Accessibility links

Дағдарыс орталығы тұрғындардан медеу іздейді


Теміртаудағы "Менің үйім" дағдарыс орталығында қызымен тұрып жатқан Валентина Суглобова. 16 сәуір 2016 жыл.
Теміртаудағы "Менің үйім" дағдарыс орталығында қызымен тұрып жатқан Валентина Суглобова. 16 сәуір 2016 жыл.

Теміртау қаласындағы балалы әйелдерді паналататын жалғыз дағдарыс орталығы демеушілер көмегіне зәру. Паналау орны басшылары әлеуметтік желілер арқылы тұрғындардан көмек сұрады.

32 жастағы Валентина Суглобова төрт жасар қызымен алты айдан бері Теміртаудағы «Менің үйім» қоғамдық ұйымы дағдарыс орталығында тұрып жатыр. Валя үш жыл бұрын пәтуасыз күйеуінен кетіп қалған.

Дағдарыс орталығы көмекке зәру
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:41 0:00
Жүктеп алу

БАРАР ЖЕРІ ҚАЛМАҒАН ЖАНДАР

Келіншектің баспанасы, қарайласатын туыстары, бөлме немесе пәтер жалдайтын ақшасы да жоқ. Тұмаудан дұрыс емделмей, асқындырып алып, оған екінші топ мүгедектігін берген. Аяқтары ауыратын ол әрең қозғалады, сондықтан ешкім жұмысқа алмай, күнкөрісі қиындаған. Оның үстіне, жасөспірім шағында құрбыларына араша түсемін деп біреулермен төбелесіп, түрмеге түскені де болашақ өміріне әсер еткен.

"Менің үйім" дағдарыс орталығының бөлмесі. Теміртау, 16 сәуір 2016 жыл.
"Менің үйім" дағдарыс орталығының бөлмесі. Теміртау, 16 сәуір 2016 жыл.

Теміртауда дағдарыс орталығы бар екенін естігенге дейін Валентина қызы екеуі құрбыларының босағасын жағалап, тентіреп жүрген.

- Дағдарыс орталығы бізге көп жақсылық жасады: қызым екеумізді осында тіркеуге тұрғызып, соның арқасында қызымды балабақша кезегіне жаздырып қойдым. Асқазанымдағы ойық жараны емдету керек болғанда ақша төлетпеу үшін дағдарыс орталығының медбикесі укол салып берді. Мұнда ас-суымызды беріп, киім-кешек жағынан көмектеседі. Келгелі балам да тынышталып, өзімнің де көңілім жайланды. Ең бастысы, дағдарыс орталығы бізді паналатып, күйзелістен шығуға көмектесті, - дейді Валентина Суглобова Азаттыққа.

Жуырда Валентина дағдарыс орталығының көмегімен жергілікті кафенің шашлық пісірушінің көмекшісі болып жұмысқа орналасқан. Ол кісі күніне бір мың теңге төлеуге уәде еткен. Келіншек бұған да разы. Мұндай жандар көп.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ АРҚЫЛЫ КӨМЕК СҰРАУ

Дағдарыс орталығы қиын жағдайға тап болып, шарасыз күйге түскен балалы әйелдерге үш жылдан бері уақытша баспана беріп келеді. Мұнда әйелдерді паналатып қана қоймай, оларды тіркеуге тұрғызады, жәрдемақы алу үшін құжаттарын рәсімдеуге, әлеуметтік баспана мен балабақшадан орын алу үшін кезекке жазылуға, медициналық мекемелерге қаралуына көмектеседі, сот және өзге мемлекеттік органдарда мүддесін қорғайды.

Дағдарыс орталығына келетін әйелдердің 80 пайызы – балалар үйінің түлектері. Қазір дағдарыс орталығында төрт адам - екі баласы бар екі әйел тұрып жатыр. Орталық 12 адамға есептеліп ашылғанымен, кейде мұнда 15 адамға дейін тұрады. Кезінде бұл жерге перзентханадан шығып, жас нәрестесімен қайда барарын білмеген жас аналар да келген. Кейін оларды Қарағандыдағы «Ана үйіне» жіберген. Дағдарыс орталығында медициналық кабинет пен балаларға арналған ойын алаңы бар.

Дағдарыс орталығы Жапония елшілігі бөлген 13 миллион теңгеге салынған. Кейін орталық мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар мен демеушілер ақшасына күн көрген. Биыл қаңтардан бері паналау орны қаржысыз қалған.

"Менің үйім" дағдарыс орталығының ғимараты мен балалар ойнайтын алаңқайы. Теміртау, 16 сәуір 2016 жыл.
"Менің үйім" дағдарыс орталығының ғимараты мен балалар ойнайтын алаңқайы. Теміртау, 16 сәуір 2016 жыл.

Дағдарыс орталығын ашқан «Менің үйім» даму және халыққа әлеуметтік көмек көрсету орталығы» қоғамдық ұйымының төрайымы Ирина Жданова «Мұнда тұрып жатқан жандарды тамақтандыру керек, сондықтан өзге қаржы көздерін іздеп жатырмыз. Пана іздеп келген балалы әйелдерді далаға лақтырып тастамаймыз ғой. Олардың өмір сапасын жақсартуымыз керек. Бізден кеткен соң дұрыс өмір сүріп кетсе екен дейміз. Уақытша паналататын бөлмелеріміз бар, сондықтан мұндай әйелдерді аз уақытқа болсын әлі қабылдай береміз. Эмоциялық күйзелісте жүріп өзіне қол салмауы үшін, баспанасы жоқ болғандықтан, баласынан айырмауы үшін оларға көмектесу керек» дейді Азаттыққа.

Қазір дағдарыс орталығы кеңейіп, екінші қабат салынып жатыр, онда үш бөлме болады деп жоспарланған. «Менің үйім» қызметкерлерінің айтуынша, қиын жағдайға тап болған балалы әйелдер көбейіп барады, ал олардың барар жері жоқ. Сондықтан олар әлеуметтік желілер арқылы тұрғындардан көмек сұраған. Жұрт шамасына қарай көмектесе бастаған. Қарайласқандардың арасында қарапайым тұрғындар да, кәсіпкерлер де бар.

Бірдеңе етіп тіршілік етеміз. Дағдарыс орталығын қайтсек те жаппауға тырысамыз.

- Бір кәсіпкер құрылыс жүргізуге 650 мың теңге бөлді, бір депутат бес пластик терезе әкеліп берді, бір кәсіпкер әйел құрылыс материалдарын беремін деп уәде етті. Бұл - үлкен көмек. Сондықтан, бастаймыз, ал ары қарай не болатынын көре жатармыз. Бірдеңе етіп тіршілік етеміз. Дағдарыс орталығын қайтсек те жаппауға тырысамыз, - дейді Ирина Жданова.

Дағдарыс орталығы азық-түлік, төсек жабдықтары, киім-кешек, гигиеналық және жуып-тазалайтын заттарға зәру, мұнда тұратын балаларға жазу-сызу құралдары қажет.

Жуырда Ресейдің Санкт-Петербург қаласында болып қайтқан Теміртаудағы дағдарыс орталығы қызметкерлері «Қазақстан Ресейдің балалы әйелдерге арналған дағдарыс орталықтары мен мемлекет қаржыландыратын кешенді қолдау орталықтары тәжірибесінен үйрену керек» дейді. Оларды халықаралық донорлардың қаржысынан мемлекеттік қаржыландыруға көшу тәжірибесі қызықтырған. «Менің үйім» қоғамдық ұйымына қарасты дағдарыс орталығының басшысы Елена Билоконь:

- Мемлекет қаржысы есебінен гендерлік бағдарламалар енгізу мен Қазақстанның бүкіл аймағында уақытша паналату қызметін көрсететін кешенді қолдау орталықтарын ашу мәселесін қозғау керек, - дейді.

Ол Теміртаудағы дағдарыс орталығында түрмеден босаған әйелдерге арналған қызмет түрлерін көбейтіп, психологиялық-әлеуметтік қызмет кешені мен кәсіптік курстар ашып, оларды жұмысқа орналастыру қажет деп санайды.

XS
SM
MD
LG