Accessibility links

«Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» күні


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстанда «Ғашықтар күні» белгілі бір күнге тұрақтамай келеді. «Әулие Валентин» мен «Қозы Көрпеш–Баян Cұлу» тартысында кімнің жеңетінін ешкім білмейді.


Қазақстанда сәуірдің 15-ін «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» ғашықтар күні деп атамақ. Білетіндердің айтуынша, бұл күн ешбір құжатпен белгіленбеген, ешбір тарихи оқиғаға да байланбаған.

МЕРЕКЕ БАСТАУЫ

Журналист Талғат Балтабай бұл күн ең алғаш 1999 жылдан бастап аталып өткен дегенді айтады.

– Бұл мерекені атап өтуді, негізі, бірінші боп республика көлемінде Оңтүстік Қазақстан облысында 1999 жылы Дархан Мыңбай деген кісі ұсынып, жастар ұйымдарын, оқу орындарын, ақпарат құралдарын соған шақырған. Батыстағы мерекелерді ескеріп, ешқандай күнге тура келмесін деп дәл осы күнге қойылған болуы керек, – дейді Талғат Балтабай.

Қазақстанда «Еңлік–Кебек», «Қыз Жібек» сияқты түрлі ғашықтардың атымен аталатын махаббат мерекесін тойлау туралы ұсыныс айтылып та, жазылып та жүр. Іс жүзінде олардың ешқайсысы 14 ақпан күнгі «Әулие Валентин» сияқты кең дәрежеде аталып өткен емес. Бірақ ұлттық мерекенің қоғамға сіңіп кететіне сенетін адамдар көбейіп барады.

«ИНТЕРНЕТ-КҮРЕС»

Қазір бұл мерекенің ұлттық сипат алуына интернет қауымы да күш салып жатқан сияқты. Сәуірдің 15-і күні түрлі блогтарда ұлттық мерекені қолдауға шақыратын жазбалар пайда болса, дәл осы күні виртуалды ақындар мүшәйрасы да жарияланып жіберді. Идея авторы әрі mushaira.qazaquni.kz
Программист, блогер Аршат Оразов.
сайтын жасаушы программист Аршат Оразовтың айтуынша, негізгі мақсат – ғашықтар мерекесін насихаттау. Жаңадан ашылған сайтқа кез-келген ақын өлеңін қосып, мүшәйраға қатыса алады.

– Бұған дейін «Әулие Валентинге» қазақтардың өзінің баламасы болуы керек» деген сияқты пікірлер айтылып жүр. Бірақ соның бәрі сөз күйінде қалды. Сөйтіп осындай идея келді және «Жас қазақ үні» қолдады. Бұл конкурс әрі акция болады дедік, – дейді Аршат Оразов.

Ал жазушы Амангелді Кеңшілік қазір қоғамда мұндай мерекеге қатысты тар көзқарас қалыптасып отырғанына қынжылады.

– «Валентин күнін» тоқтату үшін осындай «Ғашықтар күнін» ойлап тапқаны – құптарлық іс. Дегенмен махаббат деген нәрсені қыз бен жігіттің арасындағы махаббатпен ғана байланыстырып, соның аясында ғана қалдыруға болмайды. Бұл ананың балаларына махаббаты, баланың ата-анасына махаббаты сияқты кең ауқымды қарастыру керек, – дейді Амангелді Кеңшілік.

Ал журналист Жанболат Мамайдың пікірінше, «Ғашықтар мерекесін» жастарға жасанды түрде таңуға болмайды. «Өкінішке қарай, бұл мереке қазір билікке қарасты жастар ұйымының есеп беру амалына айналды» деп
Журналист Жанболат Мамай. Алматы, 6 сәуір 2010 жыл.
есептейді ол.

– Түрлі деңгейдегі әкімшіліктегі жастар департаменттері жастарды жинап, жеңіл тақырыптарды қозғап, бүкіл жастардың басын қосып, әйтеуір жұмыс істеп жатыр. «Жаңа дүниелер әкеп жатырмыз», «жаңа идеялар келіп жатыр» деген сияқты есеп беру үшін сондай дүниелер керек. Мұндай мейрамдарды өткізуге белгілі бір деңгейде тендерлер бөлінеді. Сондықтан қаражатты жұмсау үшін, «жастар бөлімі жұмыс істеп жатыр» деген бір образ қалыптастыру үшін кейбір кезде осындай бір жасанды мейрамдар ойластырылып жататын сияқты, – дейді Жанболат Мамай.

Қазір Алматыда «Ұлттық ғашықтар күніне» орай Бірінші президент саябағында флешмоб өтейін деп жатыр. Ақпарат бойынша, интернет арқылы тараған бұл шараға «В контакте» қоғамдық желісіндегі 4300 адам қатысатынын айтқан. Бұл кеште махаббат тақырыбына арналған өлеңдер оқылып, түрлі байқаулар ұйымдастырылады.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG