Accessibility links

Мектеп бітіре сала жұмыс істейтін жастар көп


Жұмыс істеп жүрген Қазақстан жастары. (Көрнекі сурет)
Жұмыс істеп жүрген Қазақстан жастары. (Көрнекі сурет)

Қазақстанда жыл сайын 22 мың қыз-жігіт мектеп бітіре сала жұмыс істеп кетеді. Сарапшылар «мұның ақыры кейін елдегі кедейшілік деңгейін арттырады» деп қауіптенеді.

Оңтүстік Қазақстан облысындағы ауылдардың бірінде тұратын Болат Қанапинов биыл орта мектепті бітіреді. Бірақ ол басқа құрбыларымен бірге ұлттық бірыңғай тестке (ҰБТ) қатыспайтынын, қалаға барып жұмыс істеуді жоспарлап жүргенін айтады.

«Ата-анаммен ақылдасып, тестке бармайтын болдым. Сабағым нашар, қажетті балл алатыныма сенбеймін. Мектепте емтихан тапсырып, аттестат аламын. Әскерге де жарамай қалдым. Кейін Өскеменге, не Астанаға барып жұмыс істеймін. Күзеттен немесе базардан жұмыс тауып алармын» дейді Болат.

Оның замандасы – алматылық Қарлығаштың да әзірше оқуға түсіп мамандық алудан үміті жоқ.

«Букмекерлік кеңселердің бірінде кассирлік жұмыс тауып қойдым. Маусым айында жұмысым басталады. Жазда той көбейеді. Банкеттерде даяшы болып та жұмыс істеймін. Оқуға биыл тапсырмаймын, түсу қиын. Біраз ақша жинап, кейін сырттай оқып алармын» дейді ол.

«КӘСІПТІК БІЛІМ ДЕ АЛУҒА БОЛАДЫ»

Әлеуметтанушы Гүлмира Ілеуова соңғы кездері Қазақстанда Болат пен Қарлығаш сияқты оқуға бармай жұмыс істеп кететін дипломсыз жастардың көбейіп бара жатқанына алаңдайтынын айтады. Оның байқауынша, жұрт соңғы малын сатып, баласын жоғары оқу орындарында экономист, не заңгер мамандығына оқытқысы келеді, оған шамасы жетпегендер мүлде оқытпайды.

Әсет есімді Жосалы кентінің ЖОО бітірмеген жұмыссыз тұрғыны. Қызылорда облысы, 15 шілде 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Әсет есімді Жосалы кентінің ЖОО бітірмеген жұмыссыз тұрғыны. Қызылорда облысы, 15 шілде 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
«Қазақстанда кәсіптік білім иелері аз. Сондықтан жастар дәнекерлеуші, аспаз, шаштараз сынды мамандықтарды да игеріп алуына болады. Бұл мамандықтарды тегін оқытатын кәсіптік лицей, колледждер көп» дейді әлеуметтанушы.

Педагогика ғылымдарының кандидаты Сәрсен Мырзаева «дипломсыз жастардың көбеюі болашақта кедейшілік қаупін арттыруы мүмкін» деп болжайды.

«Қара жұмыс істеп жүргендер зейнетақы қорын жинақтамайды. Зейнетке шыққанда алар ақшасы да аз болады. Демек, бұл – мемлекетте кедей топтардың пайда болуына себеп. Қазақстанда білім алуға барлық мүмкіндік бар. Сондықтан жастардың өздері білімге ұмтылуы керек» дейді ол.

Сәрсен Мырзаева да жоғары оқу орындарына бармаған жастарға «ауылда мал, егін шаруашылығымен айналысыңдар, не шаштараз, аспаз сияқты кәсіптерді меңгеріп алыңдар» деген кеңес береді.

Шығысқазақстандық Нұрбол Берікұлы – жоғары оқу орнына түсуден бас тартып, арнайы техникалық кәсіп алуды таңдаған сондай жастардың бірі. Ол мектеп бітірген соң кәсіптік лицейге құжат тапсырмақ.

«Университетке түсуге білімім де, ата-анамның ақшасы да жетпейді. Сондықтан Өскемендегі кәсіптік лицейдің біріне құжат тапсырып, токарь не электрик мамандығын аламын. Бұл мамандықтармен болашақта жақсы ақша табуға болады» дейді ол.

Соңғы қоңырауда билеп жүрген түлектер. Алматы, 25 мамыр 2014 жыл.
Соңғы қоңырауда билеп жүрген түлектер. Алматы, 25 мамыр 2014 жыл.
Биылғы мамыр айында парламентте сөйлеген білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов Қазақстанда жыл сайын мектеп бітірушілердің 22 мыңы арнайы, я жоғары білім алғысы келмей бірден жұмыс істеуге кірісетінін айтқан.

Қазақстанда 14 пен 25 жас аралығындағы 3 миллионнан астам қыз-жігіттердің 20 пайызының (633 мың адам – ред.) арнайы мамандығы жоқ. Ресми есеп бойынша ол 633 мыңның 94 мыңы еш жерде жұмыс істемейді.

Биыл Қазақстанда 138 мың түлек орта мектеп бітіреді. Оның 38 мыңы жоғары оқуға түсуге мүмкіндік беретін ҰБТ-ға қатысуға өтініш тапсырмаған.
XS
SM
MD
LG