Accessibility links

БҰҰ өкілімен кездесуде Жаңаөзен айтылды


БҰҰ-ның адам құқығы бойынша бас комиссары Нави Пиллэй. Швейцария, Женева, 27 ақпан 2012 жыл.
БҰҰ-ның адам құқығы бойынша бас комиссары Нави Пиллэй. Швейцария, Женева, 27 ақпан 2012 жыл.
БҰҰ-ның адам құқығы бойынша бас комиссары Нави Пиллэй қазақстандық үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен кездесті. Кездесуде елдегі сөз еркіндігі, діни сенім, ар-ұждан бостандығы мәселелері, Жаңаөзен оқиғасы талқыланған.

Кездесу шілденің 11-і күні таңғы сағат 8-де Алматыдағы БҰҰ өкілдігінің ғимаратында басталып, екі сағатқа жуық болған.

Белсенділердің ақпаратына қарағанда, БҰҰ-ның өкілдігі бұл кездесуге Қазақстандағы діни бостандық, сөз еркіндігі, адам құқықтары бойынша жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдар («Әділ сөз», Қазақстандағы адам құқығы бюросы, Қазақстан Хельсинки комитеті, т.б.) өкілдерін ғана шақырған. Кездесуде болған белсенділердің айтуынша, Қазақстан үкіметі тарапынан ешкім қатыспаған.

Қазақстандағы БҰҰ-ның адам құқықтары бойынша өкілі Лейла Дүйсекова журналистерге де бұл кездесуге қатысуға рұқсат бермеді.

«БҰҰ-НЫҢ ЖИЫНЫНДА АЙТАМЫН»

Кездесуде «Аман-саулық» қоғамдық қорының төрайымы Бақыт Түменова да болған. Белсенділер мен БҰҰ-ның адам құқығы бойынша бас комиссары Жаңаөзен оқиғасы бойынша сотталған азаматтардың жантүршігерлік азаптарға ұшырауы туралы әңгімелескен.
"Аман-саулық" қоғамдық ұйымының жетекшісі Бақыт Түменова. Алматы, 21 қазан 2011 жыл.
"Аман-саулық" қоғамдық ұйымының жетекшісі Бақыт Түменова. Алматы, 21 қазан 2011 жыл.

– Жаңаөзен оқиғасына қатысты айыпталған азаматтардың ішіндегі 30-ы сотта азап көргендерін айтты. Бірақ сот та, бас прокуратура да оған көңіл бөлмей, шындықты басып айтқандарына ең көп жаза берді. Мысалы Роза Төлетаеваның төрт баласы бар. Сақтағанов, Қалиев т.б. туралы айттым. БҰҰ-ның бас комиссарынан осы мәселеге назар аударуды сұрадым, - деді Бақыт Түменова.

Ол БҰҰ өкіліне қысыммен алынған жауаптар негізінде шығарылған сот үкімін әділ деуге болмайтынын да айтқан. Түменова уақыт тығыз болғандықтан, кездесуде айта алмай қалған сөздерін БҰҰ-ның бас комиссарына жазбаша тапсырған.

Оның айтуынша, ара-тұра үкіметтік емес ұйым өкілдеріне қосымша сұрақтар қойып отырған БҰҰ өкілі кездесу соңында азаматтық қоғам белсенділеріне алғыс айтып, осы мәселелерді Қазақстан билігіне жеткізуге уәде еткен.

– «Осы мәселелерді айтқандарыңыз үшін рахмет! Сыртқы істер министрімен кездесуде бұл мәселелердің бәрін көтеремін. Қазақстан БҰҰ-ның адам құқығы бойынша комитетіне мүше болуға өтініш тапсырған. Біз енді осы мәселені қараймыз. Бұған мен қобалжып та отырмын. Өйткені Қазақстанның адам құқығы саласы бойынша алға емес, артқа кетіп бара жатқанын байқап отырмыз. Желтоқсанның 16-сы күні болған оқиғаға байланысты көп адамдар сотталыпты. Бұған да қатысты сұрақ көп. Оларға тағылған айыптарға көңіліміз толмайды. Бұл туралы БҰҰ-ның жиынында айтамыз. Осы мәселелерді шешуге күш саламыз» деп жауап берді, - деді Бақыт Түменова.

«ШЫНАЙЫ ЖАҒДАЙДЫ БІЛУ ҮШІН»

Кездесуге қатысқан «Әділ сөз» сөз еркіндігін қорғау қорының өкілі Елена Малыгинаның айтуынша, «БҰҰ-ның өкілі Жаңаөзенге қатысты тергеулердегі азаптаулар жайлы шағымдарға қатты көңіл бөлген».
"Әділ сөз" қорының үйлестірушісі Елена Малыгина. Алматы, 31 қазан 2011 жыл.
"Әділ сөз" қорының үйлестірушісі Елена Малыгина. Алматы, 31 қазан 2011 жыл.

– Менің ойымша, олар (БҰҰ өкілдері - ред) шынайы жағдайды білу үшін мәселені жан-жақтан қарастырып жатыр - «қоғам не деп отыр, ресми билік не деп отыр» деген тұрғыда. Олар мұның барлығын жинақтап, ресми билікке арналған есеп дайындап жатқан сияқты. Бұл - тек сыпайылықтан туындаған жай ғана кездесу емес, қандай да бір жолдар арқылы елдегі адам құқығы жағдайына әсер ету. Себебі қысым мәселесіне өте көп мән берілді, - деді Елена Малыгина.

Жиында Жаңаөзен оқиғасына қатысты мәселелерді талқылауға көп уақыт бөлінгенін Қазақстандағы адам құқығын қорғау бюросының жетекшісі Роза Ақылбекова да растады.

- Бұл соттардың әділдігіне күмән бар екені, тергеу камераларында қысым болғаны айтылды. Мысалы 37 айыпталушы қатысқан сотқа неге тек 12 адвокат қатысқан? Ал полицейлер ісі бойынша тергеулер заңда көрсетілгендей неге мұқият зерттелмеген? - деді Роза Ақылбекова.

БИЛІК ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСУ

БАҚ-тың хабарлауынша, БҰҰ-ның адам құқығы бойынша бас комиссары Нави Пиллэй бүгін Қазақстанның сыртқы істер министрі Ерлан Қазыхановпен кездескен.

Gazeta.kz сайты таратқан ақпаратқа қарағанда, сыртқы істер министрлігінің Алматыдағы өкілдігіндегі кездесу жабық есік жағдайында өткен.

Кездесуде «Қазақстанның адам құқықтары саласындағы міндеттемелерін орындауы, БҰҰ-ның адам құқығы жөніндігі жоғарғы комиссариатымен ынтымақтастық орнату, адам құқығы бойынша ұлттық әрекет жоспары, азаптауға қарсы ұлттық первентивтік тетіктерді енгізу шаралары талқылаған».

Нави Пиллэй шілденің 11-і күні Астанада Қазақстан конституциялық кеңесі төрағасымен және ішкі істер министрімен кездеспек. Ол шілденің 12-сінде Қазақстанның бас прокурорымен, адам құқығы жөніндегі уәкілетті өкілімен, әділет министрімен және премьер-министр орынбасарымен кездеседі.

Пиллэй сапарының соңында баспасөз мәслихатын өткізеді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG