Accessibility links

Былтырғы тасқын өтемақысын әлі алмағандар бар


Нұра станциясы. Карағанды облысы, 24 ақпан 2016 жыл.
Нұра станциясы. Карағанды облысы, 24 ақпан 2016 жыл.

Қарағанды облысында былтыр су басқан ауылдар тұрғындары үйлері сыз екенін айтады. Кейбіріне суға кеткен малдың өтемі толық берілмеген. Билік өкілдері үйлерді салып бітіретінін, мал шығынын толтыратынын мәлімдеді.

Аты-жөнін айтқысы келмеген Нұра ауылының А. есімді тұрғынының жағдайы мүшкіл. Ол тасқыннан зардап шеккендерге көмек қорынан бүлінген баспанасының орнына жаңа үй салынуын әлі күтіп жүр.​

АЗАП ЖЫЛЫ

Оның былтыр су алған ескі үйі әлі күрелмеген. Содан бері бұл отбасы басқа ауылда тұрып келеді. Пәтер ақысын әкімдік төлейді, бірақ Азаттыққа сұхбат берген әйелдің айтуынша, төлем үнемі кешігіп беріледі.

- Жаңа үй салып беруге қазір көп адам келіспейді. Көбінесе өтемақы сұрайды. Басқа үй сатып алғанды дұрыс көреді. Бірақ біз енді кез келген ұсынысқа әзірміз, әзірге салынған үй де, өтемақы да жоқ. Біз жаңа үй салып бере ме деп, көп күтіп қалдық. Былтыр қысқа салым бізге үй салынбайтынын, салынса да құрылысы қашан басталатыны белгісіз екенін айтты. Сондықтан біз үй алуға қайта арыз жаздық. Бұл өте үлкен күйзеліс, азап жылы болды. Жүйкем жұқарып, сырқаттарым асқынып кетті. Ауруханаға жатып шықтым. Мұндай қиындыққа зорға төзіп жүрмін. Баспана керек. Қанша адам күтіп жүр! – дейді ол.

СЫЗ БЕН СЕРГЕЛДЕҢ

Басқалармен салыстырғанда Мұстафин атындағы ауыл тұрғыны Юлия Малышеваның жолы болған. Оның су басқан үйін күреп, бюджет қаражатына жаңасын салып берген. Былтырғы тасқыннан бұл отбасы қора-қопсысынан, бақшасынан, малынан да айырылған еді. Бірақ Юлия Малышева ауылдағы тасқыннан зардап шеккен көптеген тұрғындар сияқты ірі қара малының өтемақысын алмағанын айтады. Оның 10 аналық шошқасы, үш сауын сиыры, бір танасы суға кеткен. Оған кейін торайлар әкеп берген, бірақ олардың бірнешеуі өліп қалған.

Мұстафин атындағы ауылдың тұрғыны Юлия Малышева. Қарағанды облысы, 17 мамыр 2015 жыл.
Мұстафин атындағы ауылдың тұрғыны Юлия Малышева. Қарағанды облысы, 17 мамыр 2015 жыл.

- Бір сиырдың ақшасын алғым келеді. Қазір мен 75 мың теңгеге шөп алып қойдым. Сиырсыз қиын, сүт ішіп отырған адамдар едік. Жаңа жылға дейін біз етті сатып алып жедік. Базардан ет алғым келмейді. Су кетпей тұрып алғандықтан, бақшасыз да қалдық. Биліктен малды неге қайтармай отырғандарын сұрадық, олар үйлерді салып бітіргенше ол мәселе қозғалмайтынын айтты. Ал ол үйлерді әлі салып біткен жоқ. Тұрғындар Астанадағы «Нұр Отанға» да жазды. Олар хатты аудан әкіміне қайта жолдаған. Қазір жұрт біреуге сенуден қалды. Мұндайлары бар, неге адамдарды үміттендіріп қойды? – дейді Юлия.

Тұрғындар жаңа үйдің сапасына да наразы. Кейбіреулер мұны олардың асығыс салынуынан, құрылысшылардың жауапсыздығынан көреді, кей адамдар үй сапасына кеппеген жер әсер етті деп болжайды. Үйлерінің сыз екенін Қарағанды обылысының былтыр суға кеткен ауылдарындағы басқа тұрғындар да айтты. Чкалово ауылында бүлінген үйдің көбі күрелмей қалды, қожайындарына ол үйлерді жөндеуге ақша берілді. Мұнда жаңа үй алған отбасы үшеу ғана.

Үй сыз, қабырғалары көгеріп кетті. Жөндейін десем, толық кепкенін күтіп отырмын. Тағы су алып кетпесе, биыл жаз үй кебетін шығар. Ауылдағы барлық үйлер осындай. Қабырғалар жарылды. Оларды бітеп отырмыз.

- Үйді күрейміз дегенде келісуім керек еді. Бірақ баспанасыз қаламыз ба деп қорықтық. Енді тағы бір тасқыннан үйім құлап қалмай ма деп уайымдап жүрмін. Үйдің іші сыз, қабырғалары көгеріп, кей жері сарғайып кетті. Жөндейін десем, толық кепкенін күтіп отырмын. Тағы су алып кетпесе, биыл жаз үй кебетін шығар. Ауылдағы барлық үйлер осындай. Оның үстіне қабырғалар жарылды. Оларды бітеп отырмыз, - дейді Чкалово тұрғыны Татьяна Вайгант.

ӘУЕЛІ – ҮЙ, СОСЫН – МАЛ

Бұқар жырау ауданы әкімдігі ақпараты бойынша, ауданда арасында екі пәтерлілері де бар 244 үй күрелген. Бұзылған үйлердің орнына бюджет қаражатымен жаңа баспаналар салынған. Жаңа үйлер Ботақара, Мұстафин, Андренниковка, Кызылқайың, Садовое, Ынтымақ, Чкалово, Сарытөбе, Ақтөбе және Жастілек ауылдарында тұрғызылды. 1 066 отбасына жиыны 500 миллион 299 мың теңге өтемақы берілген.

Үй құжаттары дұрыс болмай шығындарын бюджет есебінен қайтара алмаған тұрғындардың жағдайы қиын. Бұл адамдардың тағдыры тасқыннан зардап шеккендерге көмек қорына түсетін қаражатқа қарап тұр.

- Қорға түскен ақшаға үй салдық, үйлер сатып алдық. Салынуы тиіс үйлер бар, күн қалай жылынады, солай құрылысты жалғастырғалы отырмыз. Кейбір отбасылар үйлеріне өтемақы сұрап отыр, бірақ олардың баспанасы бар екенін айтқым келеді. Сондықтан, бұл жерде біз қандай шаруаны бірінші бітіру керек екенін қарастырамыз. Әуелі үйінен айырылып, әкімдік ақшасымен пәтерде отырған адамдарға үй саламыз немесе сатып аламыз. Баспанасы бар адамдардың мәселесіне одан кейін келеміз. Бірақ оларға да қордан көмек көрсетіледі, - деді Азаттық тілшісіне телефон арқылы сұхбат берген Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары Сапар Сатаев.

Бұқар жырау ауданындағы Нұра станциясы. Қарағанды облысы, 24 ақпан 2016 жыл.
Бұқар жырау ауданындағы Нұра станциясы. Қарағанды облысы, 24 ақпан 2016 жыл.

Билік ақпаратына қарағанда, былтыр тасқыннан ауданда 229 бас ірі қара, 376 ұсақ мал, 44 жылқы, 68 шошқа, 1 546 құс шығын болған. Бұлардың көбі -Мұстафин атындағы ауылдың меншігі. Бұл ауыл былтырғы тасқыннан басқа елдімекендерге қарағанда көбірек зардап шекті. Билік ақпараты бойынша, қырылған малға өтемақы беру мәселесі «ерекше бақылауға» алынған. Бұқар жырау ауданында 60 ұсақ мал, 39 шошқа, 1 088 құстың өтемақысы берілген. Ірі қараның өтемі әлі жасалмаған. Бұл ақпараттарды аудан әкімдігі айтты.

Бұқар жырау ауданы әкімі орынбасары Сапар Сатаев тұрғындар шағым айтқан жаңадан салынған үйлерді құжаттандыру ісінің баяу жүріп жатқанын төмендегідей түсіндірді:

- Бұл үйлер пайдалануға берілді. Қазір адамдарға оларды құжат жүзінде аударып жатырмыз. Бұл жерде ешқандай қиындық жоқ, өзі сондай процедура. Техпаспорттар жасаймыз, ол уақыт алады. Қаулы шығарамыз, сосын нақты бір тұрғынға құжаттар берілсін деген қаулы жасаймыз, одан ары тұрғындар үйлерін тиісті органдарға өздері барып тіркейді. Оған да уақыт кетеді. Бірақ халыққа қызмет көрсету орталықтарында оны жылдам жасайды.

Билік тұрғындарға шығынды табиғи апаттардың зардаптарын жоюға бюджеттен бөлінген қаражат арқылы немесе қоғамдық ұйымдар көмегі мен басқа да қаражат көздерінен өтеу «ең төменгі қажеттіліктерді қамтамасыз ету шеңберінде» ғана іске асырылатынын ескертеді. Мұның сыртында, уақытша немесе заңсыз салынған нысандарға өтемақы төленбейді.

Әкімдік енді тұрғындарды биылғы тасқын қаупіне дайындалуға – мал азығын әзірлеуге, тұқымдардың бүлінбеуіне жағдай жасауға, қора-қопсы мен жертөлелерді нығайтуға қарекет жасауға шақырып отыр.

XS
SM
MD
LG