Accessibility links

«Куәгерге қысым жасағаны үшін» Тамара Ерғазеваға екі жыл шартты жаза берілді


Жаңаөзен тұрғыны Тамара Ерғазева. Жаңаөзен, 14 ақпан 2012 жыл.
Жаңаөзен тұрғыны Тамара Ерғазева. Жаңаөзен, 14 ақпан 2012 жыл.

Мамырдың 21-і күні Жаңаөзен қалалық сотында Тамара Ерғазеваға қатысты сот үкімі оқылды. Бұл туралы Азаттық радиосына хабарлаған қоғамдық комиссия өкілі Гүлнар Досова оған екі жыл шартты жаза берілгенін айтты.


«Стан ТВ» тілшісі Азамат Арыстановтың айтуынша, бүгінгі сотқа журналистерді кіргізбеген. «Ақмарал есімді судьяның хатшысы «Сот рұқсат берген жоқ, себебін білмеймін» деп ақпарат құралдарының сот залына кіруіне бөгет жасады» дейді ол.

«ЕКІ ЖЫЛДЫҚ СЫНАҚ»

Жаңаөзен оқиғасын зерттеуге құрылған қоғамдық комиссия өкілі Гүлнар Досова:

- Мен жаңа Тамарамен сөйлескенмін. Ол екі жыл шартты жаза бергенін айтты. Бұдан бөлек қандай да бір акция, митингілерге қатысуға шектеу салған екен, - деп хабарлады.
Жаңаөзен қаласына кіреберіс жол. (Көрнекі сурет)
Жаңаөзен қаласына кіреберіс жол. (Көрнекі сурет)

Бұл ақпаратты үкім оқылған Жаңаөзен қалалық сотының баспасөз қызметі де растады.

- Тамара Ерғазева 354-баптың 2-бөлімі бойынша кінәлі деп танылып, шартты түрде екі жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға, қылмыстық кодекстің 63-бабына сәйкес екі жыл сынақ мерзімі тағайындалды, - деді баспасөз қызметінің аты-жөнін айтпаған өкілі.

Қазақстанның қылмыстық кодексінің 354-бабы "Жалған жауап беруге немесе жауап беруден жалтаруға, жалған қорытынды беруге не қате аударуға сатып алу
не мәжбүр ету" деп аталады.

«ЕКІ ЖЫЛҒА СОТТАЙТЫНДАЙ ЕШТЕҢЕ ЖАСАҒАН ЖОҚПЫН»

Журналист Азамат Арыстановтың айтуынша, Тамара Ерғазева соттан кейін "үкіммен келіспейтінін, бірақ сот үкімін апелляцияға беру-бермеу мәселесін әлі шешпегенін" айтқан. Журналист сотталушы Тамара Ерғазеваның сот үкімімен келіспегенін айтып:
Тамара Ерғазева қала тұрғындарымен бірге Жаңаөзен қаласы әкімдігінің алдында тұр. 14 ақпан 2012 жыл.
Тамара Ерғазева қала тұрғындарымен бірге Жаңаөзен қаласы әкімдігінің алдында тұр. 14 ақпан 2012 жыл.

- «Мені екі жылға бас бостандығымнан айыратындай ештеңе жасаған жоқпын» деді, - дейді.

Оның сөзіне қарағанда, Тамара Ерғазева «журналистермен де араласуға тыйым салғанын» айтыпты.

БІР СӨЗ - ЕКІ ЖЫЛ

Жаңаөзендегі оқиға бойынша айыпталған Жаңбыр Ерғазевтің әйелі Тамара Ерғазева наурыздың 14-інде тұтқындалып, «Үнпарақ таратты» деген айыппен үйқамаққа алынған.

Тамара Ерғазеваны айыптауға негіз болған оқиға 2012 жылы наурыздың 14-і күні болған. Жаңаөзен тұрғыны Дәмелхан Жарылғасынованың айтуынша, осы күні Тамара Ерғазева мен күйеулері қамауда отырған бірнеше әйел айыптау қорытындысымен танысқан. Қағазды оқып шыққан Тамара Ерғазева күйеуіне қарсы куәлік берген азаматтың үйіне барып, қақпасына «Неге жалған куәлік бересің?» деген мазмұндағы сөздер жазылған парақ жапсырып кеткен. Ал ол адам полицияға шағымданған.

Жаңбыр Ерғазев - жеті ай бойы Жаңаөзен қаласының алаңында тұрып, еңбек дауының шешілуін талап еткен мұнайшылардың бірі. Жаңаөзен оқиғасы кезінде оң аяғына оқ тиіп жараланған. Бір айдан соң қамауға алынып, қаңтардың 16-сынан бері облыстық ішкі істер департаментінің тергеу абақтысында жатты. Қазір оның соты жүріп жатыр.

Өткен аптада болған сот процесінде прокурор Әжібаев Тамара Ерғазеваға үш жыл шартты жаза сұраған болатын.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG