Қарағандылық «жамағатшылар» ісі бойынша үкім жарияланған шағын сот залына жиналған 30 шақты адамның көбі сотталушылардың туыстары мен достары және журналистер болды. Қара бетперде киген арнайы күзет сарбаздары қолдарына кісен салып әкелген сотталушыларды әйнектің арғы жағындағы қоршаудың ішіне отырғызды.
Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданының қылмыстық істер жөніндегі соты Қарағанды облысының үш тұрғынын экстремистік деп танылып, қызметіне тыйым салынған «Таблиғи Жамағат» ұйымын ұйымдастырғаны және жұмысына қатысқаны үшін айыпты деп таныды.
Сот аймақтық «Таблиғи Жамағат» жетекшілерінің бірі деп болжанған 33 жастағы Айдын Шәкентаевты (діни есімі – Муас) екі жарым жылға соттап, жазасын жалпы режимдегі колонияда өтеуге кесті. Тергеу болжамынша, Айдын Шәкентаев ұйым қызметін басқаруды өз қолына алып, жаңа мүшелер тартумен айналысқан, тыйым салынған ұйымды насихаттауға белсенді түрде кіріскен.
33 жастағы Мұрат Шөпенов пен 38 жастағы Бауыржан Серіков екі жылға сотталып, жазасын жалпы режимдегі колонияда өтейтін болды. Жазаны өтеу мерзімі 2015 жылдың 7 қазанынан басталады. Соттың сараптама жүргізуге жұмсаған шығыны олардан да өндірілетін болды.
ҮКІМНЕН КЕЙІНГІ КӨЗ ЖАСЫ
Жиналған жұрт үкімді үнсіз тыңдады. Бірақ судья Жанат Егембердиева үкімді жариялап болып, сот залынан шыға бергенде біреулер: «Сонда біздің әділ де ізгі сотымыз қайда қалды?» деп айқайлады. Сотталушылардың әйел туыстары жылап жатты, бірақ байбалам салған жоқ. Кей туыстары журналистерді қорлап, қарғап жатты. Үкімге қатысты көзқарасын айту жайлы ұсынысқа әйелдердің бірі ғана келісті. Ол өзін «есімім – Самал, сотталушылардың бірінің келіншегімін» деп таныстырды.
– Екеуміз жақсы тұрдық. 15 жыл отасқанымызда қалағанымды орындап, көңілімді қайтарып көрген жоқ. Оны «бала-шағасына қарамайды» дейді. Мұны қайдан шығарып алған? Балаларымыз мектепте оқиды. Жұрттан саяқ өмір сүріп жатқан жоқпыз. Олардың кінәсін дәлелдейтін ешбір айғақ келтірген жоқ. Бұлай қалдырмаймыз. Жоғарғы сотқа, керек болса халықаралық сотқа шағымданамыз, – деді сәл тынышталған келіншек.
Сотталған үш адамның әрбірінде екіден беске дейін бала бар.
«Таблиғи Жамағат» діни ұйымы 2013 жылы Астана сотының шешімімен экстремистік деп танылып, Қазақстан территориясында оның қызметіне тыйым салынған. Тергеушілердің мәлімдеуінше, іске қатысты үш айыпталушы сот тыйымы жайлы біле тұра ұйымға адалдығынан бас тартпаған. Сотталушылар бұл айыпты мойындамайды.