Accessibility links

Қарапайым металлург әнші болды


Андрей Тихонов Х-Factor байқауында ән айтып тұр. Алматы, 2012 жыл. Сурет жеке мұрағатынан алынды.
Андрей Тихонов Х-Factor байқауында ән айтып тұр. Алматы, 2012 жыл. Сурет жеке мұрағатынан алынды.

Теміртаулық Андрей Тихонов бала кезінен әнші болуды армандаған. «Арманыма жетуге Х-Factor конкурсы көмектесті» дейді ол. Әйгілі Sony Music компаниясы оның екі әнін жазып, клипін түсіруге келісім-шарт бекітті.


Әншілік жолға біржола бет бұрған Андрей металлургиялық комбинаттағы жұмысын тастап, Теміртаудан Алматыға қоныс аударды.

ШАҒЫН ҚАЛАНЫҢ ДАРЫНДЫ ЖІГІТІ

Андрей Тихонов - қарапайым отбасында туып, өскен жігіт. Тоғыз жасар баланың бойындағы қабілетті алғаш байқаған музыка пәнінен сабақ беретін мұғалима апайы оның дарынын ұштауға бар ықыласымен кіріскен. Андрей көп ұзамай мектепте өтетін концерттерге қалмай қатысып, кейін қалалық мәдени шараларда орыс және қазақ тілдерінде ән айта бастайды.

Өнерлі жігіт Теміртаудың №10 орта мектебін, кейін Қарағандының мемлекеттік индустрия университетін тәмамдады. Автоматтандыру және басқару мамандығын алған Андрей металлургиялық комбинатқа бақылаушы-өлшеуіш аспаптары мен автоматика слесары болып жұмысқа тұрған. Алайда оның көңілінің түкпірінде әртіс болсам деген арман жататын.
Андрей Тихонов. Алматы, 2012 жыл.
Андрей Тихонов. Алматы, 2012 жыл.

- Бұрынырақта «Сарыарқа жұлдыздары» деген әншілер сайысына қатысқанмын. Бұл конкурс бастапқыда Қазақстан деңгейінде өтіп жүрді. Кейін Ресей мен Өзбекстаннан жастар келіп қатыса бастады. Өзім «Мой декабрь» деген теміртаулық топ құрамында ән айтқанмын. Тобымызбен Теміртау, Қарағанды, Астана қалаларында өнер көрсеттік. Соңғы екі жыл бойы сахна ойымнан шықпай қойды. Сахнада ән айтып тұрғанымды елестетіп, әртіс болуға өзімді іштей дайындап жүрдім.

Х-Factor музыкалық жобасы өтетіні жайлы естіген әнші жігіт бағын сынап көрмек болған. Осыдан екі жыл бұл бұрын өткен бірінші маусымда ол алғашқы іріктеу турынан өтеді. Андрей Тихонов Азаттық радиосына берген сұхбатында:

- Зауытқа жұмысқа тұрып қойғандықтан, ол жолы Алматыға кете алмадым. Конкурсқа қатысуды кейінге қалдыра тұруды жөн көрдім. Екінші маусымға қатысқанда бағым жанып, жеңіп шықтым. Байқау өте тартысты болды. 13 мың жарым адамның арасынан топ жарып жеңіске жету оңай болған жоқ. Төрешілер алқасы да өнерімізді әділ бағалады. Ақыл-кеңестерін аямай, қателіктерімді көрсетіп, жөн сілтеп отырды. Төрешілер тарапынан болған түрлі сын-ескертпелер қалт жібермей, түзетуге барымды салдым, - дейді.

"САХНАҒА БОЛА КОМБИНАТТЫ ТАСТАДЫМ"

Әлемдегі аса ірі Sony Music музыкалық компаниясы Х-Factor жобасының жеңімпазы Андрей Тихоновтың екі әнін жазып, клипін түсіру үшін онымен келісім-шартқа отырды. Жобаға тігілген бес миллион теңге бас жүлдені де дарынды жігіт иеленді. Андрей оны әзірше банктердің біріне депозитке салып қойғанды жөн көріпті.

25 жастағы Андрей комбинатта бір жарым жылдай жұмыс істепті. Қазір Алматыда тұрады, дайындыққа барып жүр. Металлургиялық комбинаттың қатардағы жұмысшысына қарағанда, әртістің еңбегі әрі мәртебелі, әрі жақсы төленетін кәсіп екенін айтқан музыкант өзінің қаламақы мөлшерін ашып айтқысы келмеді.
Андрей Тихонов ән айтып тұр. Алматы, 2012 жыл.
Андрей Тихонов ән айтып тұр. Алматы, 2012 жыл.

- Өз басым таңдау еркі әрдайым өзінде болатын адамдардың қатарынанмын. Ақыры өз таңдауымды жасадым. Ақтық мәреге шыққан кезде комбинаттағы жұмысымды тастауға тура келді. Әртіс болу үшін жасаған бұл таңдауыма еш өкінбеймін, - дейді Андрей Тихонов.

Музыкант сахнаны әрі хобби, әрі жұмыс деп бағалайтынын, ән айту өмірінің мәніне айналғанын айтады. Бала кездегі әртіс болсам деген арманы іске асып, ақыры дегеніне жетті. Дегенмен ол үйренетін дүниесінің әлі көп екенін айтты.

- Алматыда әзірше құрбымның үйінде тұрып жатырмын. Дайындықтан бас көтермейміз. Қазір «Айскрим» деп аталатын топпен ән айтып жаттығып жатырмыз. Тапсырыс ыңғайына қарай жеке ән айтумен қатар, осы топпен де шығатын боламын. Тапсырыстар да түсіп жатыр. Ал концерттер, білуімше, маусымның 2-сі мен 8-інде Алматыда өтеді, - дейді жас әртіс.

Андрейдің айтуынша, қазір ол гитарада ойнауға машықтанып, әуен жазуды үйреніп жүр екен. Жақында ағылшын және орыс тілдерінде алғашқы синглын жазуға кірісу үшін Мәскеу қаласына бармақ.
Өмірден орнын тапқысы келетін жігіттерге айтарым: ең бастысы - адамның өзіне деген сенімі болуы керек. Сосын қабілетіңді жетілдіру үшін көп еңбек ету қажет.
Андрей Тихонов.

- Өмірден орнын тапқысы келетін жігіттерге айтарым: ең бастысы - адамның өзіне деген сенімі болуы керек. Сосын бойыңдағы қарым-қабілетті жетілдіру үшін көп еңбек ету қажет. Не тірлік бастасаң да, нәтижесі ойдағыдай болады деп ойла, соған сен, – дейді Андрей Тихонов.

Х-Factor конкурсының жеңімпазы Андрей Тихонов - Sony Music компаниясымен Қазақстан тарихында жасалған екінші келісім-шарттың иесі. Орыс, қазақ, ағылшын тілдерінде еркін ән салатын ол таяуда испан тілінде ән айта бастады.
XS
SM
MD
LG