Қарағанды қаласындағы Майқұдық кентінің тұрғыны Ғалым Қапбаев «Қазақмыс» корпорациясының «Нұрқазған» кенішінде жерасты бетоншысы болып үш жыл жұмыс істеген. Қарағанды аймағында жалақысы тәуірлеу әрі оны уақытында төлейтін санаулы кәсіпорынның бірі болғандықтан, ол осы корпорацияда жұмыс істей бергісі келеді.
«АЙ САЙЫН 100 МЫҢ ТЕҢГЕ НЕСИЕ ТӨЛЕЙМІН»
Жерасты бетоншысы ретінде Ғалым Қапбаев айына 120-130 мың жалақы алып тұрған. Онша көп ақша болмағанымен, Қарағанды облысында мұндай жалақыға ептеп күн көруге болады.
Бірақ Ғалым Қапбаев 2013 жылдың желтоқсанында жұмыстан шығарылған. Қарағанды шахта қазу басқармасы атқаратын тау-кен және құрылыс-монтаждау жұмыстары көлемінің азаюына байланысты ол «Қазақмыс» корпорациясы жүргізген қысқартуға іліккен.
Ғалым Қапбаевтың кәмелетке толмаған үш баласы бар, кенжесі екі жаста. Қазір әйелі жұмыс істемейді. Көптеген отбасылар сияқты Ғалым Қапбаев та бала-шағасын жалғыз асырап отыр әрі несие алған. Сондықтан оған «Қазақмыс» корпорациясындағы жұмысы сүйеніш болып келген. Қапбаевтар отбасы пәтерді ипотекаға алған. Бұдан бөлек отбасының қажеті үшін алған тағы бірнеше несиесі бар. Ай сайын несиеге 100 мыңнан аса теңге төлейді.
– Төрт адамды жалғыз асырап отырғанымды айтып, жұмыстан қысқартпай, бұрынғы жұмысымда қалдыруды немесе басқа жұмысқа ауыстыруды сұрап, басшылыққа ауызша, жазбаша бірнеше мәрте өтініш жасадым, - дейді Ғалым Қапбаев Азаттық тілшісіне.
Ол «штат қысқаруына байланысты маған жалақысы жақсы басқа жұмыс ұсынуы тиіс» дейді. Бірақ басқа жұмыс ұсынбаған соң штатты қысқарту арқылы жұмыстан шығаруды заңсыз деп тануды сұрап, сотқа талап-арыз берген. Ғалым Қапбаев өзін бұрынғы жұмысына қайта алуды және еркінен тыс жұмыссыз қалған күндері үшін жалақы төлеуді талап етіп келеді.
Бірнеше сот «жұмыс беруші талапкерге бірнеше орын ұсынған, бірақ бұл жұмыстарға көңілі толмай олардан бас тартқан» деген уәжбен Ғалым Қапбаевтың талап-арызын қанағаттандырмаған. Ал талапкер жұмыс беруші ұсынған орындардан «жалақысы мардымсыз әрі басқа қаладағы жұмыс болғандықтан және көңілімнен шықпағандықтан бас тарттым» дейді.
Кейін мені «Нұрқазған» кенішіне шақырып, Қарағанды қаласында конвейер машинисі болуды ұсынды. Бірақ ондай орын бос мүлде болмай шықты.
- Сотта бітімге келгеннен кейін «Қазақмыс» корпорациясы Топар қаласынан 70 мың теңге айлық төлейтін жұмыс ұсынды. Бірақ барсам, онысы әйелдер істейтін әрі жалақысы 35 мың теңге вахтердің жұмысы екен. Кейін мені «Нұрқазған» кенішіне шақырып, Қарағанды қаласында конвейер машинисі болуды ұсынды. Бірақ ондай орын бос мүлде болмай шықты. Мені алдап, бос жүгіртіп, қаншама жүйкемді тоздырды! Бала-шағамды асыраудың орнына уақытымды жоғалтып, енді сотқа шапқылап жүрмін, - дейді Ғалым Қапбаев Азаттық тілшісіне.
Еңбек дауының сотта қаралып жатқанына жарты жылдай болған. Бірақ қысқартуға ұшыраған Ғалым құр отырмай,талаптанып жұмыс іздеген, ара-тұра табылып қалатын уақытша жұмыстардың арасында сот отырыстарына қатысқан. Ол басқа жерден жалақысы тәуірлеу әрі уақытында төлейтін жұмыс табылса, талап-арызын өзгертуге әзір екенін айтады.
ЖҰМБАҚ ВАКАНСИЯЛАР
«Қазақмыс» корпорациясы мамандары жұмысынан қысқарған Ғалым Қапбаевтың жағдайына қатысты Азаттық тілшісіне комментарий берді. Компания қызметкерлерінің хабарлауынша, 2013 жылдың қарашасында Ғалым Қапбаев жерасты бетоншысы орны қысқаратыны туралы жазбаша ескертумен қол қойып танысқан.
- Қапбаевқа басқа жұмыс ұсынылатыны, Қазақстан Республикасы заңында қарастырылған кепілдіктер мен өтемақыны толық алатыны туралы жазбаша ескертілді. Азаматтардың еңбек шартын бекіту туралы арыздарын қарайтын комиссияның 2013 жылдың желтоқсанында өткен отырысында Көпбаевқа «Қарағанды корпорациясы» ЖШС-нен үш түрлі вакансия ұсынылды. Бірақ ол ұсынылған үш вакансиядан да, ескерту қағазымен танысудан да бас тартты. Сондықтан тиісті акт толтырылды, - дейді «Қазақмыс» корпорациясы баспасөз қызметі Азаттық тілшісіне.
«Қазақмыс» корпорациясы мамандарының мәлімдеуінше, 2013 жылдың желтоқсанында еңбек кодексі негізінде Қапбаевпен еңбек шарты бұзылған. Оған бір айлық орташа жалақы мөлшерінде өтемақы төленген.
Қазақстанда мұндай еңбек дауы жиі кездеседі. Сотқа дейін жеткен тағы бір даулы іс әлі аяқталған жоқ. Ал Ғалым Қапбаев Азаттық тілшісіне жуырда басқа жұмысқа орналасқанын, бірақ «Қазақмыс» корпорациясынан еңбек кітапшасын әзірше алмағанын хабарлады.
Ол «сот аяқталғанға дейін бала-шағамды асырауым әрі несиелерімді төлеуім керек» дейді. Сондықтан ол Қарағандыдағы жылу құбырларын тартатын фирмалардың біріне монтаждаушы болып орналасқан. Бірақ Қапбаев «жұмыстан заңсыз шығарғандарын дәлелдеп берсем, сот менің пайдама шешім шығарар» деп үміттенеді.