Accessibility links

Ұзақ жасаған ардагерге «Құрметті азамат» атағын бермеді


Ардагер Белсембек Рахымқановтың (ортада) соғыс жылдары түскен суреті.
Ардагер Белсембек Рахымқановтың (ортада) соғыс жылдары түскен суреті.

Екінші дүниежүзілік соғыс пен еңбек ардагері 103 жастағы Белсембек Рахымқановтың балалары әкелеріне «Риддер қаласының құрметті азаматы» атағын беруді сұрағанына бес жылға жуықтаған. Наградалық комиссия мен ардагерлер кеңесі «қалаға жеткілікті еңбегі сіңген жоқ» деп мәлімдеген.

Риддер қаласындағы 103 жасқа жеткен жалғыз Екінші дүниежүзілік соғыс пен еңбек ардагері Белсембек Рахымқанов қыздарының бірі Пикен Садықовамен бірге өз үйінде тұрады. Ол Азаттыққа әкесінің денсаулығы мықты екенін, өздігінен жүріп-тұратынын айтты. Пикен әкесінің ұзақ жасау сырын қамқорлыққа бөлеу мен жақсы күтіммен байланыстырады.

ҰЗАҚ ЖАСАҒАН БАРЛАУШЫ

Белсембек Рахымқанов 1912 жылы Қарағанды облысындағы Қарғалы ауданы ауылдарының бірінде дүниеге келген. Малмен айналысқан отбасының мүлкі ұжымдастыру науқаны кезінде кулак ретінде тәркіленген. Ал Белсембек Рахымқановты Барнауыл қаласындағы балаларды паналататын үйге жіберген. Бала кезінен амалдап күн көруді үйренген. Туыстарының айтуынша, ол Барнауылдағы бір комбинат пен тігін фабрикасында қара жұмысшы болып істеп, кейін цех басшылығын сынағаны үшін сот шешімімен жұмыстан шығып қалған. Балалары «репрессия жылдары болатын, әкемізден өзгелер де зардап шекті ғой» дейді.

Белсембек Рахымқанов 1948 жылы әскердегі қызметін аяқтап, Лениногорск (Риддер қаласының ескі атауы) қаласында ведомстводан тыс күзет қызметінде 40 жылдан аса қарауыл болып жұмыс істегеннен кейін көшіп келген.

Барлаушы Белсембек Рахымқановтың әскери құжаты.
Барлаушы Белсембек Рахымқановтың әскери құжаты.

— Еңбек кітапшасы алғыс пен мақтауға толы. Ол кеудесін ұрғылап жар салмай, тыныш қана мемлекет игілігіне еңбектенген адам. 1917 жылғы революцияға дейін дүниеге келген, азамат соғысын, 30-жылдардың азабы мен қайғы-қасіретін бастан өткерген, ұлы отан соғысында жеңімпаз болып, соғыстан күйреген халық шаруашылығын қалпына келтіруге қатысқан, қайта құру мен СССР күйреуінің куәсі болған, Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығын көрген мұндай жандар санаулы ғана. Ол жасампаздықтың символы, мемлекетіміздің көзі тірі шежіресі іспетті, ол - бұл қаланың ғана емес, бүкіл елдің мақтанышы, - дейді оның ұлдарының бірі Дүйсенбек Рахымқанов.

Ардагер майданға 29 жасында, қатардағы солдат ретінде аттанған. Сібір топтары құрамында соғысып, Мәскеу түбіндегі шайқасқа қатысқан, Кремль іргесінен Кенигсберг қаласына дейін жетіп, полк барлаушысы деген атаққа дейін көтерілген. Жараланып, контузия алған. Алты бала тәрбиелеп, өсірген. балалары есейген, үйлі-баранды. Әйелі 95 жасында қайтыс болған.

Дүйсенбек Рахымқановтың айтуынша, әкесі Қызыл жұлдыз орденімен, «Ерлігі үшін» медальдарымен, ал үздік барлаушы ретінде көптеген наградалармен марапатталған.

— Бірақ ардагер әкеміз награда үшін соғысқан жоқ, елін, жерін жаудан қорғады, - дейді Дүйсенбек Рахымқанов.

АТАҚ ПЕН ӨТІНІШ

Дүйсенбек Рахымқанов әкесіне «Риддер қаласының құрметті азаматы» атағын беруді сұрап, бес жылдан бері түрлі мекемелерге хат жазып келеді. Оның айтуынша, ертеректе бұл ұсынысты қалалық мешіттің бас имамының қолдауымен мұсылман ақсақалдар кеңесі жасаған.

...хаттарым олардың ар-ұятын оята алмады, тіпті керісінше, қарсы болды. Мысалы, әкеме «Мәскеуді қорғағаны үшін» медалін бермеді. Өйткені біреулер оны тізімге енгізуді ұмытып кетіпті. Әкем медальды... кейін алды. Тып-тыныш қана, кешірім сұрамастан бере салды. Үнемі осы.

— Көмектесулерін, өтінішімді әділ қарауларын сұрап, есепсіз жолдаған өтініштерім мен хаттарым олардың азаматтық ар-ұятын оята алмады, тіпті керісінше, қарсы болды. Мысалы, әкеме «Мәскеуді қорғағаны үшін» медалін бермеді. Өйткені біреулер оны тізімге енгізуді ұмытып кетіпті. Әкем медальды менің ренішімнен кейін ғана алды. Тып-тыныш қана, кешірім сұрамастан бере салды. Үнемі осы. Тағы бір мысал, қарттар күнін даңғазамен атап өтті. Қала шенеуніктері думандатып жүріп қаланың ең ұзақ жасаған қартын құттықтауды ұмытып кетті, - дейді Дүйсенбек Рахымқанов.

Оның айтуынша, Риддер қаласы әкімдігі қызметкерлері оған «бұл атаққа әкеңізді бұрын жұмыс істеген мекемесі ұсынуы тиіс» деп жауап берген.

— Бірақ ол қазір ізі де қалмаған ұйымның күзетінде жұмыс істеген ғой , - дейді Дүйсенбек Рахымқанов.

Риддер қаласы әкімдігі қызметкері Румиса Цицельская Азаттыққа Белсембек Рақымхановтың туыстарынан қарттың сіңірген еңбегі туралы құжаттарды әкелуін сұрағанын айтады.

— Ол кісі ардагер ретінде бүкіл ілтипат-ықыласқа бөленіп отыр емес пе? Заңда қарастырылған жеңілдік, төламақыны толық алады. Мұндай мәртебеге ие болу үшін соғыс ардагері ғана болу жеткіліксіз, қаланы дамытуға зорүлес қосуы тиіс. «Құрметті азамат» атағын берудің өз ережелері бар. Онда белгілі бір еңбегі сіңген болуы тиіс деп көрсетілген . Ал оның ондай үлесі жоқ. Туыстары құжат жүзінде ештеңені дәлелдеген жоқ, - дейді Румиса Цицельская.

Риддер әкімдігі Дүйсенбек Рахымқановқа жолдаған ресми хатта қаланың ардагерлер кеңесіне әкесіне жазылған мінездеме өткізбегенін жазған.

Риддер қаласы әкімдігінің ардагердің баласында жолдаған жауабында «өтініш, жиналыс немесе қоғамдық бірлестік, ұйым, партия хаттамасы, мәслихат депутаттарының жолдауы, өмірбаяны, жеке куәлігінің көшірмесі, азаматтың еңбек жолы және қоғамдық белсенділігін сипаттаған мінездеме, қаланың экономикалық және әлеуметтік дамуына қосқан үлесі туралы ақпарат, грамота, награда сияқты марапаттау құжаттарын әкелсе, Рахымқанов Белсембектің кандидатурасын «Құрметті азамат» атағына ұсыну мәселесі қалалық наградалық комиссия қайта қарайды» деп жазылған.

«БЕЛСЕНДІ ҚОҒАМДЫҚ ПОЗИЦИЯ КЕРЕК»

Ардагерлер кеңесі төрайымы және Риддер қаласының құрметті азаматы Клавдия Шушакова Азаттыққа қала билігі бұл атақты біреуге беруі үшін кандидатты әлдебір ұйым ұсынуы тиіс. Ол қалада тұратын 34 адамның ішінде бұл атаққа «көбірек лайықты өзге соғыс ардагерлері бар» деп есептейді.

Жасы жеткен адам, кәрілік жеңгеннен кейін үйінен шықпайтынын түсінемін. Бірақ әуелі бұл атақ белсенді қоғамдық позиция ұстанатын, жастарға үлгі көрсететін адамдарға берілуі тиіс.

— Өйткені ол көптен бері үйінен шықпайды, ал бізде қоғамдық өмірге белсенді араласып, жас ұрпаққа өнеге көрсетіп, ешбір шарадан қалмай қатысатын ардагерлер бар. Жасы жеткен адам, кәрілік жеңгеннен кейін үйінен шықпайтынын түсінемін. Бірақ әуелі бұл атақ белсенді қоғамдық позиция ұстанатын, жастарға үлгі көрсететін адамдарға берілуі тиіс, - дейді Клавдия Шушакова.

Ардагерлер кеңесі төрайымы «Қаланың құрметті азаматы» мәртебесіне Шығыс Қазақстан облысы мәслихаты бекіткен квота барын да айтады. Оның айтуынша, биыл бұл атақты екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан үш адам алған.

— Олардың екеуі Астанадағы жеңіс парадына қатысқан. Үшіншісі де соғысқа бастан-аяқ қатысқан. Ал біреуін «Қазмырыш» (Риддер қаласындағы ірі кәсіпорын. – авт.) бірнеше мәрте ұсынған. Ол шынымен де «Қазмырыш» кәсіпорнының еңбегі сіңген қызметкері әрі соғыс ардагері, - дейді Клавдия Шушакова.

Ол биыл қаңтарда Белсембек Рахымқановты туған күнімен құттықтағандарын, ал былтыр ардагерлер кеңесі төрайымы қала әкімі орынбасарымен бірге ардагерге «үлкен теледидар» тарту еткенін де айтты. Клавдия Шушакованың айтуынша, биыл 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында ардагерлер кеңесі атынан бүкіл ардагерлерді аралап, құттықтап шыққан.

— Көбірек көңіл бөлінгенін жұрттың бәрі қалайды. Бірақ сенсеңіз, бұл атақ 103 жастағы ақсқалға емес, туыстарына керек, - дейді Клавдия Шушакова.

«Қаланың құрметті азаматы» атағы берілгендерге ешқандай жеңілдік қарастырылмаған. Бұлатақ - жергілікті билік қалаға сіңірген еңбегі үшін беретін әрі «қоғамның қала игілігі үшін атқарған істеріне ризашылық, алғыс білдірудің түрі және отанына айрықша қызмет еткен жандарға деген құрмет белгісі».

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG