Accessibility links

Евгений Жовтисті шартты бостандыққа шығармай қойды


Құқыққорғаушы Евгений Жовтис, Алматы, 10 ақпан 2009 жыл.
Құқыққорғаушы Евгений Жовтис, Алматы, 10 ақпан 2009 жыл.

Сейсенбі күні құқыққорғаушы Евгений Жовтистің өтінішін қараған Өскемендегі қоныстандыру колониясының арнайы комиссиясы оны шартты түрде мерзімінен бұрын босатпауды ұйғарды.


Қаңтардың 18-і күні Өскемен түрмесінің әкімшілігі өкілдерінен құралған арнайы комиссия төрт жылға бас бостандығынан айрылған құқыққорғаушы Евгений Жовтисті шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы мәселені қарап, оны босатпау туралы шешім шығарды.

Қазақстандағы Адам құқығын қорғау бюросының өкілі Виктория Тюленованың айтуынша, комиссия үш себепке байланысты бас тартқан.

– Біріншісі, олардың айтуынша, Евгений Александрович «түзелуге әрекет жасамаған». Екіншіден, ол «колонияның өміріне белсенді араласпайды», нақтырақ айтсақ, колониядағы тәртіпке келтіру кеңесіне кірмеген көрінеді. Үшіншіден, мекеме әкімшілігінің ынталандыру шараларына ілікпеген, – деді Адам құқығын қорғау бюросының өкілі Виктория Тюленева қаңтардың 18-і күні Азаттық радиосына.

Комиссияның шешімін заңсыз деп бағалаған құқыққорғаушы комиссия келтірген үш негіздің де тым біржақты екенін айтады.

– «Түзелуге әрекет жасамады» деген не сөз? Мұндай қорытындыға алып келген Евгений Александровичтің іс-әрекеті қалай бағаланған? Қалай бұл сарапталған? Сараптаманы кім жасады? Менің ойымша, бұл шешімге әсер ететіндей лайықты негіз емес. Өте субъективті көзқарас, – деді құқыққорғаушы Виктория Тюленева.

Ол жазасын өтеп жатқан Жовтистің мекеме атынан футбол командасына жетекшілік еткенін де айтып өтті.

– Мекеме тоңбасын деп көмір сатып әперген. Осы жағдайларды көре отырып, қалайша осындай шешім шығаруға болады? – деді Виктория Тюленева.

Евгений Жовтистің зайыбы әрі адвокаты Светлана Витковская сейсенбі күні өткен арнайы комиссияның жұмысына қатыспағанын, есесіне оған Жовтистің өзі қатысып келгенін айтады. Ол Жовтистің өтінішті қайта қарауды сұрап шағым түсіретінін хабарлады.

– Евгений Александровичтың қолына әуелі қажетті құжаттар тисін. Содан соң сотқа шағымданатын болады, – деді Светлана Витковская қаңтардың 18-і күні Азаттық тілшісіне.

Жазаның үштен бірін өтеген Евгений Жовтис таяуда өзінің шартты түрде мерзімнен бұрын босауға хақы бар екенін жазған еді.

2009 жылы жазда Евгений Жовтис Қараой-Алматы тас жолының 131-шақырымында 34 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Жүргінші сол жерде қаза тапты.

Оның ісін қараған сот Жовтис жол ережесін бұзып, кісі өліміне себеп болғаны үшін айыпты деп тауып, сол жылы қыркүйектің 3-і күні Алматы облысы Балқаш аудандық соты құқыққорғаушыны төрт жылға бас бостандығынан айырып, жазасын қоныстандыру колониясында өтеуге үкім шығарған болатын.

Қазір ол Шығыс Қазақстан облысына қарасты Саратовка елді мекенінде орналасқан ОВ-156/13 қоныстандыру колониясында жазасын өтеп жатыр.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG