Accessibility links

Садовое тұрғындары көшіруді я ауыл жағдайын түзеуді сұрайды


Садовое ауылында жүрген балалар. Қарағанды облысы, 2017 жылдың қазаны.
Садовое ауылында жүрген балалар. Қарағанды облысы, 2017 жылдың қазаны.

Қарағанды облысындағы шағын ауыл - Садовое тұрғындары елдімекенді «меңіреу мекен» деп атап, тіршілік етуге дұрыс жағдай жоқ деп шағынады. Олар бұл жерден көшіруді немесе ауылдың жағдайын жақсартуды сұрайды. Жоспарлары жайлы айтқан билік ақша жоқтығына сілтейді.

МЕҢІРЕУ МЕКЕН

Садовое ауылына кіре бергеннен әлдебір үмітсіздікті сезінгендей боласың. Некен-саяқ болмаса, көшеде жұрт қарасы аз - жергілікті тұрғындардың көбі кеш қарайғанға дейін Теміртауда жұмыста болады. Ауылда көбінесе бала-шаға, әйелдер мен қарттар қалады. Жұрттың кейбірі ауылға бөтен адамның келгенін көріп, үйіне кіріп кетуге асықса, енді біреулері жөн сұрасуды ұйғарды. Журналист екенін естігеннен кейін ауылдағы проблемаларды бірнеше тұрғын жапатармағай айта бастады. Шағын ауылдағы ең үлкен проблеманың бірі - мектептің жоқтығы. Балалар Садовое ауылынан бірнеше километр жердегі Гагарин ауылына барып сабақ оқуға мәжбүр.

- Көп адам жан-жаққа тарап, көшіп кеткен 1997 жылы мектепті жауып тастаған, ол кезде ауылда бала аз болатын. Ал енді жаңа ұрпағымыз өсіп келеді, балалар көп туып жатыр. Кішкентай балалар өзге ауылға салпақтамас үшін, ең болмаса бастауыш мектеп салып бермей ме? Қыста жолды боран үрлеп тастаған кезде оқушылар сабаққа бара алмай үйде отырады. Бізге балабақша да қажет, кішкене балалар көп. Балалар мен жастарға ауылдық клуб ашса болар еді. Адамдар ауылда тұрғысы-ақ келеді, бірақ жағдай жоқ. Көшеде мүлде жарық жоқ. Бізге фельдшерлік пункт те керек. Аяқ асты біреу ауырып қалса, өзге ауылдағы дәрігерлерге апаруға тура келеді. Көрген күніміз осы, - дейді Садовое ауылы тұрғыны Риза Хавай.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Садовое ауылындағы күнкөріс

Азаттық тілшісі кейінгі екі жыл ішінде Қарағанды облысы Бұхар жырау ауданындағы Садовое ауылынан өзге талай елдімекендерді аралап көрген еді. Бірақ өнеркәсіптік қала - Теміртаудан онша шалғай болмағанымен, бұл -әзірше көңіл құлазытатын алғашқы ауыл. Садовое ауылында 300-ден сәл көп адам тұрады. 1999 жылы ауыл халқының саны 260 адам болған. 2009 жылғы санақ деректері бойынша, Садовое ауылында 391 адам тұрған.

Шамасы жеткендер көрші Гагарин ауылына, ал біреулері қалаға көшіп кеткен. Жергілікті тұрғындар "өмір сүруге дұрыс жағдай болмағанымен, ауылымыз көп бала туады " деп әзілдейді. Ауылда 16 жасқа толмаған 100-дей бала бар. Ауылда жұмыс болмағандықтан, қабілетті жастағы тұрғындар түгел Теміртау қаласына қатынап жұмыс істеп, үйіне түнге қарай келеді.

Садовое ауылының балалары. Қарағанды облысы, 2017 жылдың қазаны.
Садовое ауылының балалары. Қарағанды облысы, 2017 жылдың қазаны.

Садовое ауылы мен Теміртау қаласы арасында автобус жүреді: бұл қоғамдық көлік күніне белгілі бір уақытта ауылға бірнеше рет келеді. Теміртауға баратын алғашқы рейс таңғы сағат жетіде жүреді, ал Теміртаудан Садовое ауылына соңғы автобус кешкі сағат жетіде кетеді. Автобусқа үлгермей қалғандар жол-жөнекей көлік жалдап барады. Ал көлігі барлар «бақытты адам» болып саналады. Азаттық тілшісі Садовое ауылындағы кейбір үйлердің алдынан ескі «Жигули», «Москвич» сияқты машиналарды көрді. Ауылда жалғыз шағын азық-түлік дүкені бар, бірақ былтырғы су тасқынынан миллиондаған шығынға батқаннан кейін ол дүкеннің иелері тауар түрлерін қысқартуға мәжбүр болған.

ШАРУАШЫЛЫҚТЫ ДАМЫТҚЫМЫЗ КЕЛЕДІ, БІРАҚ ЖЕР ЖОҚ

Әсіресе тұрғындар ауылда бос жер жоқ деп көп шағымданады. Соның кесірінен жұрт шаруашылығын дамыта алмай отыр. Жұрт тіпті мал жаятын жер жоқ деп шағынады. Кей сиырлар үйлердің тура іргесінде жайылып жүр.

- Бір жыл бұрын осы жерден ауылдық кооператив ашқанбыз, енді бізге 300 гектар болса да шабындық жер, жайылым керек. 100 бас мал бордақылауға болатын база сала бастадық. Несиеге мал сатып алдық, ары қарай тіршілік етіп, бала-шағаны асырау үшін енді оны дамыту керек. Ертеректе, яғни 1997 жылға дейін бұл жерде егіс алқаптары көп болатын, жергілікті тұрғындардың бәрі сонда жұмыс істейтін, тіпті өнімді жинап үлгермей қалатын. Ал қазір мал жаятын жер жоқ. Бүкіл жер сатылып кеткен, бізге жер бермейді, бұл мәселені талай көтергенбіз. Ауылдың, тұрғындардың ендігі күйі не болмақ? Ауылда жерсіз қалай күн көреміз? Бала-шағаны асырап, жеткізу керек. Жұрт бірдеңе істесек деп құлшынып отыр, оларға мүмкіндік беру керек қой, - дейді Садовое ауылы тұрғыны Ислам Әбіп.

Жаңадан ашылған кооператив жұмысшылары мал бордақылайтын орын дайындап жатыр. Қарағанды облысы Садовое ауылы, 2017 жылдың қазаны.
Жаңадан ашылған кооператив жұмысшылары мал бордақылайтын орын дайындап жатыр. Қарағанды облысы Садовое ауылы, 2017 жылдың қазаны.

Азаттық тілшісі сөйлескен тұрғындар әсіресе 2015 жылы көктемгі тасқыннан кейін көшіру мәселесін бірнеше рет қозғадық дейді. Биылғы көктемде Нұра өзені тасып, бірнеше ауылды су басқан кезде Садовое ауылы да зардап шеккен. Ертеректе Бұхар жырау ауданы әкімдігі Азаттыққа «көшіру жағы әлі қаралған жоқ, бұл - қиын мәселе» деген болатын. Биліктің уәжіне қарағанда, ауданда су басу қаупі бар ауылдар көп, сондықтан олардың бәрін бұл жерден көшіру мүмкін емес, оның орнына бүкіл күш пен ақшаны су жайылудан қорғауға жұмсаған дұрыс. Енді тұрғындар биліктен егер адамдарды өзге жаққа көшіргілері келмесе, кенттің іргесін нығайтып, қайталануы мүмкін су басу қаупінен қорғап, ауылды дамыту үшін дұрыс жағдай жасауды сұрайды.

- Егер көшірмесе, ауылда тұруға дұрыстап жағдай жасасын. Әлеуметтік және мәдени нысандардан бөлек, ауылда жұмыс та керек. Жұмыс жоқ, жастар күнкөріс қамымен қалаға кетіп, кешкісін келеді. Жұртқа жер берсе, жұмыссыздық проблемасын ішінара шешуге болады, жер берсе өздері-ақ бірдеңемен айналысып, шаруашылығын да дамытар еді. Ал қазір ауылда шабындық жер жоқ, бәрі сатылып кеткен. Тіпті тракторларымызды да оталдырмаймыз, қаңтарылып құр тұр. Ал мал ұстау үшін 500 түк шөпті еріксіз 200 мың теңгеге сатып аламыз. Бұл тиімсіз ғой. Жер болса, шөпті өзіміз шауып, жинап алар едік. Мал ұстамайтын отбасылар бар, өйткені қымбатқа түседі, - дейді Садовое ауылы тұрғыны Құрмет Уәжіп Азаттыққа.

Садовое тұрғыны Құрмет Уәжіп.
Садовое тұрғыны Құрмет Уәжіп.

ӘКІМДІК: ЖОСПАРЛАРЫМЫЗ БАР, АҚША ЖАҒЫ ҚИЫН

Садовое ауылында шынымен не әлеуметтік, не мәдени нысандар жоқ екенін Бұхар жырау ауданы әкімдігі өкілдері де мойындайды. Ауылда орталықтандырылған су құбыры, электр жарығы мен телефон байланысы (айтпақшы, бұл жағынан Қазақстанның кей ауылдарынан қарағанда тәуір) ғана бар. Ал Садовое ауылындағы жұмыс орындарынан әкімдік бір шаруа қожалығы мен жеке кәсіпкер түрінде тіркелген кәсіпорынды (азық-түлік дүкені) ғана атай алды. Бірақ тұрғындардың мәліметіне қарағанда, оларда көбінесе отбасы мүшелері жұмыс істейді. Бұған қоса, әкімдіктің айтуынша, былтыр ауылда бірнеше адам бірігіп мал шаруашылығын дамыту үшін ауылдық кооператив құрған. Оны миллиондаған теңге несие алып ашудың сәті түскен.

Азаттық тілшісі жергілікті биліктен "Жуықта Садовое ауылында қандай коммуникация жүргізуді және қандай нысандар салуды жоспарлап отырсыздар? " деп сұраған еді. Әкімдік өкілдері биыл көшеге жарық тартудан өзге ештеңе жоспарланбағанын айтты.

Садовое ауылына кірер жол. Қарағанды, 2017 жылдың қазаны.
Садовое ауылына кірер жол. Қарағанды, 2017 жылдың қазаны.

- Садовое ауылына медпункт керек деп аудандық ауруханаға жүгінгенбіз. Өтінішті тамыз айында бергенбіз, бірақ әзірше жауап келмей жатыр, әлі қаралып жатыр. Ертеректе ауылда бастауыш мектеп салу жоспары болған, бірақ бюджетте әзірше ақша жоқ. Ал негізі, ондай жоспарымыз бар, бұл жағы әзірше ақшаға тіреліп тұр. Жер мәселесі бойынша көрші Баймырза ауылдық округіне жүгінгенбіз, бірақ жер мәселесі әлі қаралған жоқ. Негізі, бізде бұл Гагарин мен Садовое ауылдары қарайтын бүкіл округке қатысты проблема болып тұр, бірақ бұл баяғыдан келе жатқан проблема, оны бақылауда ұстап отырмыз, - дейді Гагарин ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Жәния Игенова Азаттыққа.

Садовое ауылы жер аумағының жалпы көлемі -988 гектар. Оның ауыл шаруашылығына арналған 395 гектарының көп бөлігі егін егуге арналған, алжайылымға аздаған гектар ғана бөлінген.

XS
SM
MD
LG