Accessibility links

«Халыққа баспана қалсын» қозғалысының өкілдері билікке берілген шектеулі мерзімнің аяқталғанын ескертті


«Халыққа баспана қалсын» қозғалысы аштық акциисы қайта жалғасуы мүмкін дейді. Алматы, 2 наурыз, 2009 жыл.
«Халыққа баспана қалсын» қозғалысы аштық акциисы қайта жалғасуы мүмкін дейді. Алматы, 2 наурыз, 2009 жыл.

Наурыздың 2-сінде «Халыққа баспана қалсын» қозғалысы аштық акциясын уақытша тоқтатқандарына бір ай болғанын жеткізді. Мәселе шешілмесе, олар келесі аптада аштық акциясы жалғасатынын мәлімдеді. Ал, ипотекалық несиелеу бойынша құрылған комиcсия қолдан келгенді жасап жатырмыз дегенді айтып отыр.

Сұлубике Жақсылықова осыдан 2 жыл бұрын баспана сатып алу мақсатында «Халық банкінен» 130 мың АҚШ доллары көлемінде несие алған. Келісім бойынша әр ай сайын 1800 доллардан 10 жыл көлемінде төлеп тұру керек болатын. Алайда бір жылдан соң несиені төлеуге шамасы жетпеген. Сауда-саттықпен айналысқан ол өзі жұмыс істеген бутиктің жабылып қалғандығын айтады. Одан бері жұмыс таба алмаған.

Сұлубике осыдан екі жыл бұрын 130 мың долларға 42 шаршы метрлік 2 бөлмелі пәтер сатып алған. Ал қазір ол баспанасының бағасы 50 мың доллар тұрады. Банк мамандары «қарызды қайтару үшін баспананы 50 мың долларға бағалап бізге бер, сосын қалған 80 мың долларға бізден тағы бір несие аласың деп отыр»-дейді Сұлубике Жақсылықова. Мен 16 жасар баламмен қайда барып күн көремін, - дейді Сұлубике.

«Халыққа баспана қалсын» қоғамдық қозғалысының жетекшісі Эльмира Ысқақованың айтуынша, сол кезде құрылған қоғамдық кеңес жанындағы ипотекалық несиелер бойынша арнайы комиссия құрамына қала әкімшілігі, «Нұр Отан» партиясы, банк пен үлескерлер енген еді. Дей тұрғанмен, міне бүгін дәл 1 ай өтті айтарлықтай ешнәрсе істелген жоқ дейді Эльмира Ысқақова. Оның сөзіне қарағанда комиссия істерінің барлығы да көз бояушылық.

Алайда, аталмыш кеңестің хатшысы Владимир Ивановтың сөзіне қарағанда әкімшілік үлескерлер мәселесін түбегейлі шеше алмайды. Оның айтуынша, қала басшылығы тек екіжақты ортақ мәмілеге келуге шақыра алады.
«Халыққа баспана қалсын» қозғалысы төрағасының орынбасары Николай Комаров. Алматы, 2 наурыз, 2009 жыл.


Дегенмен, «Халыққа баспана қалсын» қоғамдық қозғалыс жетекшілерінің бірі Николай Комаров болса билік халықтың басына түсіп отырған проблеманы шеше алады. Алайда олар оны шешуге мүдделі емес дейді.

Ал, мемлекет қорындағы қаржыны билік қайда жіберіп жатыр деп ойлайсыз деген сұрағымызға Комаров мырза ешнәрсе деп жауап бермеді.
«Халыққа баспана қалсын» қоғамдық қозғалысының мүшелері жағдай осы қалпында қала берсе, келесі аптада өздерінің екінші мәрте аштық жариялайтындығын ескертіп отыр. Бүгіннің өзінде бұл наразылық акциясына 50-ден астам адам даяр екен. Сонымен бірге Астана, Шымкент және Павлодар аймақтарындағы үлескерлер де осы шараға атсалысатындығын жеткізген.

Айта кету керек, аштық акциясына қатысушылар - кезінде екінші деңгейлі банктерден алған ипотекалық несиелерін қайтаруға уақытылы төлем жасай алмай проблемаға кезіккендер. Қазірде өздеріне банктер мен коллекторлық компаниялар тарапынан қысым жасалып жатқанын айтқан олар үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасында проблемалық несиені сатып алу үшін бөлінген қаржыны игеруге қатысты шаралардың әлі күнге белгіленбегеніне наразылық білдіріп, бұл мәселені қоғамға жария түрде тездетіп қолға алу туралы талап қойып отыр.

Естеріңізде болса, ең алғашқы аштық акциясын қаңтардың 20-ы күні «Халыққа баспана қалсын» қозғалысына мүше 12 адам бастаған болатын. Барлығы да Алматы қаласының тұрғындары. Алайда екі күннен кейін-ақ 61 жастағы Бақытжан Кәрімованың қан қысымы көтеріліп, дәрігерлердің көмегіне жүгінген.
Ал ертесіне, яғни қаңтардың 22-күні акцияға қатысушы Айжангүл Бағыбаеваның жағдайы нашарлап, наразылық шарасын амалсыз үзуге мәжбүр болды. Ыстығы 39 градусқа дейін көтерілген Айжангүл Бағыбаеваға дәрігерлер «пиелонефриттің ушығуы, панкреотит, созылмалы гастрит» деген диагноз қойған.

Айта кетерлік жайт, ашығудың салдарынан денсаулығы нашарлаған науқастарды бос төсектің жоқтығын сылтауратып, қаладағы бірде-бір аурухана қабылдамаған. Алғашқы аштық акциясы кезінде үш азамат денсаулық жағдайына байланысты наразылық шарасын уақытынан бұрын доғаруға мәжбүр болды. Алайда олардың орындары бос қалған жоқ. Қаңтардың 23-күні Шымкенттік Баян Тасқараева мен Айгүл Жұмабаева ашығушылар қатарын толықтырған болатын.
XS
SM
MD
LG