ҚЫРЫМ ТАТАРЛАРЫНЫҢ ҚЫРҒЫНЫ
Қырым татарларын (көбі әйел, бала-шаға, кәрі-құртаңдар болатын) 66 жыл бұрын еш ескертусіз үйлерінен қуып шығып, қалалық, ауылдық орталықтарға жинай бастады. Сол жерден жүк көліктеріне мінгізіп, таяу маңдағы теміржол станцияларына жөнелтті. Одан әрі Совет Одағының Орталық Азия, Сібір, Орал сияқты қиыр аймақтарына жіберді. Жер аударылғандардың жартысына жуығы – 46,3 пайызы – жолда көз жұмды.
Жаппай қоныс аудару шарасы Совет Одағы Мемлекеттік қорғаныс комитетінің қаулысына сай жүрді. Ол жоспар бойынша, мәжбүрлі қоныс аударушыларды Өзбекстанға, Қазақстан мен Тәжікстанның шекаралас аймақтарына таратты. Бір айдан кейін Қырымнан армян, болгар мен гректерді де көшірді.
Жалпы, Қырымнан 228 543 адам қоныс аударды. Оның 191 014-і – қырым татарлары. «РБК-Украина» ақпараты берген мәлімет ресми дерек көздерінен алынған сияқты. Бірақ мемлекеттік деректің шындықтан қаншалықты бұрыс екенін ешкім білмейді. Ол соғыс заманы еді. Айна-қатесіз дәлдікті ешкім талап етпейтін.
Сталин билігінің тағы бір қатыгез ісі құжатқа толық түскен. Қырым татарларының Ұлттық мәжілісі соған байланысты естелік, әңгімелердің жарық көруіне бастамашы болды. Ол бірнеше тілде (ағылшын тілінде де) жарық көреді. Жинақ «Унутма» («Ұмытпа») деп аталады.
БИЛІКТІҢ БАСТАМАСЫ
Украинада «1932-1933-ші жылдардағы аштықты украин халқын құрту шарасы деп санаймыз ба?» деген дау бірнеше жылдан бері толастамай келеді. «Бұл – жаппай қыру шарасы» дегенді Украинаның бұрынғы президенті Виктор Ющенко жанын сала жақтаған. Бірақ елде ешқашан «сталинизм тұсындағы қырым татарларын қыру – халықты жаппай құрту» деген сөз айтылмап еді.
Қырым татарлары жайлы мәселеге аяқ астынан Виктор Янукович кірісті. Күштеп қоныс аударудың 66 жылдығына орай президенттік қаулы шығарды. Қырым татарлары Совет билігінен де, одан кейінгі өкіметтерден де мұндай жылы сөз естімеп еді. Бұл қаулыны ерекше оқиға деуге болады.
Ұлтына қарай күштеп жер аударылған қырым татарларын, басқа да халықтарды, олардың Украинаға оралған немесе қоныс аударамын деген ұрпақтарын шақырып, орналастыру мәселесі жайлы қаулы шығарған биліктің не ойы бары көпшілікке әлі анық емес.
Виктор Янукович Украинаның министрлер кабинетіне «бір айдың ішінде осы қаулыға байланысты нормативтік-құқықтық актілерді ойластырыңдар» деген бұйрық берді.
Бұл қаулы бойынша, Украина үкіметі сараптама жасаған соң, мемлекеттік этноұлттық саясат пен жер аударылған халықтарды Украинада орналастырып, сол жерге бейімдеудің 2015 жылға дейінгі тұжырымдамасын жедел мақұлдауы керек.
Президент бұған байланысты бастапқы анық міндеттерді министрлер кабинетіне жүктеп, «күштеп жер аударудың 66 жылдығын дұрыстап атқарыңдар» деген тапсырма берді.
Бахчасарай тарихи-мәдени қорығының да бағы жанды. Президент қаулысы бойынша енді Ұлттық қорық деп аталатын болды. Виктор Янукович Қырым Автономиялы Республикасы Министрлер кеңесіне «Симферопольда Бас мешіт салу мәселесін шешіңдер» деген тапсырма берді.
ҚЫРЫМДАҒЫ ТАТАРЛАРҒА ҚАРСЫ КӨҢІЛ АУАНЫ
Президент қаулысына бақсақ, қырым татарларының жағдайы оңала бастаған сияқты. Бірақ біраз оқиғалар қырым татарларының өмірі дәл мұндай жақсы емес екенін айғақтайды.
Виктор Януковичтің қаулысынан екі күн бұрын қырым татарларының ресми газеті Еуропа Кеңесі Парламент ассамблеясы (ПАСЕ) мүшелері қол қойған мәлімдеме жариялады. Оған қол қойғандардың арасында ПАСЕ-нің бұрынғы төрағасы, испаниялық Лоис Мария де Похе, Ұлыбританиялық лорд Джон Томлинсон, Юлия Тимошенконың тобындағы Сергей Соболев және басқа да адамдар бар.
Пәтерлерінен шығарылып жатқан Қырым татарлары "Біз 1944 жылдың қайталануына жол бермейміз!" деп наразылық танытып тұр Алушта, 16 қараша, 2001 жыл.
Олар Қырымдағы татар ұлтына қарсы әрекеттердің күшейіп бара жатқанына алаңдайды. Әсіресе Украинаның ішкі істер министрі Анатолий Могилев жазған «қорлауға толы мақаланы» баса айтады. Оны Виктор Янукович жуықта ғана министр етіп тағайындаған еді.
Қырым милициясын басқаруға келген Анатолий Могилев бүкіл қырымдық татарларға «нацистермен ауыз жаласты» деген айып тақты. Могилевтің айтуынша, татарлар соған байланысты заңды түрде жер аударылған. Зорлықпен көшірілгендердің тең жартысы қырылып қалса да, Анатолий Могилев мұны «дұрыс әрі адамгершілікке толы шара» болды дейді.
Мәлімдемеге қол қоюшылар дәл сол Анатолий Могилевтің 2007 жылы Ай-Петри тауында қырым татарларына қарсы мыңдаған сақшыны жұмсағанын айтады. Милиционерлер қырым татарларының ошақтарын ойран еткен. Бульдозерге қарсы шыққан татарларды аяусыз ұрып-соққан. Шеруге шыққандардың жетеуі ауруханаға түскен. Біреуіне оқ тиген. Ол кезде Анатолий Могилевті жазаламай, қызметінен табан астында алып тастаған.
Еуропа Кеңесі Парламент ассамблеясы мүшелері украин билігіне «ресми билік орындарындағы тұлғалардың басқа діни және этникалық топтарға қарсы пікір айтуына, жалған әрі арандатушы мәлімдеме жасауларына тыйым салыңдар» деді.
ПАСЕ мүшелерін Нью-Йорктегі Қырым татарларының ақпараттық-зерттеу орталығы да қолдады. Орталық жаңағы талаптарға қоса украин билігіне «қырым татарларын Қырымның тұрғылықты халқы деп, олардың тілін автономиялы республикадағы ресми үш тілдің бірі деп таныңдар» деді.