ҚИЫН ТАҒДЫР
29 жастағы Әйгерім М. көбінесе демеушілердің арқасында жұмыс істеп тұрған "Менің үйім" дағдарыс орталығында кішкентай екі баласымен былтырғы қарашадан бері тұрып жатыр. Әйгерім – жетім, ұлы жуырда төртке толады, ал қызы екіге де толмаған. Балалардың әкесі – оған ресми үйленгісі келмеген азаматтық некедегі күйеуі. Әйгерімнің сөзінше, алты жыл бірге тұрғаннан кейін бұрынғы күйеуі оны балаларымен қоса үйден қуып шыққан.
- Үйдің бүкіл тірлігі мойнымда болды, екі бала туып бердім. Бірақ ол менімен заңды некеге отырғысы келмеді, "жауапкершілік алғым келмейді" деп айтатын. Араққа сілейе тойып алып, тіпті аяғым ауыр кезде де ұрып-соғатын. Түсік тастаған да кездерім болды. Кетемін деп талай оқталдым. Бірақ кішкентай балалармен қайда барам? Мүлде күн көрсетпейтін болды. Соңына дейін шыдадым. Екінші баламды босанып, перзентханадан шыққаннан кейін үйге медбике келіп, "флюрография жасатуыңыз керек" деді. Ал күйеуім мен енем мені туберкулезбен ауырады деп ойлап қалыпты, содан үйден қуып шықты. Жылап жүріп заттарымды жинадым, балаларымды киіндірдім, Ал екеуі мені тіпті тоқтатуға тырысқан да жоқ, - дейді көз жасына булыққан Әйгерім.
Келіншектің айтуынша, тығырыққа тірелгені соншалық, тіпті сәбилерін балалар үйіне өткізуді ді ойлаған. Әуелі жұмыс істеп аздап болса да ақша, әлдебір баспана тауып алайын, сосын оларды қайта аламын деп ойлаған. Бірақ соңғы сәтте көшеден қиын жағдайға тап болған әйелдерге арналған "жедел желінің" телефон нөмірі жазылған афишаны көріп қалған. Әйгерім осы нөмірге хабарласып, көп ұзамай "Менің үйім" қоғамдық ұйымы қызметкері Елена Билоконь келіп, оны екі баласымен алып кеткен. Теміртауда бұл ұйымның бірнеше жылдан бері жұмыс істеп тұрған дағдарыс орталығы бар.
Әйгерімнің өзі әке-шешесіз өскен. Әкесін ешқашан көрмеген. Ал анасы жеті жасында қайтыс болған. Ол сот орындаушысы болып жұмыс істеуді армандаған. Бірақ оқудың ақысын төлеуге ақшасы жетпеген. Ақыры ол арнаулы орта білім алып, супермаркетте кассир болып жұмыс істеген. Қазір ол тым болмаса аз-маз нәпақа айыратын әлдебір жұмысқа орналасқысы келеді. Бірақ кішкентай балаларын қарайтын ешкім жоқ. Әйгерім "Менің үйім" қоғамдық ұйымы баспана беріп, ас-су, киім-кешекпен, гигиена құралдарымен қамтамасыз етіп отыр деп қуанады. Орталық оны тіркеуге тұрғызған. Қазір де кей құжатын жөндетуге көмектесіп жатыр. Бірақ бұл көмек қашанға дейін жалғасатыны белгісіз.
"Менің үйім" дағдарыс орталығы екінші топ мүгедегі Валентина Суглобованы кішкентай қызымен екі рет паналатқан. Әйелдің айтуынша, қиын жағдайға тап болған кезде биліктен мүлде қайыр болмаған. Оған қазір қаржылай көмекке өзі де зәру болып отырған дағдарыс орталығы ғана көмектескен.
- Өзге елдерде қалай екенін білмеймін, бірақ біздің елде кішкентай балалары бар әйелдер мүлде қорғалмаған. Кезінде жатаханадан бір бөлме жалға алуға тырысып, қаншама жүгірдім, бірақ ол жақтағылар бөлме жоқ деуден танбай қойды. Мына жер паналатқан соң еңсем көтерілді. Бұл жерде маған баспанадан бөлек, емделіп алуға мүмкіндік берді, мерзімі шектеусіз мүгедектік алуға көмектесті. Тіпті жобаны қаржыландыру тоқтап қалған кездің өзінде мені қуып шыққан жоқ. Аяғыма тұруға мүмкіндік беріп, қызым екеуміздің киім-кешегімізге дейін қамдап берді. Соның арқасында қазір баспананы өзім жалға алып тұратындай халге жеттім, орталық азық-түлік, киім-кешек жағынан әлі қарайласып тұрады, - дейді Валентина Суглобова Азаттыққа.
Әйелдер "Егер орталық жабылып қалса, біз сияқты үйсіз әрі балалы әйелдер қайда барады? " деп сұрайды. Олардың сөзінше, қалада қорғансыз жандарға пана болатын бұдан басқа жер жоқ.
АЗАМАТТЫҚ БЕЛСЕНДІЛЕР БИЛІККЕ ЖҮГІНДІ
Қазір дағдарыс орталығында екі әйел кішкентай балаларымен тұрып жатыр. Қаржыландыру тоқтағаннан бері паналатуды сұраған отбасыларды асырау қиындап кеткен. Қазір "Менің үйім" дағдарыс орталығы паналау орнын ашқан жандардың өз ақшасы мен азық-түлік, киім-кешек, гигиеналық құралдар әкеліп беретін қайырымды тұрғындардың арқасында ғана жұмыс істеп тұр.
- Қарапайым тұрғындар дағдарыс орталығының тағдырына бейжай қарай алмай, көмектесіп келеді. Ал мемлекет мүлде қарайласпайды. Бұрын мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс алу үшін екі-үш жыл бойы конкурсқа қатысқанбыз. Біздің орталық Қазақстандағы ең үздік орталықтардың бірі деп танылған. Сол кезде әйелдер ісі жөніндегі комитет әр аймақта осындай орталықтар болуы тиіс деп бізді өзгелерге үлгі еткен. Бірақ бюджеттен қаржыландырудың тоқтағанына үшінші жыл болды. Бұған қоса, әлеуметтік тапсырыстар конкурсына қатысу да өте қиын болып кетті. Әлеуметтік тапсырыстар, қаржы балалы әйелдердің мұқтаждығына жететіндей барынша ашық бөлінсе дейміз, - дейді «Менің үйім» дағдарыс орталығының басшысы Елена Билоконь Азаттыққа.
Биыл "Менің үйім" қоғамдық ұйымы мемлекеттік грант алудан үміттеніп республикалық азаматтық бастамаларды қолдау орталығына былтырғыдай тағы өтініш берген. Олар орталықтың жалғыз үміті осы өтінішке тіреліп тұр дейді.
БИЛІК НЕ ДЕЙДІ?
Балаларымен қиын жағдайға тап болып, "Менің үйім" дағдарыс орталығынан пана тапқан әйелдер дағдарыс орталығын Теміртау қаласы бюджетінен қаржыландыру қажет деген мәселені көтеруді ұйғарған. Жуырда әкімнің халыққа кезекті есеп беру жиынында олар бұл өтінішін қала әкімі Ғалым Әшімовке де жеткізген. Әйелдердің сөзінше, қалаға мұндай орталық керек, бірақ оны қаржылай қолдамаса, жабылып қалады.
- [Тапсырыстарды] біз бөлмейміз ғой, бәсекелестік орта болуы тиіс. Бірақ проблемаларыңызды естідім. Бізге ұсыныстарыызды жолдаңыздар, - деп қысқа жауап берді қала әкімі Ғалым Әшімов есеп беру жиынында.
Қоғамдық ұйымдардың жұмыс істеуіне жиі көмектесетін әрі "Менің үйім" дағдарыс орталығы белсенділері тиімді бөлінбейді деп шағынған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды бөлуге қатысты Азаттық тілшісі Теміртау қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінен комментарий сұраған еді. Ол жердегілер қазір ҮЕҰ (үкіметтік емес ұйымдар – ред.) мен мемлекеттік органдардың жұмыс істеуін қиындатып жіберген көптеген өзгерістер болып жатыр деп түсіндірді.
Қазір біз лотты жариялаған кезде территориялылығын, яғни теміртаулық ұйымдар ғана қатыса алады деп көрсете алмаймыз.
- Бұрын жобалар қоғамдық ұйымдардан түсетін. Ал қазір мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға бізге, керісінше, қоғамдық бірлестіктер көмектеседі. Яғни біз қызмет түрлерін солардан сатып аламыз. Егер біз спецификацияны дәл осы орталыққа бейімдеп құрсақ, бәсекелестік болмайды да, бұл мәселемен айналысатын өзге бірлестіктер бұл лотқа қатыса алмай қалады. Қазір біз лотты жариялаған кезде территориялылығын, яғни теміртаулық ұйымдар ғана қатыса алады деп көрсете алмаймыз. Бұлай етсек, коррупцияға жол ашып, қызмет ұсынушыларды шектеген болып шығамыз. Біреулердің мүддесі үшін лобби жасауға да жол берілмейді. Қазір қоғамдық ұйымдардың көбі қызмет түрлері тізімін ұлғайту үшін жарғысына өзгерістер енгізіп, қайта тіркеуден өтіп жатыр. Сондықтан қазір территориялық тұрғыдан шектеусіз қатыса алады. Қазіргі кезде қоғамдық ұйымдар әлеуметтік проблемаларды шешуде мемлекетке көмектесуі тиіс, - дейді Теміртау қаласы ішкі саясат бөлімінің бастығы Динара Жүнісова Азаттық тілшісіне.
"Менің үйім" дағдарыс орталығының азаматтық беленділері қаржының жоқтығынан баласы бар әйелдерді қабылдай алмай қаламыз деген қауіппен ұсыныстарын тізіп, билікке жазбаша хат әзірлеп жатыр.