Accessibility links

Жұмыртқа лақтырушы бұл жолы министрді көздеді


Серік Әбденов қоғамдық белсенді Андрей Цуканов лақтырған жұмыртқадан қорғанып отыр. Алматы, 26 сәуір 2013 жыл.
Серік Әбденов қоғамдық белсенді Андрей Цуканов лақтырған жұмыртқадан қорғанып отыр. Алматы, 26 сәуір 2013 жыл.

Қазақстанда наразылықтың бір түрі – белгілі қоғамдық тұлғаға жұмыртқа лақтыру екінші мәрте қайталанды. Бұл жолы зардап шеккен саясаткер өзіне наразы адамды сотқа бермейтінін айтты.

Сәуірдің 26-сы күні Алматыда журналистермен кездесу өткізген еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденовке қарағандылық азаматтық қоғам белсендісі Андрей Цуканов шикі жұмыртқа лақтырды. Белсенді «шыдамы таусылған соң» осындай әрекетке барғанын айтты.

- Мұндай адамдармен жай сөйлесуге болмайды. Себебі маңызды сұрақтарға «сондықтан да сондықтан» деп жауап береді. Ол мұнда барлығымызды келеке етіп отыр. Біз не айтсақ та, реформаны іске асырады. Сондықтан жалғыз жол осылайша масқаралау болды, - деді Андрей Цуканов.

Министр Алматыға зейнет жүйесінің реформасын халыққа түсіндіру үшін келген еді. Жұртпен кездеспес бұрын ол журналистер алдына шыққан еді. Цуканов жұмыртқаны осы журналистермен кездесу үстінде лақтырды.

Министрдің өткен аптада Қарағанды тұрғындарымен өткізген кездесуінде айтқан «сондықтан да сондықтан» деген сөзінің үзіндісін жергілікті телеарналар мен әлеуметтік желілер қағып алып, әзіл-оспаққа айналдырған.

«ШІРІГЕН ҚЫЗАНАҚ БОЛМАЙ ҚАЛДЫ»

Министрмен кездесуге әдейі дайындалып келгенін айтқан Цуканов «Жақын маңдағы дүкеннен үш жұмыртқа сатып алдым. Шіріген қызанақ болмады, әйтпесе соны лақтырар ем» деді.

Ал аз-кем үзілістен кейін киімін дұрыстап келіп мәслихатын ары қарай жалғастыра берген министр Серік Әбденов жұмыртқа лақтырған Цуканов туралы:

- Егер азаматтың этикасы сондай деңгейде болса, ол - әлгі азаматтың жеке проблемасы. Осы жерде барлық мүмкіндік жасалып жатыр. Неге өздеріңіз құсап отырып сұрағын қоймайды? – деген пікір айтты.

ВИДЕО: Жұмыртқа лақтыруға министрдің жауабы
Жұмыртқа лақтыруға министрдің жауабы
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:59 0:00

Бұл оқиғадан кейін полиция қызметкерлері Андрей Цукановты Бостандық ауданындағы бөлімшесіне алып кетті.

Көп ұзамай Алматыдағы әкімшілік істерді қарайтын ауданаралық арнайы сот үкімі бойынша белсенді Андрей Цукановтың "ұсақ бұзақылығы үшін" жеті тәулікке қамалғаны белгілі болды. Цуканов жергілікті тілшілерге: «Министрге әдейі жұмыртқа лақтырғанымды мойындадым. Ал төңірегімдегі басқа адамдарға дөрекелік жасамағанымды айттым» деді.
Азаматтық белсенді Андрей Цуканов.
Азаматтық белсенді Андрей Цуканов.

ЖҰМЫРТҚА ТИГЕН АЛҒАШҚЫ ҚАЗАҚ МИНИСТР

Бұл жұмыртқа лақтыру арқылы наразылық білдірудің Қазақстанның жаңа саяси тарихындағы бірінші мысалы емес.

2010 жылы қазанның 27-сі күні Ұлттық баспасөз клубында оппозициялық саясаткерлер Серікболсын Әбділдин, Ғазиз Алдамжаров және Владимир Козлов өткізбек болған баспасөз жиыны да осыған ұқсас қарсылыққа тап болған.
Оппозиция өкілі Владимир Козловқа жұмыртқа лақтырылған баспасөз мәслихаты. Алматы, 27 қазан 2010 жыл.
Оппозиция өкілі Владимир Козловқа жұмыртқа лақтырылған баспасөз мәслихаты. Алматы, 27 қазан 2010 жыл.

Өздерін «Желтоқсан-86» ұйымының мүшелері ретінде таныстырған Гүлбаһрам Жүніс пен Талғат Рысқұлбек есімді белсенділер баспасөз мәслихатының спикерлеріне жұмыртқа лақтырып, Козловтың «президент сайлауы жарияланса, президенттікке үміткер боламын» деген мәлімдемесіне наразылық білдірген еді.

Бұл оқиғадан соң Алматы қаласының әкімшілік соты Гүлбаһрам Жүніс пен Талғат Рысқұлбековті әкімшілік кодекстің 330-бабы бойынша, яғни «ұсақ бұзақылық» жасағаны үшін айыпты деп танып, әкімшілік жазаға тартқан. Гүлбахрам Жүніске 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынып, Талғат Рысқұлбеков 7 тәулікке қамауға алынған.
Гүлбаһрам Жүніс пен Талғат Рысқұлбек. Алматы, 27 қазан 2010 жыл.
Гүлбаһрам Жүніс пен Талғат Рысқұлбек. Алматы, 27 қазан 2010 жыл.

Сол кезде Владимир Козлов прокуратураға арыз жазып, баспасөз мәслихаты кезінде намысына тигендерді қылмыстық жауапқа тартуды талап еткен еді.

Ал бүгін жұмыртқаның астында қалған қазіргі үкімет құрамындағы ең жас (36 жастағы) министр Серік Әбденов белсенді Андрей Цукановтың әрекетін оның «мәдениеті мен этикасының деңгейін көрсетеді» деп сипаттады. Наразылық танытушыны сотқа беріп, арыз жазып «оның деңгейге түспеймін» деп жауап берді.

Азаттық радиосы Қазақстан үкіметінің әлеуметтік саясатына қатысты түрлі реформаларына қарсы арта түскен халық наразылығы туралы тұрақты түрде жазып келеді. Соңғы жылы жүкті әйелдерге бір реттік жәрдемақы көлемін азайту мен әйелдердің зейнетке шығу жасын 63-ке дейін ұлғайтуға қатысты наразылық акциялары бірнеше қалада өткен еді. Бірақ министрге жұмыртқа лақтыру – Қазақстанның жаңа саяси тарихында бірінші рет болып отырған оқиға.

Ағылшын тілінде egging аталып кеткен, жұмыртқа лақтыру арқылы наразылық білдіру формасы басқа елдерде де болып тұрады. Мұндай шабуылға ұшыраған белгілі саясаткерлердің арасында АҚШ-тағы Калифорния штатының бұрынғы губернаторы Арнольд Шварценеггер, Ұлыбританияның бұрынғы вице-премьері Джон Прескот пен Украинаның премьер-министрі Виктор Янукович те бар. Төмендегі видеода Джон Прескотқа жұмыртқа лақтырудың соңы төбелеске айналғаны көрінеді. 2001 жылы Ұлыбританияның лауазымды шенеунігіне жұмыртқа лақтырған Крейг Эванс есімді фермер күтпеген жерден Джон Прескоттың жұдырығын иіскеп қалған еді. Бұдан соң шенеунік емес, керісінше жұмыртқа лақтырушы сотқа берем деп сес көрсеткен.

XS
SM
MD
LG