КОМПАНИЯЛАР ӘЗІР ЕМЕС
«2013 жылғы кибер қауіп-қатерлер» атты мақалада келер жылы әлемде Stuxnet вирусының көмегімен жасалатын кибер шабуылдар үдей түсетіні баяндалған.
«Ескеретін жайт, 2012 жылы АҚШ үкіметі қуатты турбиналарды бақылайтын программаларды бұзуға тырысқан хакерлердің энергетика саласындағы компанияларға соққы жасағанын мойындады. Бұл АҚШ-тың билік режиміне де қарсы шабуылдар ұйымдастырылуы мүмкіндігінің белгісі. Біз сонымен бірге Shamoon вирусы-ның Сауд Арабиялық мұнай компаниясының 30 мың компьютерін істен шығарғанына да куә болдық. Оны Пентагон басшысы Леон Панетта ең қуатты шабуылдардың бірі ретінде атады. Мейлі мемлекет, мейлі хакерлік топтар тарапынан болсын, желілер мен инфрақұрылымдарды құртуға бағытталған шабуылдар үдей түспек» деп Foreign Policy баяндамадан үзінді келтірген.
Басылым келер жылы хакерлер ақша немесе интеллектуалдық меншік түрлерін ұрлауға бағытталған шабуылдар жасауға көбірек ұмтыла бастайтынын жазып, бірақ компаниялардың оған дайын еместігіне алаңдайды.
«Алаңдататын нәрсе – компаниялар мұндай шабуылдарға төтеп беруге әзір емес. Кибер шабуылдардан қорғануға кеңес беретін жиындар хакерлер үшін тосқауыл бола алмайды. Шабуыл жасаушылар компьютерлерге зиянды вирустарды неғұрлым көбірек тарата алған сайын, нәтижесі де соғұрлым жойқынырақ болмақ» деп жазады басылым.
КИБЕР ШАБУЫЛДАР КІМГЕ КЕРЕК?
«Шабуылдарды кім ұйымдастыруы мүмкін?» деген сұраққа жауап табуға тырысқан басылым үкіметтер тарапынан шабуылдардың күшейе түсетінін жазады.
«Билікпен байланысты қауіп-қатерлер ұлғаяды және алдыңғы қатарға шығады. «Шабуылдар ұйымдастырды» деген күдікке ілінген үкіметтер саны артады. Шабуылдар әзірге «емі» табылмаған зиянды бағдарламалардың көмегімен жасалуы мүмкін немесе қарапайым зиянкес бағдарламалар арқылы да жасала береді» деп жазады басылым.
Басылым террористердің де виртуалды айла-шарғыларды өз мақсаттарына қолдануы мүмкін екенін айтып, егер жүзеге асса оның зардабы көбірек болуы мүмкін деп ескертеді.
«2013 жылы террорлық акт болатыны жайлы қолымызда нақты дерек жоқ, бірақ бұл қорқыныш жай ғана қиял жемісі емес» деп басылым компанияның баяндамасынан үзінді келтірген.
Foreign Policy 2013 жылы белгілі бір идея төңірегінде топтасқан хакерлік топтардың көбейетінін жазады. Олардың «кейбірі диссиденттерді қауіпсіз программалармен жабдықтау арқылы Таяу Шығыстағы диктаторлардың режимін құлатуға көмектесуі мүмкін», ал «кейбірі өздері жаратпайтын ел немесе ұйымдарға қарсы шабуылдар ұйымдастыруы мүмкін».
Басылым осының барлығы хакерлік қызмет көрсетудің қара нарығының өркендеуіне ықпал ететінін жазады.
«McAfee әр түрлі деңгейдегі хакерлердің онлайн форумдарда топтасып, клиенттерге зиянды программалардың сан алуан түрлерін ұсынумен айналысатын қара нарықтың өркендей бастайтынына алаңдайды» делінген мақалада.
«ИНТЕРНЕТ-ДҮКЕН БИЗНЕСІ ӨРКЕНДЕЙДІ»
Басылым интернет-дүкендердің кеңге қанат жая бастайтынын, онда қолданушылар "мышканы" бір рет шертіп-ақ тауарлар сатып ала бастайтынын жазады. Сонымен бірге сатушыны көрмей-ақ, аноним түрінде тауарлар сатып алу мүмкіндігі пайда болатынын атап өтеді.
«Интернетте қауіпсіз әрі анонимді ұсыныстарды табу оңайланады. Олар сонымен бірге түрлене түспек. Біз қазірдің өзінде аудиторлық қызмет көрсетудің ең сапалы түрі мен киберқылмыстардың ұлғаюына байланысты туындаған жобаларды байқап отырмыз» деп басылым баяндамадан үзінді келтірген.