Accessibility links

Алматыны «төрт саусақ жоспары» бойынша кеңітпек


Қаланың құрылысы жоспары макеті. Алматы, 8 қыркүйек 2015 жыл.
Қаланың құрылысы жоспары макеті. Алматы, 8 қыркүйек 2015 жыл.

​Жаңа әкім Бауыржан Байбек қызметіне кіріскен соң Алматының бас жоспарына түзету енгізіп, қаланы төрт бағытта кеңейту ұсынылды. Кей сәулетшілер мен белсенділер бұл жоспарларға алаңдайды.

Алматының қазіргі қолданыстағы бас жоспары 13 жыл бұрын бекітілген. Құрылыс нормалары бойынша бас жоспар әр бес жыл сайын түзетіліп тұруы тиіс. Бұған дейін енгізілген жалғыз түзетуге сәйкес, 2004 жылы қала аумағына 2 мың гектар территория кірген.

Қазіргі бас жоспар 2020 жылға дейін қолданылып, Алматы халқы саны бір жарым миллион адамға жетеді деп болжанған. Бірақ 2013 жылы халық саны болжанған шамаға мерзімнен ерте жетіп, қазіргі бас жоспарға түзету енгізу қажеттігі туған. Оның үстіне қала территориясы да ұлғайып кеткен.

Түзетуге сәйкес, бас жоспарды қолдану мерзімі 15 жылға – 2030 жылға дейін деп есептелген. Ол кезге қарай Алматы халқы 2 миллион 400 мыңға, ал 2020 жылға қарай 2 миллион 100 мың адамға жетеді деп болжанады. Алматы аумағы да өсіп, 2020 жылға қарай – оған 1 мың 500, ал 2030 жылға қара тағы 7 мың гектар жер қосылады.

Бір қызығы, бас жоспарға түзету енгізу ұсынысы тамыз айында Алматы әкімі ауысқаннан кейін жасалып отыр. Бұрынғы әкім Ахметжан Есімовтің орнына бұрын «Нұр Отан» билік партиясы төрағасының орынбасары қызметін атқарған Бауыржан Байбек тағайындалған.

«ЖЕЛПУІШ-ЖОСПАР»

Кеше өткен қоғамдық тыңдауда сөйлеген бас жоспарды құрастырған «Алматыгипрогор-1» институтының Алтай Сатыбалдиев бастаған мамандарының сөзінен бас жоспардың жаңа тұжырымдамасындағы негізгі жаңалық – Алматы құрылымын жаңадан жоспарлау екені байқауға болады.

Алтай Сатыбалдиев жоспарды көрсетіп тұр. Алматы, 8 қыркүйек 2015 жыл.
Алтай Сатыбалдиев жоспарды көрсетіп тұр. Алматы, 8 қыркүйек 2015 жыл.

Бұрын қала дәстүрге сай батыс және солтүстік бағытта дамып келген. Енді оны төрт бағытта – батыс, солтүстік-батыс, солтүстік және шығыс бағытта дамытуды ұсынады. Төрт бағыттың әрқайсысы жеке жоспар бойынша дамитын аймаққа айналады. Алтай Сатыбалиев бұл жоспарға «төрт саусақ жоспары» деген бейнелі салыстыруды қолданды. Алматының орталық тұсын қоса алғанда, барлығы бес жоспарлы аймақ болады.

Жоба авторлары мұны «желпуіш тәрізді бөлшектелген жоспар» деп атайды. Жоспарланған аймақтар төрт тарапты қамтитындықтан, «желпуіш тәрізді» деп атаған. Ал аймақтар орманды бақтары бар сай-жыралар мен су объектілеріне жіктелгендіктен «бөлшектелген» деп аталады.

Алматының оңтүстік бөлігіндегі құрылыс жұмыстары табиғатты қорғау және рекреациялық нысандар салумен ғана шектелмек.

Жаңа жоспар бойынша, қазір пайдаланылып жүрген 1 мың километр су құбырын қайта жаңартып, 1 мың 300 километр жаңа құбыр тарту қажет. 1 мың 600 километр жерде кәріз құбырларының ескісі жаңартылып, жаңасы тартылуы тиіс. Бұл – шамамен Алматы мен Көкшетау қалалары аралығындай қашықтық.

Алматы аймағында электр қуатының жаңа көзі – қуаты 1 мың 320 мегаватқа жететін Балқаш жылу электр станциясы салынады деп уәде етілді. Жоспар бойынша, жаңа газ таратқыш станциясы құрылысы қарастырылған әрі қала табиғи газбен екі жақтан қамтамасыз етілмек.

ЕСКІ БАСПАНАЛАРДЫ АУЫСТЫРУ ЖӘНЕ АЙМАҚТАРДЫ ДАМЫТУ

Бас жоспарға сәйкес, 1 миллион шаршы метр ескі баспананы 8 миллион шаршы метр жаңа баспанамен ауыстырылады деп болжанады.

Қаланы дамыту жоспары. Алматы, 8 қыркүйек 2015 жыл.
Қаланы дамыту жоспары. Алматы, 8 қыркүйек 2015 жыл.

Қала орталығынан тыс жоспарланған аймақтарды өзін өзі қамтамасыз ететін аймаққа айналдыру көзделген. Яғни бұл аймақтарда еңбек, мәдени-тұрмыстық қызмет көрсету, демалыс орындарын салу жоспарланған. Бұл қала ішіндегі көлік нөпірін азайтуға көмектеспек.

Аймақтар мен орталық арасы транспорт магистральдарымен байланысады, БАКАД сияқты бірнеше айналма жол салынады. Құрастырушылар тобының сөзінше, түбінде Алматы «келте қатынастар» қаласына айналады.

Бас жоспардың транспортқа қатысты бөлігінде Алматының негізгі магистральдарын қаланың жаңа шекарасына дейін созу, салынып жатқан метро желісін аяқтау, тағы бір желі (Гоголь көшесі бойымен шығыстан батысқа қарай) тарту, жеңіл рельсті көлік пен шапшаң жүретін автобустар қозғалысын дамыту қарастырылған. Бас жоспар түзетулерінде қоғамдық көлікті көбірек дамытуға басымдық берілген.

Халықаралық және ірі транзиттік рейстерге қызмет көрсететін жаңа әуежай салу жоспарланған. Оны Жетіген немесе Жаңа Іле (Қапшағай су қоймасының сол жағалауындағы) кенттерінің бірінде орналастыруды ұсынады. Ескі әуежай жергілікті әуе желілері мен төтенше жағдай рейстеріне қызмет көрсетеді.

ҚОСАЛҚЫ ҚАЛАЛАР

Алматы халқы санын азайту үшін қала маңы аймақтарын дамытып, олардағы тұрмыс сапасын жақсарту жоспарланған. Жоспар бойынша қала маңы аймақтары Алматы үшін контрмагнитке айналады. Жетіген, Қапшағай және Жаңа Іле елдімекендерінен 350-400 мың адам тұратын конгломерат салынады. Жетіген – ірі көлік-логистикалық орталығына, Қапшағай –демалыс және ойын-сауық орталығына, Жаңа Іле демалыс орталығына айналмақ.

Есік қаласы, Түрген, Ұзынағаш кенттері дамиды. Ал қазір Алматыға қосылып бара жатқан Талғардың халқын да шектейтін уақыт жеткен.

ТАРИХИ ЛАНДШАФТЫ МҰРАЖАЙҒА АЙНАЛДЫРУ

Ескерткіштерді қорғау мәселесі бас жоспарға енгізілетін түзетулердің жеке бөлігін құрайды. Оны Қазақстанның еңбегі сіңген сәулетшісі, сәулет өнері ескерткіштерін қалпына келтіру маманы Баян Тұяқбаева жасаған. Оның пікірінше, Алматының туристік тартымдылығы қаланың тарихымен байланысты.

Сәулет өнері ескерткіштерін қалпына келтіру маманы Баян Тұяқбаева. Алматы, 8 қыркүйек 2015 жыл.
Сәулет өнері ескерткіштерін қалпына келтіру маманы Баян Тұяқбаева. Алматы, 8 қыркүйек 2015 жыл.

Ол қолда бар тарихи-мәдени ландшафты мұражайға айналдыруды ұсынады. Тереңқара – орта ғасыр дәуірінде Алматы территориясында болған тоғыз керуен сарайдың бірі. Үш жыл бұрын бұл орынды мұсылмандар бейітіне берген. Баян Тұяқбаева Тереңқараны қайтарып, ол жерге мұражай салуды ұсынады.

Ол қаланың совет заманы тұсында ансамбльдік нысандардан қалыптасқан орталық бөлігін сақтап, жаңа құрылыс жүргізбеуге шақырады. ЮНЕСКО мен Венеция хартиясы конвенцияларында әмбебап ескерткіш деп танылған мұндай құрылыстар толық қорғауға алынуы тиіс.

Баян Тұяқбаеваның пікірінше, Алматыдағы ескерткіштердің түбіне «бойға біткен надандық» жетіп барады.

ПІКІР ҚАЙШЫЛЫҒЫ

Алматы сәулетшілер одағы төрағасы Сергея Мартемьяновтың айтуынша, ұсынылған түзетулерде бұрыннан өзгеше ешқандай жаңалық жоқ.

Алматы сәулетшілер одағы төрағасы Сергея Мартемьянов. Алматы, 8 қыркүйек 2015 жыл.
Алматы сәулетшілер одағы төрағасы Сергея Мартемьянов. Алматы, 8 қыркүйек 2015 жыл.

Ол Алматы сәулетшілер одағы атынан қоғамдық тыңдаудағы талқылауды түпкілікті деп есептемеуді ұсынады. Сергей Мартемьянов түзетулер жаңа технологияларға ілесе алмай тез ескіреді деп санайды.

«Көкжайлауды қорғайық» бейресми қозғалысының өкілі Абай Ерекенов курорт құрылысы схемаларын көріп, бас жоспарда Алматының «жасыл желек қоры» мен «өкпесі» – Көкжайлауды жою көзделген деп мәлімдеді.

Ал Қазақстанның құрметті сәулетшісі Евгений Васякин керісінше, бас жоспарды түзету жөнінде атқарылған жұмысты жоғары бағалайды.

Алматының бас жоспарына енгізілетін түзетулерді енді кәсіби мамандар арасында талқылау жоспарланған. Ал бас жоспардың әлі аяқталмаған бөлігі – экология бойынша қоғамдық тыңдау да өтеді. Кейін түзетулерді қаланың бүкіл қызмет органдарымен, республикалық ведомстволармен келіседі. Енгізілетін түзетулерді Қазақстан үкіметі 2016 жылдың ортасына қарай бекітеді деп болжанады.

XS
SM
MD
LG