Accessibility links

Freedom House Ақтаудағы сотты сынады


Тіркелмеген "Алға" партиясының жетекшісі Владимир Козлов сотта отыр. Ақтау, 16 тамыз 2012 жыл.
Тіркелмеген "Алға" партиясының жетекшісі Владимир Козлов сотта отыр. Ақтау, 16 тамыз 2012 жыл.
Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымы оппозициялық саясаткерлер Владимир Козлов пен Серік Сапарғали, азаматтық белсенді Ақжанат Әминовке байланысты өтіп жатқан сот жайлы есебін жариялады.

Ұйым «әлеуметтік араздықты қоздырды», «мемлекеттік құрылымды күшпен өзгертпек болды», «қылмыстық топ құрды» деп айыпталған азаматтардың сотында бірнеше рет заң бұзылғанын айтады.

ТЕЛЕФОНДЫ ТӘРКІЛЕУ

Freedom House әуелі соттың қазақша өтіп жатқанына ескерту жасаған. Айыпталушы Владимир Козлов та, басқа бірнеше куәгер де қазақша білмейді. ұйымның айтуынша, аудармашы кейде орысшаға толық әрі анық аудармаған.

Сотқа кірушілердің телефондарын жинап, жеке бас деректерін жазып алуына да құқық қорғау ұйымы наразылық білдірген. Freedom House-тың дерегінше, осыған байланысты Маңғыстау облысындағы ауданаралық мамандандырылған сотқа шағым жазылған.

Сот қызметкерлері адвокаттарды тінтіп, олардың да ұялы телефондарын алмақ болған. Қазақстан заңы мұндайға тыйым салады дейді құқық қорғау ұйымы.

Freedom House ұйымы бұл іске байланысты адамдарды алалау бар екенін айтады. Ұйымның дерегінше, соттың бірінші күні бір топ жастар ұялы телефонды да, компьютерді де емін-еркін қолданған. Соттың баспасөз қызметі өкілі оларға көмектескен. Басқа журналистер телефонды тек холлда ғана пайдаланған.

1354 БЕТ ІС

Айыпталушы Владимир Козлов алғашқы күні сотты кейінге қалдыруды өтінген. Оның айтуынша, адвокаттары 1354 беттік айыптау қорытындысын соттан бір күн бұрын, 15 тамызда ғана алған. Бірақ судья Козловтың 11 тамыз күні айыптау қорытындысы көшірмесін бас тартқанын айтып, ол өтінішін орындамады.

Freedom House ұйымының дерегіне қарағанда, Владимир Козлов іс материалдарымен 8 тамызда танысып біткен. Істі одан кейін прокуратураға өткізген. 10 тамыз күні оған хабарласып, соттың 16 тамызда басталатынын айтқан. Іс әрбірі 500 беттік 62 томды құраған. Айыптау қорытындысының өзі – 1354 бет.

САРАПТАМАНЫҢ МІНІ

Халықаралық құқық қорғау ұйымының айтуынша, 16-21 тамыз аралығында тоғыз куәгер сұралған, бірақ олардың ешқайсысы сотталушыларға тағылған айыпты растамаған.

Смадинов есімді куәгерден жауап алу кезінде оның қазақша және орысша айтқан сөздері бір-бірімен қиыспайтыны белгілі болған. Адвокаттар куәгер Смадиновтың сөзі бұрмалануы мүмкін десе де, судья ол мәселені қузамады дейді Freedom House.

Сотталушылардың телефон әңгімелеріне психолингвистикалық сараптама жасаған үш маманның сөзінен олардың толық емес материал бойынша қорытынды жасағанын байқауға болады.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, тергеушілер сарапшы Сыбанқұловқа телефон әңгімелерінің жазбаларын толық жібермегені сот барысында анықталған. Сарапшыларға контекстен бөліп алған тіркестерді жіберген деп жазады Freedom House өз есебінде.
XS
SM
MD
LG