Дүйсенбі, шілденің 25-і күні Алматыда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) бас мүфтиі Әбсаттар Дербісәлі баспасөз конференциясын өткізіп, ел мұсылмандарын алда келе жатқан рамазан айының басталуымен құттықтады.
Бас мүфти ораза айы қарсаңында өзі жасаған үндеудің «кәсіпкерлер тарапынан қолдау тауып жатқанын» хабарлап, биыл рамазан айында берілетін пітір-садақаның ауқымы базардағы 1 килограмм бидайдың бағасына тең екенін айтты.
«БІЗ ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНЫ ЕМЕСПІЗ»
– Таяуда Ақтөбе облысында болған оқиғаға мүфтилік қандай да бір баға бере ме: бұл саяси терроршылдық па, әлде халықтың әлеуметтік жағдайына байланысты туындаған әрекет пе? – деген Азаттық радиосы тілшісінің сауалына бас мүфти:
– Біз құқық қорғау органы емеспіз. Біз де өздеріңіз сияқты ақпарат құралдарынан ғана біліп отырмыз. Сондықтан құқық қорғау органдарына, мемлекеттің ресми ақпараттарына біз де сенеміз, – деп жауап берді.
«2001 жылғы АҚШ-тағы террорлық әрекеттен соң, қит еткенді исламға жаба беретіндер көбейді. Ислам ізгіліктің, адамгершіліктің діні, сондықтан
Егер біреу мұнай ұрлап, қиянат жасап жатса, ондайды құрықтауға мемлекетіміздің шамасы жетеді
кез-келген нәрсені дінмен байланыстыра берудің жөні жоқ. Егер біреу мұнай ұрлап, қиянат жасап жатса, ондайды құрықтауға мемлекетіміздің шамасы жетеді» дегенді айтты Әбсаттар Дербісәлі.
ҚМДБ бас мүфтиінің айтуынша, облыс имамдары әр бес жыл сайын, ал «жұмысы нашар болса» төрт жылдан кейін қайта сайланады не ауыстырылады. Бүгінге дейін он төрт облыстың ішінде он облыстың имамы ауысыпты. Ал Ақтөбе облысының имамы Шұбарши, Кеңкияқ ауылдарында болған қақтығыстардан бұрын ауысқан.
«ИМАМДАРДЫҢ БАЛА-ШАҒАСЫ ЖОҚ ПА?»
Әбсаттар Дербісәлі Қазақстанда діни сауаты жоғары имамдардың әлі де жетіспей жатқандығын айтты. «Әртүрлі теріс ағымдарға» жол бермес үшін алдағы уақытта республика мешіттерінде қазақстандық діни жоғары оқу орындарын бітірген имамдар жіберілетінін хабарлады. Мүфтидің сөзіне
Имамдардың айлық алмауы – бүгінгі ең үлкен мәселенің бірі
қарағанда, қазір бір университет, бір институт, тоғыз медресе осындай имамдар дайындаумен шұғылданады.
– Имамдардың айлық алмауы – бүгінгі ең үлкен мәселенің бірі. Біз зайырлы мемлекетпіз, дін мемлекеттен бөлек. Бірақ имамдардың бала-шағасы жоқ па? Оның баласы мектепке бармай ма? Имам садақа алса, бәріңіз шулап кетесіздер, – деді Әбсаттар Дербісәлі.
БАС МҮФТИДІҢ «УАҺҺАБ», «СОПЫ» ТУРАЛЫ ПІКІРІ
«Қазір жұма намазға келген кей жастарды «уаһһаб» деп, кейбір имамдар мешіттен шығарып жіберетін көрінеді – оның себебі не?» деген сауалға ҚМДБ бас мүфтиі:
– Біздің еліміздің өз дәстүрі, ұлттық құндылықтары бар, соны насихаттауымыз керек, – деді.
«Ал үстінен қылмыстық іс қозғалып жатқан, «сопылар» аталатын азаматтар жайында не айтасыз?» деген сұраққа:
– Ақпарат құралдарында жазылып жатқандардан өзгені білмеймін. Оны құқық қорғау органдарынан сұрау керек қой, – деп жауап берді Әбсаттар Дербісәлі.