Accessibility links

Несие алғандар аштық жариялап жатыр


Алматыда аштық жариялап отырған борышкерлер. Алматы, 21 қазан 2013 жыл. (YouTube сайтындағы видеодан скриншот)
Алматыда аштық жариялап отырған борышкерлер. Алматы, 21 қазан 2013 жыл. (YouTube сайтындағы видеодан скриншот)

Алматыда «Халыққа баспанасын қалдырайық» ұйымының банк алдында борышкер жеті мүшесі аштық жариялап жатыр. Олар несиелерінің өсімін кешіруді талап етеді.

Дәметкен Исаева – банктен несие рәсімдеп, кейін жұмыссыз қалғасын өтей алмай жүрген борышкерлердің бірі. Ол 2009 жылы банктен 52 мың доллар несие алып, 12 мыңын ғана қайтара алған. Қалған қарызын үкіметтің көмегінсіз өтей алмайтынын айтып шағынады.

– Жұмыссыз қалып, банктен жеті ай уақыт мұрсат алдым. Бірақ жеті айда да ақша таба алмадым. Өзім де, балам да, жолдасым да жұмыссыз қалды. Төрт жылдан бері төлей алмай келе жатырмын. Банк сотқа беріп қойды. Қазіргі банк алдындағы қарызым – 118 мың доллар. Оған пайыз, сыйақы, комиссия кірген. Қалай төлейтінімді білмеймін. Банк несиемді кешірсе немесе үкімет көмектессе деген өтінішім бар, – дейді Алматыдағы «Халыққа баспанасын қалдырайық» ұйымының кеңсесіндегі аштық жариялаушыларға қосылған борышкер.

2000 жылдардың ортасында Қазақстанда болған «қаржылық дүмпу» кезінде банктер салыстырмалы түрде оңайлатылған жолдармен жаппай несие беруді бастаған. Қаржылық дағдарыс пен жұмыссыздық сияқты түрлі әлеуметтік проблемалар қатар келіп, қазір Дәметкен сияқты мыңдаған қазақстандық тұйықтан шығудың түрлі амалдарын іздей бастаған. Әзірше борышкерлердің көпшілігі қолданатын тактика - Алматы мен Астанада үкімет назарын аудару үшін қарсылық акцияларын өткізіп, аштық жариялау.

– Қазанда Астанада өткен борышкерлердің митингісінен кейін 15 тәулікке қамалған Есенбек Өктешбаев Алматыға келіп бізге қосылды. Оның аштық жариялағанына 20 күнге жуықтады. Бүгін (қазанның 23-і күні – ред.) Шымкентте 14 борышкер аштық жариялады, – дейді Дәметкен.

ҚОСЫМША ОҚЫҢЫЗ: Борышкерлердің Астанадағы наразылық шарасы

Наразы борышкерлердің кейбірі банктен алған сомасын тұтас қайтарғанымен әртүрлі үстемақыларын төлеуге шамалары жетпегенін айтып та арызданады. Несие алушылардың ішінде банкпен жасалған келісімнің шарттарын орындай
Алматыда аштық жариялап отырған борышкерлер. Алматы, 21 қазан 2013 жыл. (YouTube сайтындағы видеодан скриншот)
Алматыда аштық жариялап отырған борышкерлер. Алматы, 21 қазан 2013 жыл. (YouTube сайтындағы видеодан скриншот)
алмайтындарын кеш түсінгендер де бар.

«Халыққа баспанасын қалдырайық» ұйымының белсенді мүшесі Бақыт Сүлейменова Азаттық тілшісіне:

– Кейбір банктер несиені 14 пайызбен береміз деп, кейін ол көрсеткіш 22 пайызға дейін жеткен, – дейді.

Ұйым мүшелерінің арасында Азаттыққа «қайтыс болған туыстарының қарызын өтей алмай жүргенін» айтқан адамдар да бар. Солардың бірі – Шолпан Садықова.

– Бауырымның атынан алынған несиені жаба алмай жүгіріп жүрмін. Бауырым өз-өзіне қол жұмсап, қайтыс болған. Өз-өзіне қол жұмсауы жұмыс болмай, несие төлей алмай қиналғаннан деп ойлаймын. Ол банктен несие алған. Қазір банк
Әр аймақтан жиналған 150-ге жуық борышкер министрлер үйіне бара жатыр. Астана, 1 қазан 2013 жыл.
Әр аймақтан жиналған 150-ге жуық борышкер министрлер үйіне бара жатыр. Астана, 1 қазан 2013 жыл.
оның қарызын бізден, туысқандарынан талап етіп отыр. Ал оны төлейтін отбасымыздың шамасы жетпейді. Банктен несиені кешіруді сұраймын, – дейді ол.

Аштық жариялаушылар Азаттық тілшісіне әзірше жағдайларының бір қалыпты екендіктерін, үкіметтен немесе банктерден қандай да бір жауап болмайынша аштықты тоқтатпайтындарын айтты.

«Халыққа баспанасын қалдырайық» ұйымының мүшелері – әртүрлі деңгейдегі ондаған банктен несие алғандар. Осыған дейін банктер арызданушылардың талап-тілектеріне қатысты «қарыздың кешірілмейтіні» туралы мәлімдеп келеді. Бұл сөзді Астанада борышкерлермен кездескен билеуші «Нұр Отан» партиясының өкілі де қайталаған болатын. Бірақ соған қарамастан әуелі жекелеген қалаларда шашыраңқы түрде басталған борышкерлердің наразылық акциялары соңғы жылы бір ұйымға біріккен қозғалыс ретінде жүйелі түрде Алматы мен Астана қалаларында жиі өте бастады.
XS
SM
MD
LG