Accessibility links

Интерпол іздеу салған Дауылбаев кім?


Интерполдың вебсайтындағы Асхат Дауылбаевқа іздеу салған ақпарат. 23 ақпан 2011 жыл
Интерполдың вебсайтындағы Асхат Дауылбаевқа іздеу салған ақпарат. 23 ақпан 2011 жыл

Интерпол ұйымы іздеу салған Қазақстан азаматтарының ішінде 49 жасар Асхат Дауылбаев есімді күдікті пайда болды. Ұйымның вебсайтына шыққан бұл ақпаратқа қатысты аты-жөні мен жас мөлшері дәл келетін бас прокурордың орынбасары да, Интерполдың Қазақстандағы бюросы да жарытымды жауап бермей отыр.


Халықаралық қылмыстық полиция ұйымы - Интерполдың ресми сайтында 1962 жылы Қазақстанда туған Дауылбаев Асхат есімді азаматқа халықаралық іздеу жарияланғандығы туралы ақпарат ілініп тұр. Дауылбаевты "алаяқтық" жасаған деген күдікпен ұстауға Ливан соты ордер берген. Ал шетелде қуғында жүрген президент Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев өз блогында Интерполдың іздеуіндегі адам – қазір Қазақстанда бас прокурордың орынбасары қызметін атқаратын Асхат Дауылбаев деп көрсеткен.

ИНТЕРПОЛДЫҢ ВЕБСАЙТЫНДАҒЫ АҚПАРАТ

Бұл мәселеге қатысты бас прокуратураға хабарласқанымызда, мекеменің ресми өкілі Жандос Өмірәлиев мәліметке бірден сене қоймады:
- Жоқ, жоқ ол шындыққа жанаспайды. Жұмыста отыр ол (Дауылбаев – ред.), - деді ресми өкіл Азаттық тілшісіне.

Кейін ақпаратты іздеп тауып, «басшылыққа жеткіземін» деді. Біздің Асхат Дауылбаевтың өзімен сөйлеспек болған тілегіміз орындалмады. Ресми өкіл «басшылыққа айтып көремін» дегенімен, бірнеше сағаттан кейін жауапты өзі берді.

- Жоғарыда айтқанға қатысты қазір біз интерполмен хабарластық. Бұл жерде түсінісбестік туып тұр, - деді Жандос Өмірәлиев.

Бұдан бөлек, біз Асхат Дауылбаевтың Қанат есімді көмекшісімен тілдестік. Ол да бас прокурор орынбасарының «жұмыстан қолы тимей жатқандығын» айтты.

«ЛИВАННАН СҰРАП БІЛЕЙІК»

Бұл ақпараттан Қазақстандағы интерполдың ұлттық орталық бюросы да хабарсыз болып шықты. Бюроның қызметкерлері дәл бас прокуратура сынды Азаттық тілшісінің көмегімен ақпаратты іздестіруге кірісті. Кейін өздерінің бұған еш қатысы жоқ екендігін айтып, мәселенің мән-жайын Ливан тарапынан анықтауға уәде етті.

- Бізде мұндай фамилиямен адам жоқ іздеуде. Қазақстан жағы іздеп жатқан жоқ бұл адамды. Ливаннан сұрау керек, - деді Азаттық тілшісінен жауап берген қызметкер.

Осылайша Интерпол арқылы да халықаралық іздеуге жарияланған Асхат Дауылбаевтың кім екендігін анықтау мүмкін болмады.

Бас прокурордың орынбасары болып қызмет істейтін Асхат Дауылбаевтан да оны анықтаудың реті келмеді. Сәрсенбі, ақпанның 23-і кешкі сағат алты жарымда соңғы рет телефон шалғанымызда, хатшы қыз «орынбасар әлі жиналыстан шықпағандығын» айтты.
XS
SM
MD
LG