Accessibility links

"Қазақстан университетіндегі жүйе мектепке ұқсайтынын білдім"


Тимур Исаенко
Тимур Исаенко

Қазақстанда жүріп германиялық оқу орнының грантын ұтып алып, қазір Нюрнбергте оқып жатқан студент оқу жүйесі жайлы әңгімелейді.

Тимур Исаенко – Алматы қаласының тумасы. 2014 жылы мектеп бітірген соң Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика-технология факультетіне "электр техниканы жөндеу" мамандығы бойынша оқуға түскен. "Қазақстандық оқу орынның білім беру жүйесіне көңілі толмаған" Тимур 2015 жылы Германиядағы Нюрнберг қаласындағы Георг Симон Ом атындағы университетінің грантын жеңіп алған. Қазақ, орыс, ағылшын, неміс тілдерін меңгерген ол Азаттыққа Германиядағы оқуы, ондағы білім жүйесінің ерекшеліктері туралы айтып берді.

Азаттық: – Қазақстанда Ұлттық тестілеуге үйренген балаға емтихан тапсыру, құжат жинау секілді жұмыстар қиындық туғызған жоқ па?

Тимур Исаенко: – Мен үшін қиынға соққаны – құжат жинау. Себебі компьютер алдына отырып, қандай да бір ақпарат қарайсың, оқисың. Бірақ ақпараттың қаншалықты шынайы екенін білмейсің. Маған көмектесетін ешкім болмады. Бірақ Германияда бәрі басқаша. Емтихан тапсырған күн өте қызық өтті. Сол күні оқуға тапсыруға келгендердің кезегі бір шақырымға дейін созылды. Шамамен 680-700 адам үміткер болған, соның ішінен 40 студент таңдалды. Бір орынға 15 адам таластық. Алғашқы бөлімде тест тапсырдық. Тест пәндерін өз мамандығыңа байланысты таңдайсың. Мен математика мен физика пәндерін таңдадым. Екі пәнді неміс тілінде тапсырсақ та, айтарлықтай қиындық туғызбады. Себебі мектеп қабырғасынан бұл пәндерді ұнататынмын. Бірақ неміс тілінен қатты қиналдым. Германияда неміс тілінен емтихан тапсыру шет елден келген азаматтарға міндетті болды.

Нюрнбергтегі неміс тілінен емтихан тапсыру
Нюрнбергтегі неміс тілінен емтихан тапсыру

Тағы бір айта кететін нәрсе, мен Германияға келгенде бірден университетке оқуға түсе салмадым ғой. Жарты жылды тіл үйренуге жұмсап, бір жылды студенттік дайындық курсына арнадым. Бұл тегін курс маған көп көмегін тигізді. Ол жерде математика, физика пәндерінен дайындалдым. Менен басқа да шет ел студенттерінің болғаны неміс тілін үйреніп, тілді тез арада меңгеруіме ерекше әсер етті. Аз уақыттың ішінде неміс тілін жақсы түсініп, сөйлей бастадым.

Азаттық: – Не себепті Германияны таңдадыңыз? Әлде білім беру жүйесінде сізді қызықтырған ерекшелік болды ма?

Кез келген уақытта кез келген мұғалімнің пәнін таңдап, лекциясына кіре аласың.

Тимур Исаенко: – Негізі бала күнімнен шет елде оқуды қалайтынмын. Бірақ жүз пайыз сенімді болмадым. Чехияда оқуды қарастырдым. Алайда ол жерде өмір сүру қымбатқа шығатын еді. Мен қарапайым жанұядан шықтым. Әкем - құрылысшы, анам - ауылдық жердегі мектепте карапайым қызметкер. Өзімнен үлкен ағам мен әпкем бар. Мен не үшін Германияда оқуды қаладым? Бірінші, Германияда өмір сүру жеңіл. Бұл елде емтихан тапсырып түссең тегін оқисың, ал түсе алмасаң мүлдем оқи алмайсың. Яғни, "ақылы оқу" деген жоқ. Негізгі себеп - осы. Менің бір қасиетім, егер қандайда бір іске қызығушылық танытсам, мақсат қойсам, оған жетпей тынбаймын. Осы табандылығым мені осы елге әкелді. Екінші, бұл елде технология саласына байланысты мүмкіндіктер өте көп. Өз мамандығыңызға байланысты толық білім ала аласыз. Үшінші, Германияға осы уақытқа дейін екі рет келген едім. Бұл елдің басты артықшылығы- өзге елдерден еш уақытта көшірме жасамайды. Білім беру жүйесінің құрылымы немесе тағы басқа жүйенің барлығын өздері ойлап тауып, өздері негізін қалайды. Әр уақытта жоғары сапада жұмыс жасайды. Германияда қандай мамандыққа қажеттілік туындаса, сол мамандық оқытылады. Кез келген мамандықты таңдай аласың, бірақ орын шектеулі. Себебі компаниялардың өздері адам санын шектеп отырады. Барлығын алдын-ала ұйымдастырып қояды. Менің мамандығым - мехатроника. Қазақстандағы университетте электротехника мамандығында екі семестр оқыдым. Маған мүлдем ұнамады. Бірден "шет елге кетемін" деген шешім қабылдадым. Мұндай шешім қабылдағаныма мүлдем өкінбеймін.

Азаттық: Қазақстанда оқу жүйесі ұнамады ма әлде оқытушылардың білім деңгейіне көңіліңіз толмады ма?

Тимур Исаенко: – Қазақстандық жоғары оқу орындарының білім беру мектеп жүйесіне ұқсайтынына көз жеткіздім. Әрине, университеттегі тәртіп мектептегіден басқаша. Бірақ еркіндік жоқ. Ол жақта не үшін оқып жүргеніңді білмейсің. Тек диплом алу керек. Өмір сүру үшін. Жұмыс жасау керек. Сондай ойлармен басың қатады. Бұл жақта университетте жүріп кез келген фирмаға барып, жұмыс жасай аласың. Айына 300-400 еуро жалақы береді. Студенттің қалаған ісімен айналысуына мүмкіндік көп. Не ішем, не кием деген сұрақтар болмайды. Тек сабақты ойлайсың. Ол жердегі студенттер не қалайтындарын біледі. Ал Қазақстанда не айтылса, сол нәрсе болады. Ата-анаға да, студентке де диплом керек. Төрт жыл білім алып болғанан кейін жұмыс қарайды. Жұмыс табылмауы да мүмкін. Сондай кезде көңілің түсіп кетеді.

Сен бұл жерде ешкім емессің, бірақ сені бәрі құрметтейді.

Тағы бір айта кететін нәрсе, Қазақстандағы секілді бекітілген, қатып қалған талаптар жоқ. Мысалы, сабақ кестесін өз уақытыңа, мұғалімдердің уақытына қарап ыңғайлап қоясың. Кез келген уақытта кез келген мұғалімнің пәнін таңдап, лекциясына кіре аласың. Барлық лекциялар видео формат ретінде өтеді. Өткен лекциялардың жиынтығы интернетте болады. Керек кезінде жүктеп аласың. Топ болып сабақ оқу деген жоқ. Барлығын өз мүмкіндігіңе қарай реттеп отырасың.

Азаттық: – Дамушы елден дамыған елге бардыңыз. Яғни, Германияға алғаш барғанда өзіңізді ыңғайсыз сезінген немесе сізге таңсық көрінген жағдайлар болды ма?

Тимур Исаенко: – Бұл елде сенің кім екенің, қайдан келгенің, қашан келгенің маңызды емес. Әркімнің өз құқығы бар. Студенттердің жақсы өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалған. Студенттерге киім, тамақ дүкендерінде, музейлер мен ескерткіш секілді ғылыми-мәдени орындарға жеңілдіктер бар. Адамдар бір-біріне көп көмектеседі. Қолдайды. Сен бұл жерде ешкім емессің, бірақ сені бәрі құрметтейді. Бұл өте керемет сезім. Мұндағы барлық адамдар уақытпен санасып жүреді. Сапалы жұмыс жасайды. Қандай да бір нәрсе талап етсең жүз пайыз жасап береді. Дүкендегі сатушы да, заводтағы инженер де. Мына жақтағы өмір сүру деңгейі Қазақстанға қарағанда өте жоғары. Менде ертең "не ішемін" немесе "ақша жетпей қалады-ау" деген ой болмайды. Бұл – шындық. Егер сенде ақша болмаса мемлекет көмектеседі. Мемлекет саған көмектесуге міндеті. Салық мөлшері өте жоғары. Көзқарас мүлдем басқа. Ата-анамен бала 15 жасқа келгенге дейін араласады. 17 жастан кейін бала ата-анасының жанынан кетіп қалады. Ол өзі пәтер жалдап, өз бетімен өмір сүреді. Мемлекеттен көмек сұрайды. Егер ол жұмыс жасамайтын болса, мемлекеттік пәтер беріледі. Бұл жағы да өте жақсы ұйымдастырылған.

Содан кейін, бұл жақта студенттерге берілетін стипендия көлемі 300 еуродан басталады. Қазақстанда "Батыста менталитет басқаша" деп айтады. Мүлдем олай емес. Бұл жерде адамдар бір-бірін алдамайды. Ұрлық жоқ. Бұл сөзіме дәлел, мен екі рет көшеге мотоциклімді тастап, жарығын қосып, кілтін тастап кеткен едім. Ешкім тиіспеген Сондай-ақ университетте де телефон мен компьютерлерді қалдырып кете береміз.

Тимур Исаенко
Тимур Исаенко

Азаттық: Бүгінге дейін ол елден не нәрсе үйрендіңіз?

Тимур Исаенко: – "Мен Германияға келместен бұрын осы нәрсені білмедім, оны Германияға келіп үйрендім" дейтіндей ештеңе жоқ. Барлығы біздің елде ескеріле бермейтін қарапайым дүниелер. Қазақстанда бір жылда үйренгендерімнен үш есе көп дүниені осы жақта жарты жылда үйрендім. Сенде басқа адамдардай жауапкершілік сезінесің. Кейбір нәрселерлі жасауға міндеттісің. Бұрын-соңды үйде жүрген сәттерде көңіл бөлмеген қарапайым нәрселерге көңіл бөлесің. Бір жыл жатақханда жалғыз тұрдым. Қатты қиын болған жоқ. Керісінше қызықты болды. Себебі барлығы өзім сияқты студенттер.

Азаттық: – Өзің секілді Германияға Қазақстаннан оқу іздеп барған қазақ жастары көп пе?

Тимур Исаенко: – Осы уақытқа дейін Қазақстаннан келген жастарды кездестірмедім.

Азаттық: – Германия жастары Қазақстан жайлы қаншалықты біледі?

Тимур Исаенко: – Мүлдем білмейді. Ресей мен Қытайдың арасында тұрған ел деп айтамын. Бірақ кейбір үлкен адамдар Қазақстанның астанасы Алматы деп жүр. Оның өзі жақсы. Олар Қазақстанның жеке мемлекет екенін білмейді. Олар біздің Азиядағы мемлекет екенімізді, мәдениетімізді, тарихымызды білмейді. Мен оларға Қазақстан туралы көп айтамын.

Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет.

(Сұхбатты әзірлеуге Наргез Ерес ат салысты)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG