Accessibility links

Қазіргі қазақ қоғамындағы ашық хат жазу үрдісі


Ашық хаттағы қолдар. (Көрнекі сурет)
Ашық хаттағы қолдар. (Көрнекі сурет)

Қоғамдық ой-пікірді білдіру мақсатында кейінгі кездері жиі жазылатын ашық хаттардың соңы түрліше дау-дамайға ұласатын болды. Ашық хатта баяндалатын жайттарды егжей-тегжейлі оқымай-ақ қол қою немесе сырттай келісім беру, кейін одан бас тарту, не болмаса өзгенің келісімін алмастан сыртынан хатқа тіркеу әрекеттері бірнеше рет қайталанды.


Ашық хатты ұйымдастырушылар «мәселе ашық хатқа қалай қол қойдыруда емес, мәселе хаттың жалпы рухы мен идеясында ғана» деп есептеп, әсіресе «ұлт мәселесі» бойынша жазылған ашық хаттардағы өз қолынан «бас тартқандардың» жеке пікірі ескерілмей, олардың әрекетін «сатқындық, екіжүзділік» деп бағалайтындар да кездеседі.

«ҚАТЫСЫМ ЖОҚ»

Қыркүйектің бас кезінде «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының ұйымдастыруымен жазылған ашық хаттан кейін бірқатар түрліше мәлімдеме жасады.

«Ақ жол» партиясының жетекшісі Азат Перуашев, «Азат» партиясының тең төрағасы Болат Әбілев, Коммунистік партия жетекшісі Ғазиз Алдамжаров өздерінің бұл хатқа қатысы жоқтығын, яғни қол қоймағанын баспасөз бетінде мәлімдеді. Олар ашық хаттың алғашқы нұсқасымен ғана танысқандарын, ал онда өздері келіспей отырған талап болмағанын айтады.

Сонымен қатар СССР халық әртісі Бибігүл Төлегенова да өзінің бұл
Солдан оңға: Дулат Исабеков, Мұхтар Шаханов, Тұрсынбек Кәкішев, Софы Сматаев және Советхан Ғаббасұлы мемлекеттік тілді қолдау жиынында. Алматы, 19 қыркүйек, 2010 жыл.

уақытта теңіз жағасында демалып жатқанын, сондықтан ашық хатқа еш қатысы болмағанын, оның үстіне «орыс тілінен ресми тіл мәртебесін алып тастаумен тіпті де келіспейтінін» арнайы баспасөз мәслихатында баяндап берді.

Алайда сол баспасөз мәслихатына қатысқан «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының жауапты хатшысы Нұржан Ошанбеков ашық хатта айтылған мәселелерді өзінің телефон арқылы жеткізгенін Бибігүл Төлегенованың есіне салды.

Осы оқиғалардан кейін Азаттық тілшісі хат авторларының бірі, ақын Темірхан Медетбекке хабарласқанда оның аталмыш партия жетекшілерін хат авторлығынан «тайқып кеткендер» қатарына қосып отырғаны белгілі болды.

Ал жазушы Дулат Исабеков «бас тартқандарды» ұлтын сатқандармен қатар қойса, Азаттық тілшісіне «ашық хаттың бастапқы талқылауына қатыстым» деген Ғаббас Қабышев хаттың соңғы нұсқасын баспасөз бетінен ғана көрген болып шықты.

«РАСУЛ ҒАМЗАТОВТАН ЖЕТКЕН ХАТ»

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін қазақ жастарын айыптаған ашық хат астында аты-жөндері тұрған бір топ қазақ интеллигенциясы арада бірнеше жыл өткен соң өткен істің мән-жайын түрліше түсіндірген еді.

«Билік қысым жасады, «советтік әкімшілік-әміршілдік жүйе ашық хатты өздері ұйымдастырып, сыртымыздан аты-жөнімізді біздің келісімімізді сұрамастан жазып жіберді» деген хат авторларына қарсы кейбір зерттеушілер «бұл ашық хат олардың әрбірінің ауызша келісім бойынша дайындалған» деген уәжді алға тартады.

«Қазақ жастарын айыптаған ашық хат жарияланғанда Мәскеуде жүрдім»
Бұрынғы Қазақстан комсомолының жетекшісі, парламенттің экс-депутаты Серік Әбдірахманов.

деген Асанәлі Әшімов 2002 жылы да өзі қол қойған ДВК қозғалысына қатысты ашық хаттан дереу бас тартып, терістеп шыққан еді.

2005 жылы Қазақстан парламентін «ыңғайсыз жағдайда қалдырған» оқиға болды. 26 депутаттың кәсіптік білімге байланысты премьер-министрге жолдаған мәлімдемесінің жартысы бұл тақырыпқа қатысы жоқ іске - қазақ тіліндегі журнал мен жеке тұлға мәселесіне «ұласып кеткені» белгілі болды.

Депутаттық мәлімдеме республикалық басылымдарда жарияланған соң Серік Әбдірахманов, Бекболат Тілеухан, Амангелді Айталы секілді депутаттар мәлімдеменің екінші жартысына қатысы жоқтығын айтып, өз қолдарын қайтарып алу үшін арнайы хат жолдады. Ал Нұрбах Рүстемов өзінің алданып қалғанын кейінірек баспасөз бетінде жариялап, жұртшылықтан кешірім сұрады.

«Әдебиет ісіне араласқан» 26 депутаттың ашық хаты баспасөз бетінде наразылық туғызып үлгерді. Бірақ бұл кезде «Қазақстандағы әдебиет ісіне» атақты авар (дағыстандық) ақыны, Расул Ғамзатов та «араласып кеткен» болатын. Бірнеше жыл бұрын о дүниелік болған Расул Ғамзатовтың аты-жөні тірілердің бүгінгі ісіне қатысты ашық хатқа тіркеліп жүр еді.

«СӨЗДЕРІНЕ СЕНГЕНІМ ҮШІН КІНӘЛІМІН»

2009 жылдың соңында билік тарапынан ұсынылған «Ел бірлігі» доктринасына қарсы «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының ұйымдастыруымен Қазақстан президенті мен халыққа ашық хат жазып, қойылған талаптар орындалмаса аштық жариялайтынын айтқан авторлар арасынан да жік шықты.

Жазушы Таласбек Әсемқұлов «хатқа қол қойған адамдардың тізімінен өз атымды ұшыратып, қатты қайран қалдым. Маған ешкім келіп, яки телефон шалып, аталған іске қатысып, аталмыш құжатқа қол қоюымды өтінген емес» деп жазды.

«Ауызша да, жазбаша да мәлімдеме жасаған жоқпын» деген профессор Рымғали Нұрғали ол күндері Астана қаласында реанимацияда жатқан болып шықты, ал ақын Серік Ақсұңқарұлы «аштық жариялап, алтау ала болмай-ақ, істі сабырмен шешуді» ұсынды.

Жазушы Бексұлтан Нұржекеев «Ел бірлігіне қарсы шығуға бола ма?» деген арнайы мақала жазса, «Мені «қол қойды» деп, сыртымнан тізімге енгізіп
Жазушы, сыншы Таласбек Әсемқұлов.

жіберіпті» деп сұқбат берген Досхан Жолжақсынов:

«Бүйтіп жалаулатып, атымды жыртыққа жамау қылуға ешкімнің құқы жоқ! Бас-аяғы жоқ, өзіммен келіспей, апарып жапсыра салу – жақсылыққа апармайтын нәрсе» деген наразылығын білдірді.

Кейін «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының төрағасы Мұхтар Шаханов Досхан Жолжақсынов пен Рымғали Нұрғалиды тізімге өзі кіргізгенін айтып, «Сөздеріне сенгенім үшін кінәлімін» деп жазған еді.
Биыл сәуір айында республикалық баспасөзде жарияланып, бір топ жазушы, журналист, өнер қайраткерлері қол қойған «Ұлттық арна кімдердің сойылын соғып отыр?» атты ашық хат соңы да «кім қол қойды, кім қоймады» деген дауға ұласты.

«Қазақстан» арнасының кадрлық, шығармашылық және қаржылық саясатына наразылық білдірілген ашық хатқа қайыра жазылған жауап авторлары әуелгі ашық хат авторларының жартысына жуығы өз қолдарынан бас тартып отыр деп мәлімдеді.

Алайда осы «бас тартты» делінген адамдардың кейбірі бірнеше күн өткен соң өз қолына қайтадан «ие болып жатты».

АШЫҚ ХАТТЫҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ

Бірақ әлі күнге дейін «ашық хатқа сыртымнан қол қойып жіберді» не болмаса «ашық хатқа қол қою арқылы жала жапты» дейтін шағым заң жүзінде қаралған емес.

Желтоқсан оқиғасынан соң қазақ жастарын «басбұзарлар мен
Ашық хатқа қол қоймас бұрын әуелі онымен толық танысу керек.

нашақорлар» деп айыптаған хат авторлары халық алдында арылған жоқ.

Азаттық радиосының тілшісі заңгер Нұра Тынысқызына хабарласып, ашық хаттың құқықтық салдары жөнінде сұраған еді. Заңгердің пікіріне қарағанда, ашық хат «қол қойды» делінген авторлар арасындағы келіспеушілік туа қалса, оның соңы әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартуға дейін ұласуы мүмкін.

- Ашық хатқа қол қоймас бұрын әуелі онымен толық танысу керек, сондай-ақ хатты ұйымдастырушы да авторларға хаттың соңғы нұсқасын көрсетуі тиіс,- дейді заңгер.

Үндеуге «қол қойған едім», я «қоймаған едім» деп түрлі мәлімдеме жасаушы қайраткерлердің әрекеті бүгінгі Қазақстандағы азаматтық позицияның да, оны сөз арқылы жеткізу әдісінің де арзандап бара жатқанын аңдатып тұрған жоқ па?
XS
SM
MD
LG