"12 АДАМНЫҢ АЙЫБЫ ДӘЛЕЛДЕНСЕ, ӘБІЛЯЗОВ АВТОМАТТЫ ТҮРДЕ АЙЫПТЫ БОЛЫП ШЫҒАДЫ"
19 тамыз күні Алматы қаласы Алмалы ауданы сотында «БТА банкі» мен «Темірбанктің» 12 қызметкерінің және құрылымы жағынан банкке қатысы болған компаниялардың үстінен алдын ала тыңдау басталды. Оларды Мұхтар Әбілязов жетекшілік еткен қылмыстық топтың құрамында қылмыс жасаған деп айыптап отыр.
Бірақ та, Мұхтар Әбілязов пен оның әріптесі Жақсылық Жарымбетовке және Вероника Ефимоваға қатысты іс жеке қаралуда әрі олардың істері әзірге сотқа жеткен жоқ.
Мұхтар Әбілязовтің адвокаты Сәлімжан Мусин бұл істің белгілі бір құйтырқысы бар екенін айтады. Оның айтуынша, 12 айыпталушыға шығарылған айыптау үкімі оның қорғауындағы адамға және жоғарыда аты аталған адамдарға да қатысты үкімнің негізі болуы ықтимал.
- Қылмыстық процесте «преюдиция» деген түсінік бар. Яғни, заңды күшіне енген үкім барлығына міндетті болып табылады. Бір сөзбен айтқанда, аталған қылмыстық іске шығарылған үкім даусыз дәлелді және заңды болады. Сөйтіп, М.Әбілязов пен В. Ефимованың бөлек қаралып жатқан ісінде ешнәрсе дәлелдеудің қажеті болмай қалады,- деді Сәлімжан Мусин 24 тамыз күнгі баспасөз мәслихатында.
Осыған орай, адвокаттар 26 тамыз күні болатын сот отырысына жіберуін өтініп, сот төрешісіне өтініш хат түсірген. Алайда, сот төрешісі өтініш хаттың қанағаттандырылмайтынын сол күні-ақ айтқан.
АДВОКАТТАР МЕДЕУ АУДАНЫНДА ТЕРГЕЛГЕН ІСТІҢ АЛМАЛЫ АУДАНЫНА БЕРІЛГЕНІНЕ АҢ-ТАҢ
«БТА банктің» бұрынғы қызметкері Вероника Ефимованың адвокаты Инесса Кисилева заң бойынша үш күннің ішінде жауап қайтарылуы тиіс өтініш хатқа сот төрешісінің табан астында ауызша жауап айтқанына таңданысын жасырмаған.
- Біздің ауызша жауап алғанымыз өте қызық. Өйткені, өтініш негізделіп, сосын бізге жазбаша жауап берілуі тиіс. Іс мұнымен бітпейді. Сот ісінің Медеу ауданы сотына ауыстырылуын талап еткен өтініш - хатымыз да қанағаттандырылмады. Себебі, «БТА банктің» бас кеңсесі Медеу ауданында орналасқан және барлық тергеу амалдары Медеу ауданы прокуратурасының санкциясымен жүзеге асқан. Істің неліктен Алмалы ауданына берілгені бізге түсініксіз, - деді адвокат Инесса Кисилева.
Сонымен қатар, адвокат Сәлімжан Мусин сотқа жіберілген істің айыптау үкімі айыптаушы жақтың ұстанымы заңды екеніне жаңа дәйек болуы мүмкін екенін де атап өтті.
- Біріншіден, үкім біздің қорғауымыздағы адамдарды айыпты етіп шығарады. Сосын ол қазір істері сотқа жіберілген айыпталушылардың біздің қорғауымыздағы адамдарға қарсы берген айғақтарымен толықтырылады. Сөйтіп, М.Әбілязов «ұйымдасқан қылмыстық топ» құрды деген іс дәлелденеді. Ал, біз сот процесінен сырт қалып отырмыз. Әрине, бұл айыптаушы жаққа сәтті жүріс болады. Біз, өз қорғауымыздағы азаматтардың конституциялық құқығын заңды жолмен қорғау үшін заң шеңберіндегі барлық іс-әрекеттерге барамыз, - деді адвокат Сәлімжан Мусин.
Естеріңізге салсақ, шілде айының ортасында мекемеаралық тергеу тобы «БТА банкі ісінің» бірнеше эпизодына нүкте қойған болатын. Бұл эпизод бойынша, «БТА банкі» мен «Темірбанкінің» әртүрлі дәрежедегі 12 басшысы айыпты деп танылған. Оларға арнайы құрылған 9 компанияға заңсыз жолмен 83 млрд. теңге заңсыз несие берген деген айып тағылған болатын.