Accessibility links

Министрлік Украина субмарині туралы әзілді терістеуге мәжбүр болды


Украинаның «Запорожье» сүңгуір қайығы. Севастополь, 29 шілде 2012 жыл.
Украинаның «Запорожье» сүңгуір қайығы. Севастополь, 29 шілде 2012 жыл.

Қазақстанның қорғаныс министрлігі Украинаның сүңгуір қайығын Қазақстан флотына беру туралы ақпаратты теріске шығарып, оны 1 сәуір күнгі әзілге жорыды.

Қазақстан әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы Жандарбек Жанұзақовқа «Ресей Украинаның сүңгуір қайығын Қазақстанға бергісі келеді» деген әзіл ұнапты. Бірақ адмиралдың айтуынша, қазір бір-бірімен жанжалдасып жатқан Ресей мен Украинаның ара қатынасына қатысты болғандықтан, бұл әзіл екі елдің бірінің түсінбестігін тудыруы мүмкін.

Сәуірдің 1-і күні Zakon.kz сайтында «Ресей Украинаның «Запорожье» сүңгуір қайығын Қазақстанға беруге әзір» деген ақпарат жарияланды. Онда Қазақстанның Каспий теңізінде пайдалану үшін Ресейге сүңгуір кемелер жасауға тапсырып бергені айтылған. Сайтта «Ресейдің Нижний Новгород қаласындағы «Красное Сормово» зауытында дизельді-электр сүңгуір қайықтарын жасауға тапсырыс беру үшін «Ростехвооружение» кәсіпорнымен бұрыннан келіссөз жүргізген Қазақстанға ресейлік әскерилер «Запорожьені» оқу-жаттығу базасы ретінде пайдалануды ұсынды» деп жазылған.

Адмирал Жандарбек Жанұзақовтың айтуынша, министрліктің бұл жаңалықтың жалған екені туралы хабарламасын ақпараттық агенттік келесі күні-ақ таратқан. Сондықтан қорғаныс министрлігі 1 сәуірдегі әзілі үшін агенттікке ешқандай шағым-талап қоймайды.

ӘСКЕРИЛЕРДІҢ ҚАЛЖЫҢСЫЗ АҚПАРАТЫ

Қазақстан әскери-теңіз күштері бас қолбасшысы, адмирал Жандарбек Жанұзақовтың Азаттық тілшісіне айтуынша, Қазақстан жуық арада сүңгуір қайық сатып алуды жоспарламайды. Мұның басты себебі - Каспий теңізі таяз әрі рельефі күрделі. Ол Қазақстанның «641 жобасы негізінде дизельмен жүретін бес сүңгуір қайық» сатып алу туралы Ресеймен келіссөз жүргізгені туралы ақпараттың да жалған екенін хабарлады.
Каспий теңізіндегі Иранның шағын әскери кемелері. 28 маусым 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Каспий теңізіндегі Иранның шағын әскери кемелері. 28 маусым 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
​Қазақстан әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының айтуынша, Каспий теңізі жағалауындағы Ресей, Әзербайжан және Түркіменстанның да Каспийде сүңгуір қайықтары жоқ. Ал Иран барлау және диверсиялық мақсатта пайдалану үшін бір-екі орындық өте шағын сүңгуір қайықтарды ұстайды.

Оның айтуынша, Қазақстан әскери-теңіз күштері кемелерінде су асты миналары мен әскери кемелерге қауіпті басқа заттарды анықтауға арналған пилотсыз басқарылатын сүңгуір аппараттар пайдаланылады, ал теңіз түбі рельефін эхолот деп аталатын гидроакустикалық аспаптар тексереді.

Азаттық тілшісіне «Каспий теңізінде атом сүңгуір қайықтары түгіл дизельмен жүретін сүңгуір қайықтарды пайдалану қолайсыз» екенін Қазақстан әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы, контр-адмирал Ратмир Комратов та айтты. Оның сөзіне қарағанда, кейбір тұсының ғана тереңдігі 200 метрге жететін Каспий теңізінде сүңгуір қайық жүзе алмайды.

Азаттық оқырмандарына «Саясат алаңы» оппозициялық газетіне қарсы талап-арызы арқылы жақсы таныс 1 дәрежелі капитан Көпесбай Жәмпейісов «Қазақстан су асты флотын құру туралы «жаңалықтан» тіксініп қалдым» дейді. Оның айтуынша, су асты флотын құру үшін сүңгуір қайықты «құр сүйреп әкеле салу» жеткіліксіз, әуелі қыруар қаржы мен көп уақыт жұмсап оны ұстайтын орын дайындау қажет. Көпесбай Жәмпейісовтің айтуынша, сүңгуір қайықты пайдалану машақаты Байқоңыр қаласы сияқты күрделі инфрақұрылымды қажет етеді әрі космосқа зымыран ұшырумен бірдей.

Ал 1 сәуір – күлкі күні Қазақстанның бас прокуратурасы сыбыс таратқандарды 12 жылға дейін соттауды ұсынып, бастама көтерді.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG