Accessibility links

Шетелдік еңбек мигранттары Қазақстан үкіметінің "бас ауруына" айналды


Қазақстан үкіметінің үйі. Астана, 2009 жыл.
Қазақстан үкіметінің үйі. Астана, 2009 жыл.

Өткен жылы қырғыз азаматтары Қазақстанда үш ай бойына уақытша тіркеусіз жұмыс істеу мүмкіндігіне қол жеткізген еді. Ал Тәжікстан азаматтары Қазақстанда бір ай көлемінде жеке куәліктерімен еркін жүре алады. Енді жұмыссыздықтың өсуіне байланысты үкімет міндетті уақытша тіркеу мәселесін қолға алмақшы.

Астананың Шанхай базарында көбіне көршілес қырғыз елінен келген азаматтар сауда жасайды. Олар Бішкекте шығарылатын мата өнімдерін Астанаға әкеліп сатады.

Солардың бірі - Мақсат есімді жігіт. Ол осыдан екі жыл бұрын Астанаға құрылыс саласына жұмыс істеуге келіпті. Құрылыс тоқтап қалған соң жұмыссыз жүріп, кейін апасы екеуі Астанада сауда жасауды ұйғарады.

-Қазір сауда бұрынғыдай емес. Бірақ елге қайтайын десек, онда да жұмыс жоқ. Оштан бірге келген жігіттер де осында, олар да жұмыс тауып қаламыз ба деп үміттенеді, өйткені таяуда Астанада құрылыс қайта жанданады деген әңгіме бар, -дейді Мақсат.

Ал сейсенбі күні Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов көрші мемлекеттен келетін еңбек мигранттарының ағынын тежеу үшін уақытша тіркеу жүйесіне қайта оралу мүмкіндігін көтерді. Оған себеп көрші елдерден келген шетелдік азаматтардың қылмыс жасау әрекеттерінің көбеюі. Әсіресе Алматы мен Астана қалаларында дейді билік өкілдері.

Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов осы қалада тіркелген қылмыстың 50 пайызы еңбек мигранттардың қолымен жасалғанын айтады.

-Алматының өзінде 280 мыңнан астам өзге қалалардан және шетелден келген азаматтар тұрады екен. Оның ішінде 40 мыңы иммигрант. «Олардың көбі көрші Қырғыз, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінен құрылыста жұмыс істейміз деп келгендер. Қазір солардың көбі елдеріне қайтпай, Алматыда қалып қойды. Бос жүр. Оның үстіне көктем келе жатыр. Шетелдік жұмыс күштері ағылайын деп тұр. Біз ең алдымен Қазақстанның азаматтарын жұмыспен қамтамасыз етуіміз керек, -деді Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов.

Ал Қазақстанда көрші мемлекеттермен жұмыс күштеріне қатысты келісімшарт бар. Қырғыз президенті Қазақстанға келген сапары барысында өз елі азаматтарының Қазақстанға уақытша тіркеусіз, жеке куәліктері арқылы келіп жұмыс істеу мүмкіндігіне қол жеткізген еді. Соның нәтижесінде қырғыз азаматтары 93 күн бойына Қазақстанда тіркеусіз жүру құқығына ие болса, ал тәжік азаматтары бір ай көлемінде жеке куәліктерімен еркін жүре алады.

Енді әлемдік қаржы дағдарысы тереңдеген шақта үкімет міндетті уақытша тіркеу мәселесін қолға алмақ.
Биыл үкімет Қазақстандағы жұмыссыздық 8 пайыздың үстінде болады деп болжап отыр. Ал Қазақстанның статистика агенттігінің төрайымы Анар Мішімбаева елде жұмыссыздар саны одан да көп болуы мүмкін екендігін айтады. Ол үкімет отырысы кезінде премьер-министр Кәрім Мәсімовке елде инфляция 0% болып тұрған кезде орта және шағын бизнесті несиелендіру ставкасын 5-6 пайызға түсіру қажеттігін көтерді. Алайда Кәрім Мәсімов оны естімеген сыңай танытты.

Қазақстанның Статистика жөніндегі агенттігінің төрайымы Анар Мішімбаева Азаттық радиосына берген сұхбатында жұмыссыздық мәселесін орта және шағын бизнеске барынша қолдау көрсету арқылы тоқтатуға болатынын айтты.

«Қазір инфляция деңгейі төмен. Орта және шағын бизнесті жоғары пайызбен несиелендіргенімен, көбінің оны алуға мүмкіндігі жоқ. Сондықтан үкімет төмен ставкамен несие берсе, жұмыс орнын көбейтуге де мүмкіндік туатын еді», -дейді Анар Мішімбаева.

Ал Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов «Самұрық-Қазына» әл ауқат қорының алқа мәжілісінде енді аймақтағы әкімдердің қабілеті мен біліктілігі жұмыс орындарын қаншалықты сақтап қалғандығымен бағаланатын болады деп мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG