Accessibility links

«Сең бұзылмады». Алқабилер қатысатын сот азайған


Алқабилер қатысуымен өтіп жатқан соттың бірі. (Көрнекі сурет)
Алқабилер қатысуымен өтіп жатқан соттың бірі. (Көрнекі сурет)

Қазақстан адвокаттарының мәлімдеуінше, алқабилер сотын қолдану аясы тарылып келеді. Тәуелсіз құқық қорғаушылар «мемлекеттік органдардың тілегені де осы» дейді.

Республикалық адвокаттар коллегиясы биыл күшіне енген жаңа қылмыстық іс жүргізу кодексі алқабилер сотын қолдануды біраз шектеді деп санайды. Адвокаттар алқасы қазан айының басында таратқан мәлімдемеде «бұл құқық қорғау ведомстволарының көңілінен шығудың амалы» деп жазылған.

Республикалық адвокаттар коллегиясы алқабилер соты қарай алатын ауыр және аса ауыр қылмыстар тізімін кеңейтіп, қылмыстық іс жүргізу кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізуді ұсынады,

ҮНСІЗДІК ПЕН ТҮСІНБЕСТІК

Құқық қорғау органдары адвокаттар алқасының мәлімдемесіне әзірге ешқандай жауап қатқан жоқ.

Сот процесіне қатысушылар алқабилер шығарған шешімге қол соғып тұр. Атырау, 2009 жыл. (Көрнекі сурет)
Сот процесіне қатысушылар алқабилер шығарған шешімге қол соғып тұр. Атырау, 2009 жыл. (Көрнекі сурет)

Аты-жөнін көрсетпеуді өтінген ІІМ қызметкері адвокаттар алқасы мәлімдемесін түсінбейтінін айтады. Оның айтуынша, қылмыстық іс жүргізу кодексінің жаңа жобасын парламентке ІІМ мен ҰҚК немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (бұрынғы қаржы полициясы) емес, бас прокуратура ұсынған.

Оның айтуынша, істі сотқа тергеу амалдарын жүргізген орган емес, прокуратура жолдайды. Сондықтан «парламентте жаңа қылмыстық іс жүргізу кодексі қабылданған кезде өз мүддесін тықпалады деп құқық қорғау органдарын айыптаудың жөні жоқ» дейді ол. Ал қылмыстық іс жүргізу кодексі мазмұнына қатысты сауалдарды ол бас прокуратураға жолдауға кеңес береді.

Бас прокуратураның да аты-жөнін көрсетпеуді сұраған бір қызметкері адвокаттар алқасы «неге кеш оянып жүр» деп таңырқайды. Бас прокуратураның қызметкері «қылмыстық іс жүргізу кодексі жобасы парламентте талқыланып жатқанда адвокаттар мен оларды қолдайтын құқық қорғаушылар қайда болған?» дейді.

Адвокаттар алқасы мәлімдемесіне қатысты қадағалаушы органнан ресми комментарий сұраған Азаттық тілшісінің өтінішіне бас прокуратураның баспасөз қызметкері Гүлнәр Бектұрова «бас прокурордың атына ресми хат жолдаңыз, ол заңда белгіленген тәртіппен қаралады» де п жауап берді.

«АДАМДЫ ОТЫРҒЫЗУҒА МҮДДЕЛІ ЕМЕС»

«Адам құқығы хартиясы» құқық қорғау ұйымы жетекшісі Жеміс Тұрмағамбетова адвокаттар алқасы үндеуін қолдайды.

«Адам құқығы хартиясы» құқық қорғау ұйымы жетекшісі Жеміс Тұрмағамбетова.
«Адам құқығы хартиясы» құқық қорғау ұйымы жетекшісі Жеміс Тұрмағамбетова.

- Олар кезінде «алқабилер соты қарай алатын баптар мен қылмыс түрлерін көбейту керек» деген жоғарғы сот өкілінің ұсынысы туралы айтып отыр. Бірақ әлгі ұсыныстан түк шыққан жоқ, - дейді Жеміс Тұрмағамбетова.

Қазақстандағы адам құқығы бюросының Қостанай облыстық филиалымен тығыз жұмыс істейтін адвокат Снежанна Кимнің айтуынша, алқабилер сотын қолдану аясы тарылуына байланысты жаңа қылмыстық іс жүргізу кодексі көбінесе құқық қорғау органдарына тиімді. БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитеті азаптау шаралары қолданылған деп таныған істер бойынша жергілікті полициядан өтемақы өндірумен танылған адвокат Снежанна Ким:

- Егер тергеу амалдары салақ жүргізілсе, бұл олақтық алқабилер қатысқан процесте тез ашылып қалады. Өйткені алқабилер процестің белгілі бір нәтижемен аяқталуына, яғни адамды соттатуға мүдделі емес. Олар іске кеңірек әрі қалтқысыз қарайды, - дейді.

Алқабилер соты

Алқабилер соты

Қазақстанда алқабилер соты 2007 жылдан бері жұмыс істей бастады. 12 азаматтан және бір кәсіби судьядан тұратын алқабилер отырысы қылмыстық кодекстің кейбір баптарынан өзге, аса ауыр қылмыстық істерді қарай алады. Алқабилер сотталушының кінәлі немесе кінәсіз екенін шешеді. Ал кәсіби судья үкім шығарады.

25 жасқа толған, өтелмеген немесе алынбаған соттылығы жоқ, судья болып немесе құқық қорғау органдарында жұмыс істемейтін Қазақстан азаматтары алқаби бола алады. Іс қаралып біткен соң бюджет қаражаты есебінен алқабилерге сыйақы төленеді.

Бір қызығы, 2012 жылы жазда «өктемдік» бабы бойынша айыпталған құқық қорғаушы Вадим Курамшинді прокуратура ұзақ мерзімге соттауды сұрағанымен, алқабилердің қатысуымен өткен сот бір жылға бостандығын шектеу туралы үкім шығарған. Курамшинді сот залынан босатқан, бірақ ол екі айдан кейін қайта тұтқындалған. Ал желтоқсан айында алқабилерсіз өткен сот процесінде оны бұрынғы іс бойынша 12 жылға соттаған.

Белгілі құқық қорғаушы Евгений Жовтис Азаттық тілшісіне «Адвокаттар алқасының мұндай мәлімдеме жасауы – жақсы нышан. Өйткені әдетте адвокаттар ашық мәлімдеме жасаудан қашқақтайды, кейде мұның тіпті саяси астарын байқауға болады» дейді. Оның сөзінше, адвокаттар әдетте заң тілі шегінен аспайды. Құқық қорғаушы алқабилердің қатысуымен қаралатын сот істерін көбейтуден сот өндірісі сапасы жақсарады деп санайды.

- Тергеу амалдарының мүлде сапасыз жүргізілуі, ал оның кемшіліктерін соттың жасырып-жабуы біздің қылмыстық процеске тән нәрсе. Сот әдетте қорғаушы тарап келтірген дәлелдерді түкке тұрғысыз санайды. Оның үстіне, біздің соттар бүкіл материалды толық алған соң барып қана істі қарауға кіріседі. Ал оны қарап шығып, айыптаушы тараптың болжамына жығыла салады. Ал алқабилер іс материалдарын алдын ала оқымайды. Сондықтан іске қатысты жайттардан мүлде хабары жоқ адам болғандықтан, дәлел-уәждердің растығына алқабилердің көзін жеткізуге тура келеді, - дейді Евгений Жовтис.

Евгений Жовтистің айтуынша, сотталушы «тергеу амалдары кезінде азаптауға ұшырадым» деп мәлімдеген кезде алқабилердің атқаратын рөлі өте маңызды. Қазақстанда қалыптасқан практика бойынша, тергеуге іліккен жандардың азаптауға қатысты шағымдарын «арнайы» судьялар жеке-дара әрі жабық режимде қарайды. Құқық қорғаушы «Мұндай судьялар ондай шағымдарға әдетте көз жұма қарайды. Ал кейін қылмыстық істі қарайтын сот процесі алқабилерсіз өтсе, сотталушының тергеу кезінде азаптауға ұшырағанын дәлелдеуге еш мүмкіндігі болмайды» дейді Жовтис.

АҒЫЛШЫН-АМЕРИКАЛЫҚ ҮЛГІ

Адвокаттар алқасы мәлімдемесінде істі судьясыз қарай алатын алқабилер сотының басқа үлгісіне көшуді ұсынатын тағы бір тармақ бар.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис. Алматы, 2015 жылдың тамызы.
Құқық қорғаушы Евгений Жовтис. Алматы, 2015 жылдың тамызы.

Мәлімдемеде «Сотталушының жазықты не жазықсыз екенін алқабилер кәсіби судьясыз шешетін классикалық ағылшын-америкалық үлгіге көшу қажет деп санаймыз» деп жазылған.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис адвокаттар алқасының алқабилер сотының ағылшын-америкалық классикалық үлгісіне көшу туралы ұсынысын құптайды.

- Егер алқабилер отырысына кәсіби судья қатысса, алқабилер институтынан тұщымды нәтиже күту қиын екенін біз, яғни құқық қорғаушылар мен адвокаттар әу бастан айтқанбыз. Өйткені біздің менталитетімізді ескерсек,судьялар міндетті түрде алқабилерді өз ығына жығып, ойындағы шешімді шығартуға көндіреді, - дейді Евгений Жовтис.

Құқық қорғаушы Қазақстандағы алқабилер сотының қазіргі үлгісінің кезінде жұмыс істеген, икемге көнгіш «халықтық қосшы билердің» қатысуымен өтетін советтік сот моделінен еш айырмасы жоқ деп санайды.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG