Accessibility links

Боқаев пен Аянды қолдауға келгендерді полиция ұстады


Полиция Макс Боқаев пен Талғат Аянға қолдау білдіруге келген белсенділерді ұстап әкетіп барады. Алматы, 23 қазан 2016 жыл.
Полиция Макс Боқаев пен Талғат Аянға қолдау білдіруге келген белсенділерді ұстап әкетіп барады. Алматы, 23 қазан 2016 жыл.

Атырауда сотқа тартылып жатқан Макс Боқаев пен Талғат Аянға қолдау білдіру үшін бүгін Алматының орталығына жиналған бірнеше белсендіні полиция ұстап әкетті.

Жексенбі, қазанның 23-і күні таңертең сағат он бір жарым кезінде жұрт арасында «Алматы Арбаты» деп аталатын Жібек Жолы көшесіндегі аллеяға барған Азаттық тілшісі ол жерде бір топ полиция өкілі мен жай киімдегі адамдар жүргенін, аллея төңірегінде полиция көліктері тұрғанын байқады. «Бүгін мұнда полиция өкілдері не себептен көбейді?» деген журналистің сұрағына полиция қызметкерлерінің бірі «күнделікті тәртіп сақтау жұмысы» деп жауап берді.

Арада он-он бес минуттай уақыт өткенде аллеяда тұрған бес-алты адамның жанына азаматтық белсенділер Құрал Медеуов пен Сүйіндік Алдабергенов келген соң полиция қызметкерлерінің қимылы да жиілей бастады. Белсенділер бұл жерге не үшін жиналғанын жариялап үлгерместен оларды қоршап алған оншақты полиция қызметкері жиналғандардың арасынан Құрал Медеуов пен Сүйіндік Алдабергеновті қолтығынан ұстап ала жөнелді.

Полиция Макс Боқаев пен Талғат Аянды қолдау акциясына келген белсенділерді ұстап әкетіп барады. Алматы, 23 қазан 2016 жыл.
Полиция Макс Боқаев пен Талғат Аянды қолдау акциясына келген белсенділерді ұстап әкетіп барады. Алматы, 23 қазан 2016 жыл.

Жиналған адамдардың кейбірі полицияның бұл әрекетіне наразылық білдіріп, ұсталғандарға араша түсуге тырысты. Биыл көктемде жер мәселесіне қатысты қарсылық шаралары кезінде көзге түскен зейнеткер Раиса Дүйсенбаева полиция қызметкерлерінің соңынан айқайлап қала берді. Онымен бірге аллеяда егде жастағы төрт-бес белсенді ғана қалды. Полиция оларды сырттай бақылап тұрды.

Раиса Дүйсенбаеваның Азаттық тілшісіне айтуынша, бір топ белсенді бүгін Жібек Жолы көшесіндегі аллеяға бейбіт түрде жиналып, Атырауда соты өтіп жатқан Макс Боқаев пен Талғат Аянға қолдау көрсетпекші болған.

Зейнеткер Раиса Дүйсенбаева (оң жақта) белсенділерді ұстап әкетіп жатқан полицияға наразылық білдіріп тұр. Алматы, 23 қазан 2016 жыл.
Зейнеткер Раиса Дүйсенбаева (оң жақта) белсенділерді ұстап әкетіп жатқан полицияға наразылық білдіріп тұр. Алматы, 23 қазан 2016 жыл.

Арада бір сағаттай уақыт өткенде Азаттық тілшісі телефон арқылы хабарласқан Сүйіндік Алдабергенов полиция Құрал Медеуов екеуін Алмалы аудандық ішкі істер бөліміне апарғанын, бүгін Асхат Берсалимов, Әсел Мақсұт және Ақерке Әбішева есімді адамдар да ұсталғанын хабарлады.

Жексенбінің кешінде Алматының ауданаралық әкімшілік соты Медеуов, Берсалимов және Алдабергеновті «бейбіт жиын, митинг, шеру өткізу тәртібін бұзғаны» үшін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды. Сот Мақсұт пен Әбішеваға ескерту жасаумен шектелді.

Құрал Медеуов, Асхат Берсалимов және Сүйіндік Алдабергенов биыл көктемде ауылшарушылығы мақсатындағы жерді жеке меншікке сатуды және шетелдіктерге ұзақ мерзімге жалға беруді көздейтін заң өзгерістеріне қарсы Алматыда мамырдың 21-і күні болады деп жоспарланған қарсылық жиыны қарсаңында «рұқсат етілмеген митингі ұйымдастырмақ болғаны» үшін әкімшілік сотқа тартылып, 15 тәулікке қамалған.

Азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян сәуірдің 24-і күні Атырауда өткен жер реформасына қарсылық митингісінен соң қамауға алынған. Олардың үстінен «заңсыз митинг ұйымдастырған» және «араздық қоздырған» деген айыптар бойынша қозғалған қылмыстық іс қазір Атырау сотында қаралып жатыр. Белсенділер өздеріне тағылған айыптарды мойындамайды.

XS
SM
MD
LG