Жаңбыр Ерғазев - жеті ай бойы Жаңаөзен қаласының алаңында тұрып, еңбек дауының шешілуін талап еткен мұнайшылардың бірі. Жаңаөзен оқиғасы кезінде оң аяғына оқ тиіп жараланған. Бір айдан соң қамауға алынып, қаңтардың 16-сынан бері облыстық ішкі істер департаментінің тергеу абақтысында жатқан. Осы абақтыға хабарласқан Азаттық тілшісіне кезекші Қанат Әділбаев "Иә, ол кісіні ауруханаға кеше алып кетті" деді.
"АЯҒЫМ ШЫДАТПАЙДЫ"
Ақтау қаласындағы Маңғыстау облыстық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Нұрлан Мұқанов мұнайшының ауруханаға түскенін растап, "Аяғынан оқ табылмады, жағдайы жақсы" деп қысқа жауап берді. Толығырақ ақпарат сұраған Азаттық тілшісіне "Ерғазевті емдеп жатқан дәрігерге сіздермен сөйлесуге рұқсат бермеймін" деп телефон тұтқасын қоя салды.
Жаңбыр Ерғазевтің әйелі Тамара Ерғазева отағасының ауруханаға түскенін білмейтін болып шықты.
- Кеше Алмат деген прокурор айтқан болатын, "сіздің күйеуіңізді ауруханаға апарамыз, емдетеміз" деп. Мен кездесу сұраған едім, рұқсат бермеді. Ендігі аптада кездесесіз деді. Бұрын ол Жаңаөзенде жатқанда (абақтыда жатқанда - ред.) оқ тиген аяғын емханаға апарып көрсетіп тұратын, "аяғым іріңдеп кетті, енді су аға бастады, шыдатпай жатыр» деп айтқан, - дейді Тамара Ерғазева.
"ҚАМАЛАСЫҢ, ЖАУАПТЫ БОЛАСЫҢ"
Тамара Ерғазева өзіне түрмеге қамалу қаупі төніп тұрғанын айтады. Жаңаөзенде ақпанның 25-сіне шеру өткізуге өтініш бергендердің арасында аты-жөні жүргендіктен Ерғазеваны прокуратура өкілдері шақыртып алып, қорқытқан. Бұл жөнінде Тамара Ерғазеваның өзі:
"Менің қорқатын жерім қалған жоқ шынымды айтсам"
"БӘРІБІР ШЫҒАМЫЗ"
Тамара Ерғазева ақпанның 25-інде өтетін шеруге Жаңаөзен қаласының әкімдігі рұқсат бермейді деп ойлайды.
- Рұқсат бермейді, белгілі ғой. Бірақ біз бәрібір шығамыз. 25-інде қаланың бәрі шығайын деп отыр, - дейді күйеуін абақтыдан шығаруды талап етіп жүрген Ерғазева.
Оның айтуынша, тұрғындардың шеру өткізу туралы кеше берген өтініштерін Жаңаөзен қаласының әкімдігі "Арызды дұрыс жазған жоқсыңдар, арызда қателер бар, "объявляем" деген сөзді "просим" деген сөзге ауыстырыңдар, "Ынтымақ" алаңы емес, "Тәуелсіздік" алаңы деп жазыңдар" деп қайтарып берген.
Тамара Ерғазева бүгін кешкі сағат алтыда Жаңаөзен қаласының орталық алаңында ақпанның 25-і шеру өткізуге арналған өтініштің қайтадан жазылып, әкімдікке тапсырылғанын, әкімдік кеңсесінің қабылдап алғанын хабарлады.