Accessibility links

Қазақстанда полицияның азаматтарды ұстау ерекшелігі


Теңгенің күрт құнсыздануына наразылық акциясына қатысушыларды полицияның ұстап жатқан сәті. Алматы, 15 ақпан 2014 жыл.
Теңгенің күрт құнсыздануына наразылық акциясына қатысушыларды полицияның ұстап жатқан сәті. Алматы, 15 ақпан 2014 жыл.

Сарапшылар Қазақстанда ұсталған азаматтардың құқығы жаппай бұзылатынын айтады. Адвокаттар күш құрылымдары ұсталған адамдарға құқығын түсіндіру туралы заң талабын орындамайды дейді.

Қазақстандағы әлеуметтік желі қолданушылар жуырдағы екі оқиғаны – Қарағандыда полиция қызметкерлері күдікті ретінде ұстаған ер адам сол жерде басын асфальтқа соққылап, жедел жәрдем көлігі келгенше қайтыс болып кеткенін, ал Батыс Қазақстан облысында жеке меншік көлігімен әкімшілік сотқа бара жатқан полицей "жол-жөнекей" екі ер адамды ұстап, оларды ұрып-соққанын – қызу талқылаған болатын. Әлгі оқиғалар азаматтарды ұстаған кезде күш құрылымы қызметкерлері қалай әрекет етуі тиіс және шын мәнінде қалай әрекет етеді деген мәселеге назар аудартты.

МИРАНДА ЕРЕЖЕСІ

МИРАНДА ЕРЕЖЕСІ

"Миранда ережесі" - Америка Құрама Штаттарында қолданылатын заң талабы, осы ережеге сәйкес, тәртіп сақшысы ұсталған адамға сол жерде құқықтары туралы айтып беруі тиіс әрі "айтқандарымды ұқтыңыз ба?" деген сұрағына "ұқтым" деп жауап алуға міндетті.

"Миранда ережесі" АҚШ конституциясының бесінші түзету талабын бұзып алынған түсініктер ретінде тергеу кезіндегі жауаптары іс материалдарынан алынып тасталған айыпталушы Эрнесто Миранданың есімімен аталады. "Миранда ережесі" өзіне қарсы куәлік етпеу құқығын қамтамасыз ету мақсатында 1966 жылы АҚШ жоғарғы сотының шешімімен енгізілген. Сол кезден бері құқықтарын түсіндірмей ұсталған адамнан тергеу кезінде алынған кез-келген ақпарат айғақ деп саналмауы мүмкін.

Түрлі штаттарда қолданылатын мәтінде айырмашылық бар, ең көп тараған мәтіні мынау: "Сіздің үндемеуге құқыңыз бар. Айтқандарыңыздың бәрі сотта сізге қарсы пайдаланылуы мүмкін әрі пайдаланылады. Адвокатыңыз тергеуге қатыса алады. Егер адвокаттың қызмет ақысын төлей алмасаңыз, оны мемлекет ұсынады. Қандай құқықтарыңыз бар екені сізге түсінікті ме?"

1970 жылдардан бері әлемнің көптеген елі АҚШ-тағы "Миранда ережесі" тәрізді ереже қабылдаған.

Қазақстан заңдарында "Миранда ережесі" 2015 жылғы 1 қаңтарда күшіне енген жаңа қылмыстық-процессуалдық кодекстің "Қылмыс жасады деген күдікті тұлғаны процессуалдық ұстау тәртібі" туралы 131-бабында қамтылған.

ЗАҢДА НЕ ДЕП ЖАЗЫЛҒАН?

Қазақстан заңдарында әкімшілік заң бұзған деген күдікпен ұсталған әр адамға ұстау себебін сол жерде дереу хабарлайды деп жазылған.

Егер адам қылмыс жасады деген күдікпен ұсталса, "қылмыстық қудалау органының лауазымды тұлғасы" оған қандай қылмысқа қатысты күдікпен ұсталғанын хабарлап, адвокат шақыруға, үндемеуге құқығы барын түсіндіруі тиіс. Күш құрылымы қызметкерлері ұсталған адамның айтқандары сотта өзіне қарсы пайдаланылуы мүмкін екенін ескертуге міндетті. Әйгілі "Миранда ережесіне" ұқсас, яғни ұсталған адамға оның құқықтарын түсіндіру нормасы Қазақстан заңдарына 2015 жылы енгізілген.

Қазақстандық адвокат Жохар Өтебековтің айтуынша, қылмыстық-процессуалдық кодексте "Миранда ережесі" талаптары ескерілген, бірақ әкімшілік заң бұзу туралы кодексте мұндай ереже қарастырылмаған.

- Адамды ұстауды екі кодексте – қылмыстық-процессуалдық және әкімшілік кодекстерде – адам әлдебір қылмыс жасаған кезде қылмыстық-процессуалдық кодекс аясында ұсталады, ал әкімшілік заң бұзған адам әкімшілік заң бұзу туралы кодекс аясында ұсталады деп екі түрге жасанды түрде жіктеп қойған. Бірақ, қандай кодекс аясында ұсталғаны адам үшін бәрібір емес пе – ол қай кодекс аясында ұсталса да құқығы біркелкі шектеледі. Алайда ұсталған адамға "Миранда ережесін" оқып беру міндеті қазіргі қылмыстық-процессуалдық кодексте ғана қарастырылған. Ал әкімшілік-процессуалдық кодексте бұл жоқ, - дейді адвокат Өтебеков.

ҚАШАН КҮШ ҚОЛДАНУҒА БОЛАДЫ?

"Құқық қорғау қызметі туралы" заң полиция қызметкерлерінің күш қолдану, оның ішінде жауынгерлік күрес тәсілдерін, арнайы құралдарды (кісен, резеңке таяқтар, көзден жас ағызатын газ, өткір жарық түсіріп, шу шығаратын гранаталар, су шашқыш және басқалары) қолдану құқығын реттейді. Заңның 60-бабында егер "бағынбаса немесе қарсылық көрсетсе", егер "қашып кетуі немесе айналасындағы адамдарға немесе өзіне зақым келтіруі мүмкін деп санауға жеткілікті негіздер" болса, заң бұзғандарды (сотталғандарды, күдіктілерді, айыпталушыларды және әкімшілік заң бұзған адамдарды) ұстау кезінде оларға күш пен арнайы құралдарды қолдану заңды делінген. Осы баптың екіұштылығы "қызметкерлердің міндеттерін орындауына қасақана кедергі келтірген" тұлғаларға да күш қолдануға мүмкіндік береді.

Күш құрылымдары қызметкерлері күш пен қару қолданар алдында ұсталғандарға заңда жазылғандай, ескерту жасауы әрі оларға полиция талаптарын орындауға жеткілікті уақыт беруі тиіс. Бірақ заңда бұдан өзге жағдайлар – қару, арнайы құралдарды, күш қолдануды кешеуілдету "азаматтардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіруі", ауыр зардаптарға соқтыруы мүмкін екені де ашып жазылған.

Азаттық фотогалереясы. Наразыларды полицияның ұстауы

Егер күш қолдану адамдардың өліміне немесе ауыр зардаптарға соқтырса, дереу прокурорға хабарлануы тиіс. Заң қарулы қарсылық көрсету және немесе шабуыл жасаудан өзге жағдайларда әйелдерге, мүгедектік белгілері анық көрініп тұрған тұлғаларға және кішкентай балаларға арнайы құралдар мен күрес тәсілдерін қолдануға тыйым салады.

ҰСТАҒАННАН КЕЙІН НЕ ІСТЕЛІНУІ ТИІС?

ҰСТАҒАННАН КЕЙІН НЕ ІСТЕЛІНУІ ТИІС?

Жоғарғы соттың 2009 жылғы 28 желтоқсандағы №7 нормативті қаулысында күдіктіні процессуалдық ұстау мәселесін шешіп, оны ұстауға қатысты хаттама толтыру үшін заң бұзды деген күдікпен ұсталған адам дереу, бірақ ұсталғаннан кейін үш сағаттан кешіктірмей анықтау органының лауазымды тұлғасына немесе тергеушіге берілуі тиіс деп жазылған. Және ұстауға қатысты толтырылған хаттамада күдіктіге медициналық куәландырудан өтуге құқы бары түсіндірілгені көрсетілуі керек.

Тергеушілер күдіктінің отбасының кәмелеттік жасқа толған мүшелерінің біріне, ал ондай адамы жоқ болса өзге туыстары немесе жақын адамдарының біріне оның ұсталғанын және қай жерде екенін кідірместен хабарлауы немесе күдіктінің телефон соғу құқығын пайдалануын қамтамасыз етіп, оның өзінің хабарлауына мүмкіндік беруі тиіс. Егер ұсталған күдікті кәмелетке толмаған болса, тергеуші оның ата-анасына немесе өзге де заңды өкілдеріне дереу хабарлауы керек.

ӘКІМШІЛІК ҰСТАУ. ІС ЖҮЗІНДЕ ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗІЛЕДІ?

"Рұқсат етілмеген наразылық акцияларына қатысты" деген айыппен талай рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған журналист әрі азаматтық белсенді Инга Иманбай Азаттыққа "полицейлердің ұсталған адамға құқығын түсіндіріп әрі ұстауға негіз болған себептерді дереу хабарлап әбігерленіп жатқанын көрмегенін" айтады. Ол 2016 жылғы 29 сәуірде Алматыдағы ұлттық баспасөз клубы ғимараты жанында журналист Ермұрат Бапиді, азаматтық белсенді Маржан Аспандиярованы, саясаткер Әміржан Қосановты, ал сосын оның өзін – Инга Иманбайды полиция жасағы ұстап әкеткен оқиғаны мысал ретінде келтіріп, "мен әлгі жиында тіпті сөз де сөйлеген жоқпын, стихиялық наразылық акциясы спикерлерінің арасында да болған жоқпын, тек журналистік міндеттерімді атқарып, смартфоныма болып жатқан жайттарды түсіріп жүрген болатынмын" дейді. Иманбайдың айтуынша, сол күні ұсталған адамдардың құқығын полицейлер ұстауға дейін де, ұстау кезінде де, ұсталғаннан кейін де түсіндірмеген. Оның сөзінше, қорқынышты қара киім киіп алған арнайы жасақ сарбаздарының әрекеті террорға қарсы әскери операцияға ұқсаған.

2016 жылғы 21 мамырда Алматы қаласы мен Қазақстанның өзге бірқатар аймақтарында белсенділер жер заңына билік ұсынған өзгертулер енгізуге қарсы рұқсат етілмеген митингілер өткізуге тырысқан болатын. Бірақ билік оларды тойтарып тастады. Сол күні ұсталғандардың (арасында өзге журналистермен бірге Азаттық тілшілері де бар, кейін полицейлер журналистерді полицияның ұстап әкетуін "түсінбестік" деп атаған) айтуынша және мұрағаттағы видеосюжеттерге қарағанда, оларға құқығын ешкім оқып бермеген.

"Халықаралық құқықтық бастама" қоғамдық ұйымы президенті Айна Шорманбаеваның Азаттық тілшісімен әңгімесінде айтуынша, сол күні ол басқаратын ұйым Алматыдағы азаматтардың бейбіт жиындарға қатысу құқығын орындау барысына мониторинг жүргізген.

- Мониторинг нәтижесіне сәйкес, біздің дерегімізше, кемі 1200 адамды ұстаған әрі ұстаған кезде оларға құқығын ешкім түсіндірмеген, - дейді Айна Шорманбаева.

Алматыда наразыларды полицияның ұстауы (21 мамыр 2016 жыл):

Полиция ондаған адамды ұстады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:26 0:00

ҚЫЛМЫСҚА КҮДІКТІЛЕРДІ ҰСТАУ

Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен Алматы қалалық ішкі істер департаментінің (ІІД) баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әзірбек ішкі істер департаменті қызметкерлері 2015 жылдан бері "Миранда ережесін" бұлжытпай орындайды дейді. Оның сөзінше, басшылар қарамағандағы қызметкерлерді ережені орындауға міндеттеп қана қоймай, оны орындауын да жіті қадағалайды.

- Бұған қоса, қазір күдікті ұсталған кезде жауапты қызметкерлер сол жерде видео түсіреді. Ал бастық қызметкерлердің сол жердегі процессуалдық әрекеттеріне мониторинг жүргізіп, талдай алады. Сондықтан "Миранда ережесі" орындалады әрі іс жүзінде қолданылады. Бұл айтқандарым Алматы ІІД-і қызметкерлеріне қатысты, - дейді Салтанат Әзірбек.

Адвокат Жохар Өтебеков Азаттық тілшісімен әңгімесінде қылмыстық-процессуалдық кодекске "Миранда ережесі" енгізілгеннен кейін "клиенттерімді ұстаған кезде оларға құқығын түсіндіргенін әзірше көрмеппін" дейді. Жохар Өтебеков "иә, кейін, яғни жазбаша хаттама толтырған кезде олар құқығыммен таныстым деген жазудың астына қол қояды, бірақ оларға құқықтарын одан ертеректе, яғни ұстаған кезде ауызша айтып беруі тиіс қой" дейді.

Ал адвокат Гүлнәр Жуаспаева:

- "Құқықтарын түсіндіріңіз" демесең, тергеуші өздігінен түсіндірмейді, әлгі хаттаманы "Міне, оқыңыз, мына жерде бүкіл құқығыңыз жазылған" деп клиентіме ұстата салады, - дейді.

Гүлнәр Жуаспаева мұнай саласында қызмет көрсететін Oil Construction Company (OCC) компаниясы жұмысшыларының кәсіподақ жетекшісі әрі кейінірек Астанаға апарып, қамаған, сосын "ақша жымқырды" деген айыппен екі жыл түрмеге кесілген Әмин Елеусіновті 2017 жылғы 20 қаңтарда Ақтауда әуесқой видеоға түсірілген (https://www.azattyq.org/a/28248470.html) ұсталған сәтін полицейлер тарапынан "Миранда ережесін" бұзудың бір мысалы ретінде атайды. Елеусінов Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын тіркеуді талап еткен жүздеген мұнайшының көп күнге жалғасқан аштық акциясын басқарған болатын.

Әмин Елеусіновті полицияның ұстаған сәті:

Әмин Елеусіновті полиция ұстап әкетті
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:09 0:00

Бірақ адвокат Гүлнәр Жуаспаева, мақалада қозғалған тақырыпқа орай, Әмин Елеусіновті ұстаған сәтте сол жерде болған полицейлердің ешқайсысы оның құқықтарын түсіндірмегеніне назар аударады.

"ТЕРГЕУШІЛЕРДІҢ АЙЛА-ТӘСІЛДЕРІ"

Биыл қылмыстық қудалауға ұшыраған ("БТА банкінен жымқырылған ақшаның ізін жасыруға қатысы бар" деп айыпталған) журналист әрі азаматтық белсенді Жанболат Мамай 10 ақпан күнгі оқиғаларды еске түсіріп, "тінту жүргізу үшін таңертең үйіме келгендер маған ешқандай құқығымды оқып берген жоқ" дейді. Тінтуді түске қарай аяқтап, оны (күзетпен, бірақ қолына кісен салмаған) Алматы қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес басқармасына апарған әрі мұны қорғану құқығы бар куә ретінде өз еркімен келді деп көрсеткен.

- Менде тіпті адвокат та болған жоқ. Мені адвокатсыз тергеді. Бірінші тергеу кезінде моральдық қысым көрсетті. Алғашқы тергеу кезінде құқымды бұзды деп бұл жайлы тіпті шағым жазған болатынмын, - дейді Жанболат Мамай.

Жанболат Мамай сот залында тұр. Алматы, 11 ақпан 2017 жыл.
Жанболат Мамай сот залында тұр. Алматы, 11 ақпан 2017 жыл.

Тергеу 5-6 сағатқа созылған, ал тергеуден кейін Жанболат Мамайды куәгерден күдікті мәртебесіне ауыстырып, сол жерде тұтқындаған. Мамайдың Азаттыққа айтуынша, "Миранда ережесіне" сәйкес құқықтарын оған тек сол кезде ғана оқып берген.

Журналист Жанболат Мамайдың тұтқындалуы (10 ақпан 2017 жыл):

Журналист Жанболат Мамай ұсталды
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:55 0:00

Жанболат Мамайдың қылмыстық ісінің бас кезіндегі жағдайға қатысты берген комментариінде Қазақстандағы адам құқығы бюросының директоры Евгений Жовтис "бұл – тергеушілердің қылмыстық-процессуалдық заңға енгізілген өзгерістерді айналып өту үшін тапқан айласы" дейді. Оның сөзінше, әлгі өзгерістерде "Миранда ережесі" де, қорғану құқығы бар куәгер мәртебесі тәрізді бұған дейін болмаған өзге де көптеген жайттар қамтылған. Бірақ Жовтистің сөзінше, жаңадан енгізілген әлгі өзгерістерге қарамастан, күштік құрылым қызметкерлері ықтимал заң бұзушыға қылмысын дәл ұсталған кезде "мойындатуға" тырысады, ал бұған "Миранда ережесі" көп кедергі келтіреді. Сондықтан Евгений Жовтистің айтуынша, тергеушілер күдіктіні оның құқықтарын жарияламастан жауап алу үшін неше түрлі айла-тәсілге барады.

Жовтистің болжамынша, тергеушілер әлгі айла-тәсілдерді ұсталғандардан барынша көп түсінік "сығып алу үшін" пайдаланады, бірақ олардың құқығын түсіндірмейді әрі бұл үшін жауапкершілікке тартылуым мүмкін деп қорықпайды. Оның сөзінше, "Миранда ережесі" мен өзге өзгерістерді қолдану жүйесі әзірше талапқа сай жұмыс істемейді.

- Оның талапқа сай жұмыс істемеуінің себебі қарапайым – бұл үшін [құқықтарын түсіндірмегені үшін] әзірше ешкімді жазаға тартып жатқан жоқ... Қылмыстық қудалау органының кінәлілік презумпциясы деген болуы тиіс. Ол тиісті процедуралардың бәрін орындағанын дәлелдеуі тиіс әрі мұны күдікті емес, оның өзі дәлелдеуі тиіс. Бүкіл процедура заңға сәйкес жүргізілгенін дәлелдейтін даусыз айғақтарды ол [қылмыстық қудалау органы] көрсетуі тиіс, - дейді Евгений Жовтис.

Жовтистің айтуынша, демократиялық елдерде ұсталған кезде күдіктіге құқықтарын түсіндірмегені анықталса, соттар қылмыстық істерді қарамай қояды. Ал Жанболат Мамайдың ісіне келсек, журналистің құқығым бұзылды деген көптеген шағымына қарамастан, оны үстінен қозғалған іс бойынша сотқа тартып, айыптау үкімін шығарған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG