Accessibility links

Қазақстан - адам құқығын "құрсаулаушы" топта


Қазақстанда митингіге шыққан адамдарды қамауға алу үйреншікті дағдыға айналған. Алматы. 21 мамыр, 2016 жыл.
Қазақстанда митингіге шыққан адамдарды қамауға алу үйреншікті дағдыға айналған. Алматы. 21 мамыр, 2016 жыл.

Халықаралық CIVICUS ұйымының есебінде Қазақстан еркін ұйым құру, бейбіт шеру өткізу және ой еркіндігін "құрсаулаушы" топтан көрінді. Жергілікті белсенділер бұл бағаны әділетті деп санайды.

Астана тұрғыны Асхат Рахымжанов жалғыз адамдық пикеттерге қатысқаны үшін соңғы төрт жылда екі мәрте әкімшілік жазаға тартылған. Наразылық шарасына шыққаны үшін полиция бөліміне жеткізіліп, онда үш сағатқа дейін отырып, алған ескертулерінің санынан да жаңылған. Рахымжановтың айтуынша, Қазақстанда шеру мен митинг өткізуге рұқсат алу өте қиын.

- Қанша өтініш тапсырдық [әкімшілікке]. Осыдан 3-4 жыл бұрын, «Антигептил» қозғалысына бір-ақ рет рұқсат берді. Өтініш бере бергеннен бәрібір рұқсат бермейтінін түсінген соң, ой-пікірімізді көпшілікке жеткізудің басқа амалына көштік. Дөңгелек үстел өткізіп, жалғыз адамдық пикеттерге шығып көрдік. Оның соңы әкімшілік жазамен аяқталды. Кейбір жігіттер 15 тәулікке қамалды, - дейді ол.

Ауылшаруашылығы жерін шетелдіктерге сатуға және жалға беруге қарсылық митинг / жиынында тұрған жас азаматтар. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.
Ауылшаруашылығы жерін шетелдіктерге сатуға және жалға беруге қарсылық митинг / жиынында тұрған жас азаматтар. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

Қазақстанда рұқсат етілмеген наразылық акцияларын ұйымдастырушылар мен мұндай іс-шараларға қатысушылар ғана емес, осы оқиғалар туралы хабар таратуға барған жергілікті журналистер де ұсталып, сағаттап полиция бөлімшелерінде отырады. Соңғы мәрте бұл құбылыс сәуір және мамыр айларындағы үкіметтің жер реформасына қатысты болған толқулар кезінде анық байқалды.

Азаматтық қоғам мен ой-пікір еркіндігіне қысым көрсететін үкіметтерді анықтайтын жаһандық азаматтық қоғам одағы CIVICUS-тің есебінше, әлем бойынша үш миллиардтан астам адам сөз бен ой бостандығына шектеу салынған мемлекеттерде өмір сүріп жатыр. Жуырда CIVICUS жариялаған рейтинг бойынша, әлемдегі 104 елдің 16-сында азаматтық қоғам қорқыныш пен зорлықты бастан кешіріп отыр. Бұл елдерде биліктің пікірімен келіспегендер, сын айтқандар жазаға тартылады. Ал 32 мемлекеттегі азаматтық қоғам қуғын-сүргін көріп келеді. 21 елдегі азаматтық қоғамның іс-әрекетіне жергілікті билік құрсау салған. 26 мемлекетте азаматтық қоғамның қызмет аясы тарылған. Бар жоғы 9 мемлекеттің азаматтық қоғамы толық дерлік еркіндік пен бостандықта.

Қазақстан бұл рейтингте "құрсау салғандар" тобында тұр. Қазақстанның көршілері Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Түркіменстан CIVICUS-тің рейтингісіне енбеген.

Азаматтық белсенді, экс-сенатор Зәуреш Батталова халықаралық ұйымның осы рейтиінгісіне қатысты Азаттыққа өз ойын білдірді. Батталованың сөзінше, қазіргі Қазақстан қоғамында саяси ой еркіндігіне шектеу қойылған. Ол әлеуметтік тақырыптағы белсенділік "әлеуметтік араздық тудыру" деп бағаланып, қылмыстық қудалауға ұласып жатыр деп алаңдайды.

Азаматтық белсенді Зәуреш Батталова.
Азаматтық белсенді Зәуреш Батталова.

- Үйі мен жері "мемлекет мұқтаждығы" үшін тартып алынған тұрғындар өтемақыға риза болмай жатады. Олар наразылықтарын білдіру үшін үйі мен жерін алған әкімдіктен рұқсат сұрайды. Әкімдік рұқсат бермейді. Қазақстан 2005 жылы азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні ратификациялады. Содан бері Қазақстан билігі заңнаманы осы пактінің талаптарына сәйкестендірмей отыр, - дейді азаматтық белсенді.

Зәуреш Батталованың сөзінше, президент Нұрсұлтан Назарбаев 2009 жылы қол қойып, қабылдаған адам құқығына қатысты ұлттық жоспарда шеру мен митинг өткізуге жергілікті әкімдіктен рұқсат сұрау талабы 2012 жылы алынып тасталуы керек болған. Бірақ бұл талап әлі өзгермеген.

Жергілікті құқық қорғаушылар мен белсенділер жергілікті биліктің адам құқығын қорғау бағыттындағы жұмысын жиі сынайды. Ал Қазақстан билігі халықаралық талаптарға сай адам құқығы мен бостандығына қатысты заңнаманы біріздендіріп жатқанын мәлімдеп келеді. Қазақстан конституциясы бойынша, "демократиялы, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекеттегі ең қымбат қазына – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары".

XS
SM
MD
LG