ышқырына пистолет салды. Екі аяғымның арасын да ашып, сол жақ шұлығымды шұқылап, бір нәрсе салып жатты. Бірден қолымды кісендеп тастады. Менің басымды аяғымен басып тұрып, бетіме аузымды қанатып жарақат салды. Мен «салған заттарыңды алыңдар!» деп айқайлап жаттым. Менің айқайлаған дауысымды сол айналада болған адамдардың барлығы естіді. Және сол кезде тағы бір автокөлік келіп тоқтатды. Одан бірнеше адам түсіп менің қасыма келді. Мен біреуінің «тінтуді бастаймын» деген сөзін естідім. Содан кейін барып мені жерден тұрғызды. Келген адам өзін тергеушімін деп таныстырды. Ол мені тінтіп әуре болған жоқ. Бірден пистолетті өзі алып шықты. Ары қарай тінтуді басқа біреуге жүргіздірді. Шұлығымнан шығарған затты ашпай жатып, тергеуші «мынау героин ғой» деп оның не зат екенін күні бұрын білетінін көрсетті. Екінші затты да ішін ашпастан «ол да героин ғой» деді. Осы жағдайлар және менің жауаптарым бейнетаспаға түсірілген. Содан көріп менің кінәсіз екенімді тануға болады».

КУӘГЕРЛЕРДІҢ СӨЗІ CОТТЫҢ НАЗАРЫНА ІЛІНБЕДІ

Діндардың қорғаушысы да «Серікбай Латипуллаевтың кінәсіз екені дәлелдейтін айғақтар жеткілікті, бірақ оны қалалық сот ескерген жоқ» деп отыр.

Мәселен, қорғаушының айтуынша, Серікбайды полиция қызметкерлері мен арнайы топ қызметкерлері қалай ұрып-соққанын, шалбарына қаруды қалай тыққандарын көрген куәнің сөзіне де қалалық сот назар аудармаған.

Оны қойып, әлгі куәгерге «жалған куәлік жасады» деген айып тағылып, қылмыстық іс қозғау жөнінде бөлек қаулы шығарылған екен. Серікбай Латипуллаевты полиция қызметкерлерінің көшеде тоқтатып жәбірлеп жатқанын көрген өзге адамдардың сөзі де есепке алынбаған.

«ПОЛИЦИЯ ЕШҚАНДАЙ АЙҒАҚ-ДӘЛЕЛДЕР КЕЛТІРЕ АЛМАДЫ»

Қорғаушы Гуля Жұмаханова Латипуллаевтың есірткі затымен айналысатыны жөнінде полиция қызметкерлерінің қолында оперативті материалдардың да мүлде болмағанын айтады. Тіпті, полиция қызметкерлері қалалық сот мәжілісінде де ондай материалдың бар екені сотқа көрсете алмады дейді.

«Латипуллаевтан алынды делініп отырған «ОРС- 31» маркалы револьверге де сараптама жүргізілмеген. Оның кімге тиесілі екені, онда
Облыстық сот алқасының отырысында мемлекеттік айыптаушы Марат Хабибуллин азамат Серікбай Латипуллаевқа шығарылған алдыңғы сот үкімін өзгеріссіз қалдыруды сұрады. Атырау, 15 қыркүйек 2009 ж.
айыптының саусақ іздері бар-жоғы анықталып, зерттеу жасалмаған. Сондай-ақ, «Латипуллаевтың тырнағының астынан гашиш табылды» дегендерімен, Серікбай өзінен мүлде тырнақ алынбағанын айтады», – дейді қорғаушы Гуля Жұмаханова.

Алайда Серікбай Латипуллаевтың жазықсыздығын дәлелдейтіндей айғақтарды тізбелеп, оларды есепке алуды, бейнетаспаны көруді сұраған қорғаушы Гуля Жұмахановның өтінішін облыстық сот алқасы қанағаттандырмады.

Ал сотқа қатысқан мемлекеттік айыптаушы Марат Хабибуллин қаралып отырған апелляциялық шағымды қанағаттандырусыз, алдыңғы сот үкімін өзгеріссіз қалдыруды сұрады. Ол өз сөзін «сотталушының қылмыстық іс-әрекеті басынан бастап жедел зерттеу, алдын-ала тергеу кезіндегі іс материалдарымен, құжаттарымен жан-жақты толық дәлелденген» деп негіздеді.

Дегенмен Серікбай Латипуллаевтың қорғаушысы ары қарай шағымдануларын тоқтатпайтынын айтып отыр.

ДӘСТҮРЛІ ЕМЕС ДІНИ КӨЗҚАРАСТАҒЫЛАРҒА ҰҚСАС АЙЫПТАР ТАҒЫЛАДЫ

Қазақстанның батыс өңірінде дәстүрлі емес діни қауымдастықтың өкілдеріне оқ-қару, есірткі секілді заттарды әдейі тастап, қолдан айғақтар ұйымдастыру заң органдары тарапынан жиі қолданылатыны туралы Азатттыққа берген сұхбатында мәскеулік құқыққорғаушы Виталий Пономарев те айтқан болатын.
Дәстүрлі емес діни көзқарастағы діндарлар Дианат Ердешов (сол жақта) пен Абзал Сайфолла. Ганюшкино ауылы, Атырау облысы. 1 қыркүйек 2009 жыл.


Таяуда ғана діни көзқарасы үшін әйелі соққыға жығылған Атырау облысының Құрманғазы ауданында тұратын Дианат Ердешов те ескі сарайына белгісіз біреулер есірткі жасырып кеткенін, ал осы ауданның тағы бір тұрғыны діндар Абзал Сайфолла да өзін Құрманғазы аудандық Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің жауапқа алып, ұрып-соққанын Азаттыққа баяндап берген еді.

Ал Серікбай Латипуллаевқа тағылған ҚР Қылмыстық кодексінің 259, 251 баптары бойынша қазірде маңғыстаулық Аманжол Мәмбетов, Әділжан Мұздыбаев және атыраулық Жанболат Қызанбаев деген діндарлар абақтыда өз жазаларын өтеп жатыр.
XS
SM
MD
LG