Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің бұрынғы шенеуніктерінің үстінен қылмыстық істің қозғалуына себепкер болған анонимді арыздың иесі «Меркурий плюс» ЖШС-ның өкілі Әділбек Жайылғанов өзінің Қаржы полициясы құрған тұзаққа түскенін айтады.
Мемлекеттің «жемқорлықты бірге жояйық, қылмысты ашуға көмектессең, сыйақы аласың» деген ұрандарына құлшынған кәсіпкер Жайылғанов «Меркурий плюстің» мемлекеттік қаржыны талан - таражға салып жатқанын тексеру үшін Қаржы полициясына өткен жылдың жазында анонимді хат жазыпты. Алайда, хатты қабылдап алған Қаржы полициясының қызметкерлері қылмыстық іс қозғалу үшін ресми түрде арыз жазуың керек деген кеңес беріпті.
Кеңеске құлақ асқан Жайылғанов Қаржы полициясына, Бас прокуратураға және Қаржы министрлігіне арыз жазып, қылмыстық әрекеттің ашылуына өзі атсалысып, тоғыз ай бойында көмек көрсетіпті. Яғни Қаржы полициясының тергеушілеріне Қарағанды облысындағы «Дариял-У» мекемесіне барып тексеру жүргізу үшін арнайы көлікпен қамтамасыз етіп отырған.
АЛДЫМЕН АРЫЗ ЖАЗУ, СОҢЫНАН ТҰТҚЫНДАЛУ
Тергеу ісі аяқталғаннан кейін, Жайылғанов жазған арызының іс-түссіз жоғалып, ал өзінің тұтқынға алынғанын айтады.
- Мемлекет ақшасын жымқырғандарды ашуға көмектесемін деп, өзім тұтқындалып отырмын. Қаржы полициясының осылайша, алдап соғатынын түсінбеппін. Мемлекеттік айыптаушылардың да заңды белден басып, маған тоғыз жыл сұрап отырғаны да заңсыздық. Елдегі құқық қорғау орындарының қылмысты ашуға емес, қылмыскерлерге көмектесетініне көзім жетті, - дейді айыпталушы Әділбек Жайылғанов.
Шын мәнінде айыпталып отырған экология шенеуніктерінің еш айыбы жоқ, - деген Әдібек Жайылғанов, «Барлық кінә өзінің зайыбымен құрған «Меркурий плюс» фирмасын рейдерлік жолмен тартып алған Виктор Лайс және Борис Меклер мен оның азаматтық әйелі Қоршаған ортаны қорғау министрлігі қаржы департаментінің бұрынғы директоры Татьяна Савицкаялардың алаяқтың әрекеттеріне жатыр» дегенді айтты.
- Борис Меклер Азаттық радиосына берген сұхбатында өзін халықаралық инвестор, ғаламдық банктің өкілі ретінде көрсетіпті. Екі адам ғана қалайша, ғаламдық банкті құруы мүмкін? Меклер – халықаралық деңгейдегі алаяқ. Қазақстанның бюджетін жымқырудың есебінен өмір сүріп отырған адам. Ол Экология министрлігінің тендерінен алған қаржы арқылы «Дариял-У» мекемесіндегі улы қалдықтардың үш жарым мың жәшігінің жойылғанын айтып отыр. Ал барлық құжаттар тек бір мың данасы ғана әкетілген делінген. Әрі оның ол улы қалдықтарды қайда апарып көмгені де белгісіз. Міне осындай алаяқтарға еліміздің құқық қорғау орындары көмектесіп отыр, - дейді айыпталушы Әдібек Жайылғанов.
Сонымен бірге Әділбек Жайылғанов сот ісі жүріп жатқанда кезінде өзі құрған сол «Меркурий плюс» фирмасы құжаттарының барлығы тұтқындалғанына қарамастан өзге адамға сатылып кеткеніне де таңданысын білдіреді. Осылайша, «экология ісінде» кінәсі жоқ екенін айтқан айыпталушы Әділбек Жайылғанов соттан өзінің толық ақтап шығуын сұрап отыр.
Кәсіпкердің жоғарыдағы мәлімдемесін экология министрлігінің айыпталушы бұрынғы шенеуніктерінің адвокаттары екі түрлі себеппен байланыстырады. Оның бірі – билікке талас, екіншісі – кәсіпкерлер арасындағы өзара соғыс. Ал қамауға алынған экс-министр Нұрлан Ысқақов пен оның вице-министрлері Әлжан Брәлиев пен Зейнолла Сәрсенбаевтар осы әрекеттердің құрбанына айналған дейді олар.
ЕҢ БАСТЫСЫ - БИЛІК ҮШІН ТАЛАС
Экология министрі болған Нұрлан Ысқақовтың адвокаты Ермек Бектасов сот алдында Әділбек Жайылғановтың әлі де шындықты толық ашпай отырғанын айтады. Ол Әділбек Жайылғановтың экс-министрге қарсы арыз жазғанына Нұрлан Ысқақовтың бұрынғы жауапты хатшысы болған Рүстем Хамзиннің тікелей қатысы болғанын жасырып отыр деп есептейді.
Экология және қоршаған ортаны қорғау министрі болған Нұрлан Ысқақовтың адвокаты Ермек Бектасов. Астана, 24 қыркүйек, 2009
-Мен құжаттар бойынша өзімше зерттеу жүргіздім. Нұрлан Ысқақовты аяқтан шалған оның бұрынғы жауапты хатшысы болған Рүстем Хамзин екеніне шүбәм жоқ. Менің ойымша, оның өзі министр креслосын көксеген. Оны анықтау да қиын емес. Мысалы, «Меркурий плюстің» өкілі Виктор Лайстың жазған арызына қарағанда, 2008 жылдың ақпан айында Лайс Хамзинның қабылауында болған. Сонда ол Лайсқа жақын арада өзінің министр болатынын айтады. Осыдан кейін наурыз айында Хамзиннің қабылдауында Әділбек Жайылғанов болған. Ал 16 маусымда Жайылғанов аяқ астынан Қаржы полициясына анонимді арыз түсіреді. Ал тамыз айында Лайс Хамзинге қарсы арыз жазады. Осы әрекетерден кейін Нұрлан Ысқақовты кімнің құлатқысы келгені белгілі,- дейді адвокат Ермек Бектасов.
КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ БІР-БІРІН АЯҚТАН ШАЛУЫ
- Қазір бізге мәлім болғаны қылмыстық әрекеттің бары рас. Бірақ бұл, «Меркурий плюс» фирмасының ішіндегі қылмыс. Борис Меклер мен Әділбек Жайылғановтың арасында үлкен дау бар екені де ақиқат. Бірақ менің осыдан жасаған қорытындым, өзім заңгер бола тұра құқық қорғау орындарына құқығыңды қорғау үшін арыздануға болмайтынын түсіндім, - дейді адвокат Ермек Бектасов.
Ал Әділбек Жайылғановтың мәлімдемесіне қатысты мемлекеттік айыптаушы Бақтияр Ерназаров жауап беруден бас тартты. Қаржы полициясының ресми өкілі Мұрат Жұманбай да сот шешіміне құлақ асамыз деп қысқа қайырды.
Қоршаған ортаны қорғау министрі болған Нұрлан Ысқақов пен оның екі вице-министрі Әлжан Брәлиев пен Зейнолла Сәрсенбаев 1 млрд. 172 млн.теңге (шамамен 7,8 миллион доллар) көлемінде мемлекет қаржысын талан-таражға салды деп айыпталып отыр. «Меркурий плюс» фирмасының өкілі Әділбек Жайылғанов та қылмыстық іске қатысы бар делініп, айыпталушылар қатарына қосылды.
Атап айтқанда, Балқаш көлінің жағасындағы бұрынғы радиолокациялық станция орнында қалған улы заттары бар контейнерлерді жойып, залалсыздандыруға бөлінген қаржы басқа мақсатқа жұмсалып кеткен делінеді. Ал утилизация шарасын атқаруға бұрынғы қарағандылық кәсіпкер Борис Меклер жетекшілік ететін неміс фирмасы тартылған.
Мемлекеттік айыптаушы экс-министр Нұрлан Ысқақовты жеті жылға бас бостандығынан айыруды сұраса, Әділбек Жайылғановқа тоғыз жыл, Зейнолла Сәрсенбаевқа алты жыл түрме жазасын кесуді, ал Әлжан Брәлиевке үш жыл шартты түрде бас бостандығынан айыруды сұрап отыр.