Accessibility links

"Жалған құжаттармен жер сатты" деп айыпталған сегіздің соты мен жапа шеккен 500-дің сергелдеңі


«Алтын ұя» ЖШС-не алданған азаматтар Қарасай аудандық сотының залына кірмекші болып түр. Алматы, 3 желтоқсан, 2009 жыл.
«Алтын ұя» ЖШС-не алданған азаматтар Қарасай аудандық сотының залына кірмекші болып түр. Алматы, 3 желтоқсан, 2009 жыл.

Қарасай ауданында «Алтын ұя» ЖШС-нің басшыларына қарсы сот бір адвокаттың қатарынан екі жақтың да қорғаушысы болуына, айыпталушылардың кейбірінің аяқастынан қазақ тілін білмей қалуына байланысты тағы кейінге шегерілді. Жер аламыз деп жүріп, 11 миллион доллардан айрылған 500 азамат мұны сотты сөзбұйдаға салу үшін жасалып отырған айла-шарғы дейді.

АДВОКАТ ҚОС ТАРАПТЫ ДА ҚОРҒАҒЫСЫ КЕЛЕ МЕ?

«Алтын ұя» ЖШС басшыларына қарсы қозғалған қылмыстық іске байланысты қыркүйек айындағы алдын ала сот тыңдауларында және бейсенбі күні Қарасай аудандық сотындағы мәжілісте айыпталушы 5 азаматтың (Ардақ Таукенов, Ханым Сұлтанғазина, Майя Торпақова, Шолпан Дербисева, Жанат Исмаилов) адвокаты Бибігүл Асқарбекова болды.

Сотқа арызданушы 85 жәбірленушінің қорғаушысы Қайырғали Кеңесбайұлының пікірінше, Бибігүл Асқарбекованың айыпталушылардың адвокаты болуы заңсыз.
жәбірленушілердің адвокаты Қайырғали Кеңесбайұлы. Алматы, 3 желтоқсан, 2009 жыл.


- Бибігүл Асқарбекова бұдан бөлек басқа азаматтық істе осы соттағы жәбірленушілердің атынан талап-арыз беріп іске қатысты. Ол жерде де осы «Алтын ұяның» жері жөнінде мәселе көтерілген, - дейді Қайырғали Кеңесбайұлы.

Қорғаушының сөзіне сенсек, адвокат Бибігүл Асқарбекова қылмыстық іс қарастырылып отырған соттағы жәбірленушілердің атынан сенім хат алып, алданған 200- ге тарта адамның жерін даулау бойынша заңсыз құжаттарды сот арқылы заңдастыруға талпынған. Және осы қызметі үшін әр адамнан 20 мыңнан ақша жинап алған.

- Ол азаматтық істе жәбірленушілердің атынан қызмет етеді де, қылмыстық істе айыпталушыларды қорғайды. Ол мүдделері қарама-қайшы жақтарды қатар алып отыр. Бұл заңсыздық, - дейді Қайырғали Кеңесбайұлы.

Бибігүл Асқарбекова бұл айтылғандардың шындыққа жанаспайтынын айтып, мойындамайды. Ал Адвокат Қайырғали Кеңесбайұлы прокуратурадан аталған екінші азаматтық іс материалдарын сұратқандығын айтып отыр. Сондықтан жақын арада бұл ақпараттың шын-өтірігі анықталатын болады.

«Және де ақпарат расталса, Бибігүл Асқарбекованың бұл әрекетінің заңдылық жағы прокуратурамен тексерілуі мүмкін», - дейді Қайырғали Кеңесбайұлы.

МЕМЛЕКТТІК ТІЛДІ БІЛМЕУ - СОТТЫ ЖҮРГІЗУГЕ КЕДЕРГІ

«500 адамның ақшасын алып, жалған құжаттармен жер сатты» деген күдікпен ұсталған 8 азаматтың соты тергеу амалдарындағы кемшіліктеріне байланысты кейінге ысырылды.

Қылмыстық істің қаралуына кедергі болған жайттардың бірі – айыпталушылардың екеуі Жанат Исмайлов пен Нехрнисса Хусниддинова мемлекеттік тілді білмейтін болып шықты. Алайда, жәбірленушілердің бірі Арухан Жаппасбаева олардың қазақ тілін білсе де білмейміз деп отырғандығын айтады.
"Алтын үяға" алданғандардың бірі - Арухан Жаппасбаева. Алматы, 3 желтоқсан, 2009 жыл.

"Жанат Исмаилов әдейі білмегенсіп, өз тілінен танып отыр. Ол жеріміздің құжаттарын сұрастырып, жиі-жиі барып жүргенімізде бізге қазақша жауап беретін еді. Нехрнисса Хусниддинова да мекеменің есепшісі болды. Ұлты ұйғыр болса да, ол қазақ тілін жеткілікті дәрежеде түсінеді. Тек біздің жүйкемізді жеп, уақыт оздырып отыр", - дейді Арухан Жаппасбаева.

Өзі де қазақ тіліне шорқақ айыпталушылардың адвокаты - Берікхан Ыдырысов болса олардың істің басынан-ақ аудармашы талап еткенін айтады.

" Менің қорғауымдағы Жанат Исмаилов мен сияқты орыс мектебін бітірген, сондықтан ол қазақша дұрыс білмейді. ҚР Қылмыстық кодексінің 284-ші бабы бойынша айыптау қорытындысын өзі білетін, түсінетін тілінде алуына толық құқығы бар. Ал оған тек қазақ тілінде берілген. Біз бұл туралы өткен отырыстарда да айтқанбыз", - дейді Берікхан Ыдырысов.

Қылмыстық істің тергеліп-тексерілуі барысындағы осы және басқа да кемшіліктерді түзету үшін сот төрешісі Аманбай Табынов істі прокуратураға қайтарды. Ендігі сот отырысы қашан болатындығы әзірге белгісіз.


Естеріңізге сала кетсек, даудың басы 2005 жылы «Алтын ұя» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Қарасай ауданы аумағынан шаруашылық жүргізу мақсатында 76 гектар жер сатып алғандығынан басталған.

Алайда, серіктестіктің басшылары С.Исабаев, Д. Ақжігітов, А.Тәукенов жерді әуелгі мақсатына пайдаланбай, 8 сотықтан жер телімдеріне бөліп, алғашында 6-7 мың доллардан, кейін 15-20 мың доллардан бағалап, жеке тұлғаларға сата бастайды.

Осындай жер телімдерін сатып алғаннан кейін ғана қолдарына берілген құжаттардың жалған екендігін білген 500 азамат 2008 жылы қаржы полициясына шағымданып, олар сол жылдың қарашасында қылмыстық іс қозғаған.

Бүгінде «Алтын ұя» ЖШС-нің 8 қызметкеріне «алаяқтық жасады», «ұйымдасқан қылмыстық топ құрды» және «жалған құжат жасады» деген айыптар тағылып, істері сотқа берілген. Қылмыстық іс деректері бойынша, олар жәбірленушілерден барлығы 11 млн АҚШ долларын жинап алған.
XS
SM
MD
LG