Прагаға Қазақстаннан екі жыл бұрын келген 20 жастағы Бауыржан Батырбеков күшті әсер беріп, жаныңның нәзік қылын шертетін әрі шабыт шақыратын музыка жазғысы келеді. Чехияда ол сүйікті ісі скрипка тартады, консерваторияда оқып, Клементинум оркестрінде жұмыс істейді.
Азаттық: – Бауыржан, білім алу үшін Праганы не себепті таңдадыңыз?
Бауыржан Батырбеков: – Менің анам бір кездері осында [Чехияда] тұрып, чех тілін үйренген. Сосын бұл мен үшін – ештеңеге алаңдамай музыкамен ғана айналысып, әуен тудырудың мүмкіндігі. Маған мұндағы архитектура көп көмектеседі. Мұнда бәрі – аркалар, мүсіндер, витраж, нақышты төбелер – классикалық стильде жасалған. Мұндағы артықшылықтардың бірі – сабақ оқуға да, дағдыларымды жетілдіруге де уақытым көп. Прагада араласатын онша көп досым жоқ, өйткені мұнда жуырда ғана келдім әрі чехша онша сөйлей алмаймын, сондықтан көңілімді ештеңе алаңдатпайды. Оның үстіне, оркестрдегі жұмысым, жаттығуым, сабағым бар – мұның бәрі көп күшті алады. Өзгедей сауық-сайран құруға шамам да қалмайды.
Азаттық: – Клементинум Айналы капелласының оркестрі қандай композиторлардың шығармаларын ойнайды?
Бауыржан Батырбеков: – Вивальдидің «Төрт маусым» концерті мен Моцарттың «Дон Жуан» операсын ойнайды. Бұған қоса оркестріміз Бедржих Сметана және Антонин Дворжак сияқты чех композиторларының да туындыларын орындайды.
Азаттық: – Бауыржан, оқуыңызды бітірген соң елге оралуды жоспарлайсыз ба?
Бауыржан Батырбеков: – Дарынды композиторлар біздің елде де көп. Бірақ музыка өнерін дамыту үшін әлі көп жұмыс істеу керек. Әкем музыка мектебінің скрипка сыныбында сабақ береді, анам фортепианода ойнайды. Жеті жасымнан аспапта ойнасам да, әуен тудыру құпиясын әлі білмеймін. Музыка шексіз, тіпті тылсым дүние ғой. Оның қыр-сырын жетік танып, білгім келеді. Мұнда көбірек білім алып, елге барсам, кішкентай балаларды оқытсам деп армандаймын. Бірақ Еуропада қалуым мүмкін екенін де жасырмаймын. Мұнда өнердің кез-келген түрін бағалап, аялайды, қорғайды. Өнер бүкіл халыққа жетімді болуы тиіс. Ал бізде классикалық музыка концертіне баруға жұрттың көбінің шамасы келмейді, ал кей жандар классиканы түсінбейді. Түбі мұның бәрі өзгереді деп үміттенемін.
Азаттық: – Жаңа ортаға қалай бейімделіп жатырсыз?
Бауыржан Батырбеков: – Өзіміздің елдің тамағын, дәмін қатты сағынамын! Қазының орны бөлек қой! Сосын бөтен елдің тіліне, мәдениетіне үйренісу де қиын екен. Жергілікті халықтың тұрмыс-салтына бейімделуіңе тура келеді. Мысалы, мұнда демалыс ресми жарияланбаса да, жұма күні күндізгі сағат төрттен басталады. Ал одан кейін телефон соқсаң, ешбір чехты таппайсың. Тіпті кеңсенің өзінде ешкім тұтқаны алмайды. Алса да, шаруаңды шешуді дүйсенбіге қалдырады. Амал жоқ, күтуге тура келеді. Мұнда әр адамның жеке кеңістігі де айрықша бағаланады, сондықтан бастапқыда мұнда тұратын адамдар жалғызсырайтын сияқты болып көрінеді, бірақ мұндай жалғыздық жеке еркіндік ретінде саналады.
Азаттық: – Дарынды жандардың елден кетуі Қазақстан үшін проблема ма?
Дарынды адам білімін әлемнің кез-келген елінде қолдана білуі тиіс.
Бауыржан Батырбеков: – Жоқ, мұны үлкен проблема деп ойламаймын. Кейде елден кеткен дарынды адамдарды «сатқын» деп жатады, өйткені оларға елдің бюджеті, халықтың ақшасы жұмсалды ғой. Бірақ бойындағы дарыныңды дамыту керек. Ал дарынды адам қайда жүрсе де орнын табады, сондықтан еліміз ерекше дарынды азаматты тәрбиелеп шығарды деп мақтаныш тұтуға болады. Дарынды адам білімін әлемнің кез-келген елінде қолдана білуі тиіс.
Өз елімді сүйемін әрі оған пайдамды тигізгім келеді. Бірақ музыкадан өз орнымды да тапқым келеді. Өйткені әр адам алдына мақсат қойып, оған жетуді армандайды, сондықтан өзге адамдардың игілігін көздеген кез-келген ізгі, жарқын, деструктивті емес мақсатқа құрметпен қарау керек. Нағыз патриотпын деген адамның өзі де елден жыраққа, бірақ өзге мақсаттармен кетуі мүмкін. Бұған ештеңе істей алмайсың. Елде қордаланған үлкен проблемалар бар, ал дарынды жандардың шетел асуы – салдар ғана.
Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет.