Accessibility links

Үкімет иелігіне алған елдегі ең ірі банк негізгі қарызды өтеуді тоқтатты, өзгелері шығынға батуда


Қазақстан Халық банкінің Алматыдағы бөлімшелерінің бірі.
Қазақстан Халық банкінің Алматыдағы бөлімшелерінің бірі.

Қазақстандық ақпарат құралдары БТА банктің өз міндеттемелері бойынша негізгі қарызды өтеуді тоқтатқанын хабарлады. Батыс баспасөзі Қазақстанда суверендік қарыздар өссе, қарқынды рецессия болса немесе елдегі әлеуметтік-саяси ахуал ушығып кетсе Fitch агенттігі Қазақстанның рейтингін төмендететінін айтып отыр.

БТА БАНК ӨЗ МІНДЕТТЕМЕЛЕРІ БОЙЫНША НЕГІЗГІ ҚАРЫЗДЫ ӨТЕУДІ ТОҚТАТТЫ

Қазақстанның БТА банк акционерлік қоғамы қарыздарды акселерациялау талаптары пайда болуы салдарынан өз міндеттемелері бойынша негізгі қарызды өтеуді тоқтатқаны туралы ақпарат «Visor capital» инвестициялық компаниясының сәуірдің 24-і күнгі шолуында шыққанын хабарлады ҚазТАГ агенттігі.

Бірнеше кредитордан сыртқы қарыз бойынша төлемдерді жеделдету талаптары жазылған ескерту хат алған банк сәуірдің 20-сынан бастап негізгі қарыз бойынша төлемдерін тоқтатқан.

«Банк кредиторлармен және инвесторлармен бірлескен жұмыс барысында «ағымдағы қарызды басқару бойынша дәлелденген, транспарентті және тиімді бағдарлама» жасалмайынша, сыртқы қарыздар бойынша төлемдерді жүзеге асырмайтынын хабарлады», – делінген инвесткомпанияның құжатында.

Онда атап көрсетілгендей, «банк өзінің операциялық қызметі үшін стратегиялық түрде қажет болып табылатын сыртқы қарыз бен төлемдерді өтеу бойынша пайыздық төлемдерді жүзеге асырады».

Бұл хабарламаға қатысты ҚазТАГ тілшісіне түсініктеме беруден бас тартқан БТА банк басқармасының төрағасы Әнуәр Сәйденов, сәуірдің 24-і күні кешке инвесторлармен кездесу жоспарланып отырғанын айтқан.

ҚАЗАҚ БАНКТЕРІНЕ СЫРТТАН ҚАРЫЗ АЛУ МҮМКІНДІГІ АЗАЙДЫ

Сарапшылар жақын болашақта қазақстандық банктердің сыртқы қарыздарына реструктуризация жасалуы ықтимал болғандықтан, Қазақстан компанияларына шетелден қарыз алуға үміттің аз екендігін айтып отыр, деп жазады Еurasianet сайты. «Өйткені, елдегі банктер 2009 жылы 11 млрд доллар және 2010 жылы 8 млрд доллар қарызды шетел банктеріне қайтаруы керек», деп мәлімдеді сәуірдің 22-і күні Алматыда Fitch Ratings рейтинг агентігінің өкілдері.

Талдаушылардың айтуынша, енді қазақстандық банктер мен компанияларға батыс банктерінен қаржы алу анағұрлым қиындай түспек. Дағдарыстың бастапқы кезеңінде үкімет банктердің сыртқы қарыздарына реструктуризация жасау қажеттілігін мойындамай келгенімен, жақында президент Нұрсұлтан Назарбаев осы жұмысты атқару мүмкіндігін қарастыру туралы нақты тапсырма бергенін Қазақстанның қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің басшысы Елена Бахмутова айтты, деп жазады сайт.

2009 жылдың басында Қазақстан банктері сыртқы кредиторларға 39 млрд доллар берешек болатын, дейді ол туралы ақпаратты білетіндер. Қазақстанның шетелдік кредиторларға жиынтық қарызы 108 млрд долларды құрайды.

Бұл тақырыпқа байланысты Newsline онлайн-басылымы осы айда Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан үкіметі Халықаралық валюта қорынан да, Дүниежүзілік банктен де қаржылай көмек сұрамайды деп мәлімдегенін атап өткен.

«БАНКТЕРДІҢ СЫРТҚЫ ҚАРЫЗЫН ТӨЛЕУГЕ МЕМЛЕКЕТ КЕПІЛДІК БЕРМЕЙДІ»


Ұлттық экономиканың қаржы саласындағы жағдай шынымен нашарлай түскенге ұқсайды. Бұл туралы жанама дәлел, банктердің сыртқы қарыздарын төлеуге үкіметтің кепіл бермейтіндігі жайында, тағы да сол Елена Бахмутованың мәлімдемесінде айтылды. Reuters агенттігі оның: «мемлекеттік кепілдіктер, мейлі ол Альянс банкке қатысты болсын, өзгелерге болсын, ешқандай жағдайда берілмейді», деп айтқанын келтірген.

Активтерінің көлемі бойынша елде төртінші боп тұрған жеке меншік банк саналатын Альянс банк өткен айда, өзінің дефолтқа ұшырағанын жариялап, енді борыштарына реструктуризация жасауға құжаттарын қамдай бастағанын хабарлаған болатын.

Ал ақпан айында мемлекеттің қарамағына өткенге дейін елдегі ең ірі банк болып келген БТА банк та қазір қарыздарына реструктуризациялау үшін мүмкіндіктер іздестіруде.

Сондай-ақ, Бахмутова банктердің резервтік қорларына қойылатын талаптардың қатайтылатындығын мәлімдеді. Қазіргі кезде бұл көрсеткіш 14,6 пайызды құрағанымен, биылғы жылдың соңына дейін ол 25 пайызға дейін өсуі ықтимал. Тіпті, 30 пайызға дейін барып қалуы мүмкін деп ескертеді Reuters.

Үкімет бұған дейін банктерді құтқару үшін ұлттық экономиканың несиелік институттарының саласына 5 млрд доллар құйған еді. Бұл соманың жартысына жуығы БТА банкті сатып алуға жұмсалды. Сонымен бірге, мемлекет Казкоммерцбанк пен Халық банктің 25 пайыздық акциялар пакетін сатып алды.

Вusinessneweurope онлайн – басылымы сарапшыларының пікірінше, аталған шаралар елдің халықаралық резервтеріндегі алтын – валюта қорының көлемін әрі теңгенің айырбасталу бағамын төмендетпей ұстап тұруға оң әсерін тигізбек. Алайда бұл, қарыздарға белшесінен батып, төлем қиындықтарына тап болған банктер үшін қуанышты хабар болмасы анық, деп жазады аталған басылым.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БАНКТЕР ШЫҒЫНҒА БАТЫП БАРАДЫ

Резервтік қорларға қойылатын талаптардың қатайтылатындығын есепке ала отырып айтқанда, деп ой түйеді Вusinessneweurope, биылғы жыл соңына қарай Қазақстандағы коммерциялық банктердің қалтасын қағар таза шығынның мөлшері 4 млрд. долларды құрайтын көрінеді.

Алайда, Қазақстан банктері бүгіннен-ақ өз пайдасынан айрылып жатыр. Мысалы, Казкоммерцбанк таяуда ғана, 2008 жылдың нәтижелерін сараптай отырып, 2007 жылмен салыстырғанда өзінің таза пайдасының 65 пайызға азайып кеткендігін жария етті. Сайт, егер Қазақстанда тоқырауды меңгеру нәтижесінде суверендік қарыздар (пассивтер) өссе, немесе 2009 жылы орын алуы мүмкін делініп отырған айтарлықтай қарқынды рецессия салдарынан елде әлеуметтік немесе саяси наразылық белең алса, онда бұл елдің рейтингін одан әрмен түсіретіні жайлы Fitch агенттігінің ескертуін тілге тиек етеді.

Несие мекемелері саласындағы ахуалға баға бере отырып, Вloomberg агенттігі елдегі ең ірі банк БТА-ның, биылғы жылдың бірінші тоқсанындағы нәтиже бойынша, 1,74 млрд. доллар көлемінде зиян көргендігін хабарлайды. Бұл ахуалға қатысты қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің басшысы Елена Бахмутова, БТА-ың қарыздарын модификацияламай-ақ банкрот бола алатындығы туралы мәлімдеме жасады, деп атап көрсетеді агенттік. Себебі, дейді Бахмутова ханым, аталған банктің несие портфелінің сапасы үсті-үстіне нашарлай түсуде.

Қазақстандағы 37 банктің биылғы жылдың бірінші тоқсаны нәтижесі бойынша жалпы шығынның мөлшері 2 млрд. доллардай (немесе 296,6 млрд. теңгедей көлемдегі) соманы құрап отыр.

Қазақстанның банктік сферасындағы ахуалға байланысты Individual интернет-басылымы, бұдан бұрынырақта жасалған Reuters агенттігінің, «Әблязовтың кетуінің Қазақстандағы үлкен бизнес саласындағы күш теңгерімінің бұзылуына әкелгенін, ал мұның инвестиция салу туралы шешім қабылдағанда Қазақстандағы саяси тұрақтылық пен экономикадағы күштер теңгеріміне сенім артатын салымшылар үшін теріс нышан боп табылатыны» жөніндегі сөзін келтіреді.
XS
SM
MD
LG