Accessibility links

Гранитный түрмесіндегі былтырғы бүлікке қатысты сот үкімі шықты


Арнайы көлік ЕЦ-166/25 түрмесінен тұтқындарды әкетіп барады. Гранитный, Ақмола облысы, 12 тамыз 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Арнайы көлік ЕЦ-166/25 түрмесінен тұтқындарды әкетіп барады. Гранитный, Ақмола облысы, 12 тамыз 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Тұтқындардың ең ауыр жаза алғаны - 19 жылға сотталған жігіт. Олардың туыстары сот үкімін «тым қатал» деп, қайта қарау үшін шағым жазатындарын айтады.


Сот үкіміне сәйкес, Әлібек Ілиясов – 19 жыл, Тимур Кашаулиев – 7 жыл, Сабыржан Алтиев – 8 жыл 6 ай, Данияр Жармұхамедов – 7 жыл, Төлеген Ибраев – 7 жыл, Аслан Жұмабеков – 6,6 жыл, Дастан Қабылбеков – 6 жыл, Ғани Қожаев – 6 жыл, Арман Жұмагелдиев – 5 жыл, Арман Оразаев – 5 жыл, Николай Апокин – 5 жыл, Шамиль Алиев – 5 жыл, Мерген Шалабаев – 5 жыл, Кирилл Сафронов – 1 жыл 4 айға бас бостандықтарынан айырылды.

Сотталған тұтқындардың Кирилл Сафроновтан басқалары жазаларын қатаң режимдегі колонияда өтейді.

«ТҮРМЕДЕН – ТҮРМЕГЕ»

Бұл азаматтардың барлығы Ақмола облысы Зеренді ауданы Гранитный кентінде орналасқан ЕЦ-166/25 жалпы режимдегі колонияда былтыр болған бүлікке қатысты сотталып отыр.

Туыстарының айтуынша, сотталғандардың арасында түрмедегі негізгі жазасын өтеп, жуықта бостандыққа шығуы тиіс азаматтар да бар. Арман Жұмагелдиев осы жылдың қыркүйек айында шығуы тиіс екен, ал Аслан Жұмабековтың мерзімі келесі жылдың шілде айында бітеді.

Аслан Жұмабековтің інісі, сотта қоғамдық қорғаушы болған Нұрлан Жұмабековтің айтуынша, сот барысында ағасына тағылған айып дәлелденбегендіктен бап өзгертілген.

– 103-бап бойынша кінәсін дәлелдей алмағандықтан ағамды 360-бап бойынша 5 жылға соттады. Оларға біреуді соттау қажет болғандықтан 360-бапты жапсырды, – дейді Нұрлан Жұмабеков.

«ІСТІ ЖАБУДЫҢ ОРНЫНА ҚАТАЛ ҮКІМ ЕСТІДІК»

Тұтқындардың туыстары «сот үкімі әділетсіз» деп, «әділдікке жету үшін кассациялық шағыммен қатар барлық билік орындардың табалдырығын тоздыруға дайын екендіктерін» айтады.

Олар «жәбірленушілер» мен «куәлардың» барлығы алдын-ала тергеу кезіндегі жауаптарынан бас тартып, сотта өздеріне қысым жасалғанын айтқан кезде-ақ прокуратура орындары істі жабуы тиіс еді деп есептейді.

– «Балалар бір-бірімен төбелесті» деп, ата-аналарды жарты жыл бойы алдады. Жарты жылдан соң бізге бейнекамерадағы таспаны берді.
Түрмедегі бүлік кезінде абақты маңына жиналған ата-аналар. Ақмола облысы, Гранитный кенті, 12 тамыз 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Түрмедегі бүлік кезінде абақты маңына жиналған ата-аналар. Ақмола облысы, Гранитный кенті, 12 тамыз 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Қарасақ, балалар жай ғана бейбіт түрде отыр. Олар тек «бізге бассыздық емес, заң керек» деген жазуы бар плакат ұстап отыр. Солай балалар үш күн аштықта отырған. Үш күннен кейін түрме әкімшілігінің өздері спецназдың киімін киіп алып, балаларды ұрған. Екі баланы өлтірген. Білгендерін істеген. Енді соның бәрін біреуге жабу керек қой. Сөйтіп, «мына 11 тұтқын бүлікті ұйымдастырды» деп тергеу изоляторына қамаған. Менің баламды «арыз жаз» деп үш күн ұрған. Менің балам «жазбаймын» деген. «Жазбасаң, онда сен де олардың арасында боласың» деп он екінші қып тыққан. Тағы біреуі де жазбаған. Оны да әкеп тыққан. Сөйтіп балалардың жалпы саны 14 болды, – дейді сотталған тұтқындардың бірінің анасы.

Ата-аналар бұл істе қорғаушы болған адвокаттарға да наразы. Олардың айтуынша, «бірді-екілі адвокаттан басқа топырлаған адвокаттың ешқайсысы дұрыс міндеттерін атқармай, сотта қалғып мүлгіп отырды».

«ЖАБЫҚ СОТ ПРОЦЕСІ»

Құқық қорғаушы Вадим Курамшиннің айтуынша, сот үкімі оқылған сот залына бүгін кейбір бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері (Вадим Курамшиннің өзі және «Голос республики» газетінің тілшісі Александр Данчев) кіргізілмеген.

– Қолымда редакция тапсырмасы болғанына қарамастан, «Свобода слово» газетінің штаттан тыс тілшісі ретінде де мені кіргізген жоқ. Редакциялық тапсырма электронды пошта арқылы қылмыстық атқару жүйесі комитетіне жіберілген. Судьяның өзіне жеке қолына тапсырдым. Бірақ сонда да мені кіргізген жоқ, – дейді Вадим Курамшин.

Өткен жылы тамыз айында Ақмола облысы Зеренді ауданы Гранитный
Бүлік жасаған тұтқындар талаптарын ақ жаймаға жазып, осы баракқа іліп қойған. Гранитный, Ақмола облысы, 12 тамыз 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Бүлік жасаған тұтқындар талаптарын ақ жаймаға жазып, осы баракқа іліп қойған. Гранитный, Ақмола облысы, 12 тамыз 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
кентінде орналасқан ЕЦ-166/25 жалпы режимдегі түрмеде жүздеген тұтқын қарындарын тіліп, мекемеде бүлік шыққан еді. Бұл оқиғадан, ресми дерек бойынша, 2 тұтқын қаза тауып, 80-нен астам адам ауруханаға түскен. Бұл оқиға бойынша өткен жылы қылмыстық іс қозғалып, 2011 жылы шілденің 26-сы күні Көкшетауда сот процесі басталған.

Бұл істегі айыпталушы 14 тұтқынға «тәртіпсіздік ұйымдастыру», «тәнге ауыр жарақат салу», т.б. баптар бойынша айыптар тағылған.

Осыған дейінгі болған сот процестеріне куә ретінде қатысқан тұтқындар мен «жәбірленушілер» бүлік жасауға ешкімнің мәжбүрлемегенін, ол іске колониядағы аса қатал режим түрткі болғанын айтқан еді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG