Accessibility links

Алматыда қоғамдық көлік жүргізушілері жұмысқа шығудан бас тартып, жүргіншілер жолдарынан қалды


Қаңтардың 16-ы күні Алматыдағы «Экспресс-Транс» компаниясына қарасты №35 және №94 автобустардың жүзге жуық жүргізушісі наразылық акциясына шықты. Олар компания басшылығынан осы бағыттардағы автобус санын қысқартып, күнделікті жоспар көлемін төмендетуді талап етті.

Алматы тұрғыны Светлана Ким автобус аялдамасында бір сағат бойы қоғамдық көлік күтіп тұрған. Оның айтуынша, авторыноктан қалаға қарай автобустар екі бағытта ғана қатынайды: №35 және №94. Аталған көліктер бүгіндікке жүрмейтіндігін енді ғана естіген Светлана Ким қоғамдық көліктердің тоқтап қалуы жергілікті тұрғындарға да қиын соғатындығын жасырмады.

-Біз жүргізушілерді қолдаймыз. Өйткені қоғамда бәрі бір-біріне байланысты. Компанияның басшылығы олардың талабын орындап, тез арада автобустардың қозғалысын қалпына келтіруін қалаймыз, - деді автобустың жоқтығынан такси тоқтатуға мәжбүр болған Светлана Ким.

№35 бағыттағы қоғамдық көліктің жүргізушісі Бауыржан Мәдиевтің «Экспресс-Транс» компаниясында жұмыс істеп жатқанына бір жыл болыпты. Оның айтуынша, соңғы уақыттары күнделікті жоспарды орындау қиынға түсіп отыр.

- Біз қиналып кеттік. Мәселен, сейсенбі күні №35 бағыт бойынша 20 автобус шықты. Бір бағытта 700 теңге, кері бағытта 1000 теңге түсіп отырды. Не жоспар орындалмады, не жанармай құны өтелмеді. Кешке дейін бір-бірімізбен жарысып жүрдік, - деді Бауыржан Мәдиев.

Жүргізушілер компания басшылығына екі талап қойып отыр:- біріншісі, №35 және №94 бағыттарда жүретін автобус санын қысқарту; екіншісі – күнделікті табыс жоспарының көлемін төмендету.

Қазіргі таңда сөз болып отырған екі бағыт бойынша елуге тарта автобус қатынайды. Әрбір автобус жүргізушісі күніне компанияға 22 мың теңге төлейді. №94 автобус жүргізушісі Азамат Танабаевтың айтуынша, дәл осындай жағдайда жоспарды орындау мүмкін емес.

- Басшылықтан жоспарды 18 мың теңге көлемінде белгілеу арқылы жүргізушілердің айлығын дұрыс төлеуін талап еттік, - деді Азамат Танабаев.

«Экспресс-Транс» компаниясының басшылығы журналистердің сауалдарына жауап беруден бас тартты. Бірақ жұмысшылардың талабын ескеріп, күнделікті жоспар көлемін бар болғаны мың теңгеге түсіруге келісті. Жүргізушілер болса басшылықтың шешіміне риза емес. Соған қарамастан бірқатар автобус түстен кейін №35 және №94 бағыттар бойынша қатынауын жалғастырды.
XS
SM
MD
LG