Қарағанды облысындағы су тасқыны кезінде үйлері жарамсыз болып қалған тұрғындардың барлығына бірдей мемлекеттік бюджет есебінен баспана тұрғызылмайтын болды. Бүлінген үйлерінің құжаттары толық емес отбасыларға жапа шеккендерді қолдау қорынан бөлінген қаражат есебінен басқа жерден баспана салынбақ.
ҮЙІНІҢ БҰЗЫЛУЫН КҮТІП ЖҮР
Нұра бекетінің тұрғыны Эльза Ахмеджанова су тасқыны кезінде бүлініп, апатты деп танылған үйінің бұзылуын үш айдан бері күтіп жүр. Келіп, қисайған үйді бұзатын ешкім көрінбейді. Нотариустың жіберген қателігінің кесірінен оның үйінің құжаттары дұрыс болмай шықты. Сондықтан оған мемлекеттік бюджет есебінен жаңа баспана тұрғызылмайтын болды. Қазір Эльза жақын маңдағы Ақтау кентінде бөлме жалдап тұрып жатыр.
- Тасқыннан соң үйдің құжаттарын тапсырғанымда комиссия ешқандай кінәрат байқамаған. Соның кесірінен бір ай уақытым кетті. Құжатты дұрыс деп тану үшін сотқа арыздануға тура келді. Содан кейін «сізге бюджет есебінен үй салмаймыз, мұнымен қор айналысады» деді. Мұстафин ауылында үй салып берейік деді, мен бұған қарсы болдым, алыс жерден жұмысқа қатынау қиын болады. Енді қай жерден салатынын білмеймін. Өз орнында қайта тұрғызып берсе жақсы болар еді. Құжаттар әлі дайын емес. Бәріміздің жүйкеміз жұқарып болды. Жүрегім жиі ауыратынды шығарды. Қыс болса жақындап қалды, қатты қобалжып жүрмін, - деді Азаттыққа берген сұхбатында Эльза Ахмеджанова.
«Қор» деп отырғаны - әкімшіліктің ұйымдастыруымен жұрттан жылу жинау мақсатында ашылған «Қарағанды облысындағы тасқыннан зардап шеккендерге көмек қоры».
Бұқар жырау ауданында тұратын ондаған отбасының үй құжаттары дұрыс болмай шыққан және мүлде құжаты жоқтар да бар. Қазір олардың үйлері қисайған қалпы тұр. Шенеуніктер «ешкім баспанасыз қалмайды» деп уәде бергенімен, үйлердің қайда, қашан тұрғызылатынын нақты айтпай отыр.
ПРОБЛЕМАЛЫ ҮЙЛЕР
Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданының басшылығы сәуір айында болған тасқыннан бүлінген үйлердің арасында «проблемалық үйлердің» бар екенін растайды. Бұрынғы қожайындары Ресейге не Германияға көшіп кеткен, ал жаңа иелері құжаттарын өздеріне рәсімдемеген, кейбір үйлердің тіпті құжаты жоқ. Заң бойынша, үйлерді бюджет есебінен бұзып, орнына жаңасын салуға болмайды. Әкімшілік мұны халыққа ескерткен. Дегенмен, жергілікті өкімет тасқын кезінде үйі қирағандардың бір де бірі далада қалмайды деп уәде берген. Енді олар мәселені басқа жолмен шешпек: Қарағанды облысындағы тасқыннан зардап шеккендерге көмек қорының есебінен басқа жерден тұрғын жайлар салу жоспарланған.
- Үйді тек заңды иесінің рұқсатымен бұза аламыз. Біз оларға бюджет есебінен үй сала алмаймыз. Себебі ертең үйдің заңды егесі келіп, оларды шығарып жіберуі мүмкін. Сондықтан біз қордың есебінен [тасқын кезінде] сол үйлерде тұрып жатқан кісілерге басқа жерден жаңа үй тұрғызамыз. Кейін қор әлгі үйлерді зардап шеккендерге тапсырады, - деді Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары Асхат Әли Азаттыққа берген сұхбатында.
Баспанасынан айырылғандардың көңілі алаң. Себебі «проблемалық үйлердің» тұрғындарына қашан баспана салынатыны әлі белгісіз. Қазір қор жер учаскелерін рәсімдеумен айналысып жатыр және бұл ұзаққа созылатын сияқты. Әзірге халық туған-туыстарын, көршілерін паналап жүр, бөлме жалдап күнелтіп жатқандары, іргелес жатқан ауылдарға кетіп қалғандары да бар.
Құрамына 11 елдімекен кіретін Бұқар жырау ауданында осындай 63 «проблемалық үй» бар, олардың 43-і тасқыннан ең көп жапа шеккен Мұстафин кенті мен Нұра бекетінде орналасқан. Біздің кейіпкеріміз Эльза үш айдан бері көршілес Ақтау кентінде бөлме жалдап тұрып жатыр, ол күн сайын жолаушы көліктерімен Нұра бекетіне қатынап жұмыс істейді.