Accessibility links

Макс Боқаевтың түрмеде аштық жариялағанына екінші аптаға ұласты


Азаматтық белсенді Макс Боқаев сот залында Атырау, 10 қараша 2016 жыл.
Азаматтық белсенді Макс Боқаев сот залында Атырау, 10 қараша 2016 жыл.

Атыраудағы "жер шеруіне" қатысқаны үшін сотталған белсенді Макс Боқаевтың Петропавл түрмесінде аштық жариялап жатқанына 13 күн болды деп хабарлады туысы. Тұтқын жазасын өтеу орны туралы сот шешімінің орындалмағанына наразы. Түрме басшылығы "Боқаевтың жағдайы қанағаттанарлық" деумен шектелді.

Солтүстік Қазақстан облысы орталығы Петропавл қаласындағы ЕС-164/3 колониясында жазасын өтеп жатқан атыраулық белсенді Макс Боқаев маусымның 9-ынан бері судан басқа нәр татпай, аштық жариялап жатыр. Бұл туралы Азаттыққа тұтқынның қорғаушысы әрі туысы Жанар Боқаева хабарлады. Тұтқын өзін Солтүстік Қазақстан облысындағы түрмеге ауыстырған ішкі істер министрлігі қылмыстық атқару жүйесі комитетінің шешімі "заңсыз" деп біледі. Боқаев өзін тұрғылықты жері – Атырау облысындағы түзеу колониясына ауыстырудан бас тартқан билікке наразылық ретінде аштық жариялаған.

- Макс қазір стационарда бақылауда жатыр. Маусымның 21-і күні сөйлескенімде ол жағдайының тұрақты екенін айтты. Макс аштық жариялағаннан бері тоғыз келі салмақ жоғалтқан, - деді Жанар Боқаева.

Макстың шағымын қанағаттандырудан бас тартуға негіз болған құжат "құпия" деп, бізді оның мазмұнымен таныстырмады

Бұған дейін Макс Боқаев өзін Атыраудан Петропавл түрмесіне ауыстырған ІІМ қылмыстық атқару жүйесі комитетінің үстінен сотқа шағымданған. Бірақ Астананың Алматы аудандық соты "Боқаевты Атырауға ауыстыруға негіз жоқ" деген уәжбен тұтқынның шағымын қанағаттандырудан бас тартқан.

- Макстың шағымын қанағаттандырудан бас тартуға негіз болған құжат "құпия" деп, бізді оның мазмұнымен таныстырмады, - дейді Жанар Боқаева.

Макс Боқаев Петропавл қаласындағы ЕС-164/3 колониясына биыл ақпанның 25-і күні жеткізілген. Аталған колония бастығының міндетін уақытша атқарушы подполковник Самат Рахметов Азаттыққа Боқаевтың аштық жариялағаны туралы ақпаратқа қатысты түсінік беруден бас тартты.

- Мен аштық туралы ештеңе айтпаймын. Оның денсаулығы қанағаттанарлық жағдайда, - деді ол.

Азаматтық белсенді Макс Боқаев митингіде сөйлеп тұр. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.
Азаматтық белсенді Макс Боқаев митингіде сөйлеп тұр. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

Қазақстандық құқыққорғаушы, "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожина Макс Боқаевтың жағдайына байланысты Қазақстан бас прокуроры Жақып Асановтың атына үндеуге қол жинайтыны туралы жариялады.

"Күнделікті жаңалықтардан біздегі соттардың резонанс тудырған қылмыстық істер бойынша үкімдегі мерзімді екі есе қысқартатындарын, ал кейде қылмыскерлерді мүлде жауапкершіліктен босатып жіберетіндерін естіп-біліп отырмыз. Ал бұл уақытта өзгелер рақымшылықты қойып, қылмыстық-атқару кодексінің 88-бабында көрсетілгендей жазасын тұрғылықты жерінде өтеуге де қол жеткізе алмай отыр" делінген Төреғожина әзірлеген үндеуде. Ол сонымен бірге Макс Боқаевтың денсаулық жағдайы "аштық жариялауды мүлде көтере алмайтынын" атап көрсеткен. Түрмедегі белсенді "құқығы бұзылғаны себепті осындай наразылық акциясын өткізуге бел байлаған тәрізді" деп санайды Бақытжан Төреғожина. Құқыққорғаушы үндеуді Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялаған соң бірнеше сағаттың ішінде оны қолдап екі жүзден астам адам қол қойған.

44 жастағы Макс Боқаев былтыр сәуірдің 24-і күні Атырауда өткен ауылшаруашылық жерін сату және шетелдіктерге ұзақ мерзімге жалға беру мүмкіндігін қарастыратын үкімет реформасына қарсы жаппай шеруге қатысқаннан кейін көп ұзамай ұсталған. Атыраудағы жаппай шеруге, кейбір мәліметтер бойынша, бірнеше жүзден бірнеше мыңға дейін адам қатысқан.

Азаматтық белсенділер Макс Боқаев (оң жақта) пен Талғат Аян өздеріне қарсы қозғалған іс бойынша сотта. Атырау, 28 қазан 2016 жыл.
Азаматтық белсенділер Макс Боқаев (оң жақта) пен Талғат Аян өздеріне қарсы қозғалған іс бойынша сотта. Атырау, 28 қазан 2016 жыл.

2016 жылғы қарашаның 28-і күні Атырау қалалық сотының үкімімен "заңсыз митингі ұйымдастыру", "алауыздық қоздыру" және "көпе көрнеу жалған ақпарат тарату" баптары бойынша айыпталған Макс Боқаев пен "жер шеруіне" қатысқан атыраулық тағы бір белсенді Талғат Аян бес жылға бас еркіндігінен айырылған.

Оқыңыз: Макс Боқаев пен Талғат Аян сотталды

Өздеріне тағылған айыптарды жоққа шығарған Боқаев пен Аян сот үкімінің саяси астары бар деп мәлімдеген. Олар сот тағайындаған жазаны Атыраудағы жалпы режимдегі УГ-157/9 колониясында өтейді деп көрсетілгенімен, кейін екеуін Петропавлдағы ЕС-164/3 мекемесіне ауыстырған.

Макс Боқаев пен Талғат Аянның үкімі (Атырау, 28 қараша 2016 жыл):

Макс Боқаев пен Талғат Аянның үкімі
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:20 0:00

Биыл қаңтарда Атырау облыстық сотының апелляциялық инстанциясы үкімді күшінде қалдырған. Сәуір айында Қазақстан Жоғарғы сотының қылмыстық істер бойынша алқасының судьясы Дәулен Нұралин Боқаев пен Аянның "шағымдарын кассациялық инстанция сот отырысының қарауына беруге негіз жоқ" деген ұйғарым жасаған.

Ақпан айында қазақстандық адам құқығы жөніндегі бюро директоры Евгений Жовтис пен "Адам құқығы хартиясы" қоғамдық қорының атқарушы директоры, ІІМ жанындағы қоғамдық кеңес мүшесі Жеміс Тұрмағамбетова жариялаған бірлескен мәлімдемеде заң бойынша сот үкімімен бас еркіндігінен айырылған азаматтар өздерінің тұрғылықты аймақтарында жазасын өтеуге тиіс екендігі айтылған. Құқыққорғаушылар ІІМ қылмыстық атқару жүйесі комитетінің "қылмыстық атқару кодексі талаптарын орындамай, Боқаев пен Аянды отбасыларымен байланыстан ажыратып, жазасын өтеуге басқа облысқа ауыстыруына еш негіз жоқ" деп атап көрсеткен.

Халықаралық құқық қорғаушы ұйымдар Қазақстан билігін Макс Боқаев пен Талғат Аянды түрмеден босатуға шақырған. Amnesty International халықаралық ұйымы Макс Боқаев пен Талғат Аянды "ар-ождан тұтқындары" деп атады. Human Rights Watch халықаралық ұйымы белсенділер тұтқындалған бетте Қазақстан билігін оларды шұғыл бостатуға шақырды. HRW ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсон "Бейбіт қарсылық акцияларына қатысқан бірде-бір белсенді түрмеге қамалмауы керек. Олар босатылуы тиіс, билік үкіметті сынаған адамдарды қудалауын тоқтасын" дәп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG