Accessibility links

Тұрғындар шіріген төбені бөренемен тіреп отыр


№16 үй тұрғындары шіріп кеткен төбені бөренемен тіреп қойған. Теміртау, 15 тамыз 2015 жыл.
№16 үй тұрғындары шіріп кеткен төбені бөренемен тіреп қойған. Теміртау, 15 тамыз 2015 жыл.

Подъез шатыры опырылған үй тұрғындарына Теміртау билігі шатырды мемлекеттен несие алып жөндеуді ұсынды. Жұрт «мұнша соманы қайтара алмаймыз» дейді. Ал өздері апатты жағдайда тұрып жатыр.

Теміртау қаласында Школьная көшесіндегі екі қабатты №16 тұрғын үй подъездерінің бірінің бір апта бұрын опырылып түскен шатыры әлі жөнделген жоқ. Жұрт шатыр мүлде құлап қалмас үшін подъездің төбесін сырғауылмен тіреп қойып, пәтерлерінде тұрып жатыр. Бірақ мұнда тұру тым қауіпті: жоғарғы қабат тұрғындарының төбесінен шатырдың опырылған бөлігі төніп тұр. Кейбір пәтерлердің төбесі мен қабырғаларының сылағы түсіп қалған.

Шатыры құлаған подъездегі сегіз пәтердің тұрғындары билік ұсынған орынды уақытша паналаудан бас тартқан. Біреулері біраз уақыт туыс, көршілерінің үйінде тұрған. Тұрғындар пәтерлерін күзетсіз тастап кетуден қорыққан. Полицейлер апат болғаннан кейін үшінші күні тәулік бойғы кезекшілікті тоқтатқан. Сондықтан тұрғындар пәтерлеріне оралып, подъезді реттеп жатыр. Екі подъезден тұратын үйде 16 пәтер бар.

Тұрғындардың айтуынша, үй «шлактан» құйылған. Қабырғалары қалың әрі мықты болғанымен, үйдің әбден тозған шатырын күрделі жөндеуден өткізу қажет. Жұрт биліктен қайыр болар деп үміттенеді.

Азаттық тілшісі түсірген видеосюжет (орыс тілінде):

Шатыр құлаған үй
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:01:08 0:00

«БЮДЖЕТ ЕСЕБІНЕН ЖӨНДЕЙ АЛМАЙМЫЗ»

Теміртау қаласы әкімінің коммуналдық мәселелер жөніндегі орынбасары Алтынбек Есмырзаев опырылған шатыр бюджет есебінен жөнделмейтінін, бірақ балама амалы бар екенін айтады.

Теміртаудың ескі бөлігіндегі үй. 15 тамыз 2015 жыл.
Теміртаудың ескі бөлігіндегі үй. 15 тамыз 2015 жыл.

- Бұл - жекеменшік үй болғандықтан, шатырды жөндеуге бюджеттен ақша бөле алмаймыз. Сондықтан тұрғындарға «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасын пайдалануды ұсындық, бізде қайтарыммен берілетін ақша қалған. Бірақ шатырды біз ұсынған вариантпен жөндеу үшін тұрғындардың 80 пайызының келісімі керек. Келісім берсе, арзан әрі сапалы жөндеп беретін мердігерлерді іздеуге кірісеміз, - дейді Алтынбек Есмырзаев.

Шенеуніктің айтуынша, тұрғындар шатырды жөндеу шығынының бір бөлігін мемлекеттік тұрғын үй көмегі есебінен жаба алады. Мысалы, мұндай көмекті осы үйде тұратын ардагерлердің алуына болады. Билік апатты үйдің тұрғындарына «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында күрделі жөндеу жүргізуді де ұсынған.

- Қазір барлық амалын ойластырып жатырмыз. Бірақ бұл шаруадан үйдің тұрғындары да шет қалмауы тиіс, - дейді Алтынбек Есмырзаев.

Подьездің төбесі мүлде құлап түспес үшін күш салып жатқан апатты үй тұрғындары «мұндай несие шарттарын орындауға шамамыз келмейді» дейді.

Апатты үйдің тұрғыны Ольга Кирьянова. Теміртау, 15 тамыз 2015 жыл.
Апатты үйдің тұрғыны Ольга Кирьянова. Теміртау, 15 тамыз 2015 жыл.

- Бізге «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасы бойынша несие алуды ұсынады. Бізге жөндеу шығынын шамалап айтты – әр пәтерден шамамен бір жарым миллион теңге шығады екен. Мұндай соманы төлеуге ешкімнің шамасы келмейді. Біздің үй - ардагерлер, қарт адамдар, мүгедек жандар мен тұрмысы нашар отбасылар тұратын үй. Бір шатырды жөндеуге де осынша ақша кете ме? Бұл - тым көп, бұдан арзанырағын табуға болады ғой, - дейді шатыры құлаған подьезде тұратын Ольга Кирьянова Азаттыққа.

Төтенше жағдайдың алдын алу және зардаптарын жою комиссиясы екінші қабат пен шатырдың аралығындағы жабынды опырылғанын анықтаған. Үй ескі әрі үнемі су өткеннен шатыр тіреуішінің аралық бөренеге шегеленген тұсының ағаш конструкциялары шіріп кеткен. Соның салдарынан жабынды опырылып, шатырдың бүкіл ағаш құрылымы орнынан жылжыған. Шатыры құлаған бірінші подъездің техникалық жағдайы апатты деп танылған.

Шатыры құлаған үй Теміртау қаласының ескі бөлігінде орналасқан. Бұл тұстағы үйлер осыдан 70 жылдай бұрын салынған. Ал шатыры құлаған үйге - 69 жыл болған. Ескі қала деп аталатын бұл ықшамаудандағы үйлердің көбі - жөндеу жүргізілмей тозған екі қабатты көп пәтерлі үйлер. Кейбір үйлер «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» мемлекеттік бағдарламасы арқылы берілген несиеге жөнделгенімен, жұмыс сапасына тұрғындардың көңілі толмайды. Кейбір үйлердің тұрғындары ішінара жөндеу жұмыстарын өз күштерімен шама-шарқынша жүргізген.

XS
SM
MD
LG