Еуропарламент депутаты Пол Мерфи БҰҰ-ның азаптау жөніндегі арнайы өкілі Хуан Мендеске мамырдың 21-і күні жазған хатында 15 адамға қарсы жалған куәлік беруден бас тартқан жаңаөзендік айыпталушы Қайрат Еділовті ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) қызметкерлері тұншықтырып, басына тапанша тақағанын, итке талататынын айтып қорқытқанын мысалға келтіреді.
Ол "Айыпталушы Роза Төлетаеваны да полиция тұншықтырып, Есенгелді Әбдірахмановты 16-17 желтоқсанда Жаңаөзен абақтысында үстінен суық су құйып, азаптаған. Осыдан соң Әбдірахманов туберкулез ауруына шалдыққан" деп, Қазақстандағы азаптаулар хақында БҰҰ-ны хабардар еткен.
«СУДЬЯНЫҢ АЗАПТАУҒА НАЗАР АУДАРМАУЫ АЛАҢДАТАДЫ»
Депутат Пол Мерфи бұдан ары полицияның куәгер Ерлан Жайлыхановты Ертай Ермұхановқа қарсы жалған куәлік беруге мәжбүрлегенін де жазған.
Жайлыханов сотта алғаш жауап берген күні бүркеншік есіммен куәлік еткен еді. Екінші күні ол полицейлердің өзін қайта-қайта ұстап, бір құжаттарға қол қоюға мәжбүрлегенін, «Егер қол қоймасаң, өзіңді соттатып жібереміз» деп қорқытқанын айтып, алғаш берген куәлігінен бас тартқан.
Пол Мерфидің бұл хатында Жаңаөзен оқиғасы бойынша сотта Берден Қожамбердиевтің де полиция қысымымен жалған куәлік беруге мәжбүр болғанын баяндаған.
«Сотта тұтқындарды айыптауға ешқандай дәлел табылмағанына және айыпталушылар мен куәлердің полицияның азаптағанын айтқандарына қарамастан, судьяның бұған назар аудармауы алаңдатады» деп жазады Пол Мерфи.
«ПАРА АЛМАҚ БОЛДЫ» ДЕГЕН - ЖАЛҒАН АЙЫП»
Еуропарламент депутаты Пол Мерфи БҰҰ-ға жазған осы хатында қоғамдық белсенді Вадим Курамшинді полицияның жауап алу кезінде азаптағанын да ескертіп өткен.
2012 жылы қаңтардың 1-інде құқық қорғаушы Курамшинге қылмыстық кодекстің 181-бабы 4-бөлімінің "б" тармағы бойынша "Ірі көлемде пара алмақ болды" деген айып тағылып, Тараз қаласының абақтысына әкетілген еді. Бұл тармақ бойынша айыпталған азаматтарға жеті жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылу жазасы кесіледі.
Пол Мерфи БҰҰ-ға жазған хатында Қазақстандағы азаптауға қарсы күресіп жүрген құқық қорғаушы Вадим Курамшиннің «пара алмақ болды» деген жалған айыппен сотқа тартылып жатқанын» жазған. Депутат «Нұр отан» партиясын Қазақстан түрмелеріндегі азаптауға қарсы бағдарлама жасауға көндірген Курамшиннің өзі қазір «пара алды» деген айыппен қамауда отыр» дейді.