Accessibility links

Минск мен Алматыдағы біркелкі үйлер


Алматыда отбасымен тұратын чех суретшісі Вероника Кубикованың картиналар көрмесі ашылмақ. Постсоветтік Беларусь елінде де тұрған суретші шығармашылығының негізгі тақырыбы – урбанизация.

Қарашаның 23-і күні Алматыда чех суретшісі Вероника Кубикованың «Қалада», «Сәулет өнерінен шабыт алу» және «Байланыста» серияларына топтастырылған картиналар көрмесі ашылады. Алғашқы екі сериядағы картиналардың арасында Токио, Прага, Париж, Рим, Минск қалаларынан алған әсерлерін көрсететін картиналар бар. Олар – натурадан көшірілген картиналар емес, көбінесе астарлы бейнелер. Суретші топтамасындағы картиналардың көбі Минскіге арналған.

«Маған Минскідегі тіршілік тым сүреңсіз әрі көңілсіз сияқты көрінді, сондықтан бұл қала жайлы картиналарымның бәрінде сұр түс бар» дейді Вероника Кубикова Азаттыққа.

Суретші қалыппен құйылғандай біркелкі етіп салынған панель үйлері бар дәл осындай қала, бірақ архитектурасы сәл ерекшеленетін постсоветтік мегаполис – Алматы бейнесін ашатын бояу түрін де іздеп жүр.

«ОПТИКАЛЫҚ КӨЗБОЯУ»

Вероника Кубикованың «Лабиринт» картинасы Минскінің шағын ауданындағы біркелкі үйлердің арасында адасып кеткен кезде алған әсерлерінен туған. Оның «Оптикалық көзбояу» картинасы да Минск жайлы.

Суретшінің «На связи» («Байланыста») деп аталатын жаңа сериясы – көбінесе Алматыда салынған картиналар. Азаттық суретшіден бұл картиналары бен инсталляциялары арқылы қандай ойды жеткізгісі келгенін сұрады.

Чех суретшісі Вероника Кубикова өз автопортреті жанында тұр. Алматы. 20 қараша 2015 жыл.
Чех суретшісі Вероника Кубикова өз автопортреті жанында тұр. Алматы. 20 қараша 2015 жыл.

– Мен компьютер, смартфон, түрлі қосымшаларға қаншалықты тәуелді екенімізді әрі олардың біздің өмірімізге жағымсыз әсерін көрсеткім келеді, - дейді ол.

Суретші «Өрмекші деген кім?» картинасын көруді ұсынды.

– Бұл – әлеуметтік желі, ғаламды торлап алған интернет. Google – өрмекші, оның қосымшаларына еріп, еңбектеп жүргендер – шыбындар. Ал біз мына өрмекшіге қанның орнына, өзіміз жайлы дербес деректерді береміз.

Суретші әрі галерист Серік Бүксеков Вероника Кубикованың шығармаларын файнарт – нақышты өнер туындыларына жатқызады.

– Файнарт – әлемде өзіндік орны бар әрі жұрттың көзі үйреніп қалған өнер. Автор қазіргі заман тілімен «сөйлейді». Бізде қазіргі заман өнерін «эпатаж сияқты бірдеңе» деп ойлайтын стереотип қалыптасып қалған. Ал шындығында, қазіргі заман өнері – жай өнер ғой. Қазіргі заман тілі автор мен көрермен арасын байланыстыратын дәнекер ретінде пайдаланылады. Ұсынылған туындыларда фигуратив, академизм жоқ. Қарабайыр тілмен айтқанда, бұл жанр картиналарында жалпақ жұрттың, тіпті өнердің бағасын білетін әрі ақша төлеуге дайын деген жандардың өздерінің көзіне әбден үйреншікті болып кеткен салт аттылар мен батырлар жоқ. Бұл – файнарт бағыты, - дейді Бүксеков.

КӨК ТҮТІН МЕН ЗӘУЛІМ ҒИМАРАТТАР

Чех суретшісінің айтуынша, Алматының жайма базарын аралаған кезде ол Минскінің шағын ауданында адасқандай жағдайға да тап болған. Суретші Минскідегі сияқты біркелкі үйлерден тұратын шағын аудандар мұнда да барын біледі, бірақ оларды әзірше навигаторы бар көлікпен ғана аралаған.

Қазір «Байланыста» («На связи») тақырыбында жұмыс істеп жатқандықтан, урбанистік картиналар салуға Алматы қаласы әзірше Верониканың шабытын оятпаған. Бірақ ол көп ұзамай Алматы тақырыбына да кіресетінін айтады. Алматыға арналған болашақ картиналарының сұлбасы ойында жүргенімен, бірақ ол жайында әзірше айтқысы келмейді.

– Бұл келесі көрменің тосын сыйы болсын, - дейді суретші.

Көлік пен көк түтінді азайту үшін көлік саласын өзгертер едім. Троллейбус пен автобус қатынасын жақсартар едім.

Верониканың пікірінше, Алматыда зәулім ғимараттар көп. Ал Минскіде мұндайды көрмеген. Алматыдағы велосипедке арналған жолдар да оған жақсы әсер қалдырған. Ол Минскіде велосипедпен күн сайын 15 километр жол жүргенін айтады.

– Алматыда жүруге қорқамын. Мен тұратын жерде веложолдар жоқ. Ал Минскіде жаяу жүргіншілерге арналған жолдар кең болғандықтан, велосипедпен еркін жүресің, - дейді Вероника Кубикова.

Вероникаға қазіргі ғимараттардан әсіресе «Достық-Плаза» сауда-ойын-сауық орталығы ұнайды. Ал көне ғимараттардан Верный тұсында салынған «Қызыл Таң» дүкенін атайды.

– Алғашында оны мұражай деп ойлап қалдым, бірақ дүкен екен. Ол жойылып кетсе, өкінішті болар еді, сондықтан сақтап қалу керек, - дейді ол.

«Егер Алматы қаласы әкімі болсаңыз, ең әуелі нені өзгертер едіңіз?» деген сауалға суретші:

– Көлік пен көк түтінді азайту үшін көлік саласын өзгертер едім. Троллейбус пен автобус қатынасын жақсартар едім, - деп жауап берді.

Чех суретшісі Вероника Кубикованың көрмесі Қазақстан суретшілер одағы галереясы мен «Ұлар» арт-агенттігінде 20 желтоқсанға дейін жалғаспақ.

XS
SM
MD
LG